QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихы»

Автор:QAA.kz

Авг 25, 2020

Биыл Ата заңымыздың 25 жылдық мерейтойы келе жатыр. 30 тамыз күні ел болып ҚР Конституциясының 25 жылдығын қарсы аламыз. Соның ішінде мемлекетті заманның мүмкіндіктері мен талаптарына түрлі ереже, заңнамалық жарғылар, құқықтық шешімдер арқылы реттеп отыратын Атазаңымыздың орны ерекше.

«Конституция» деген сөздің латыннан аудармасы «құрылғы», «жарғы», «заң» деген мағыналарды білдіреді.

Ата заңымыздың қалыптасу тарихы Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәукенің Жеті жарғысынан бастау алады. Сол заңдардың негізінде ақсүйек пен қарапайым жұртшылықты «теңдік» принципіне жүгіндерген Төрт би, төре заңы тұңғыш заңнама болып табылады.

Ал тұңғыш қазақ конституциясының жобасын әзірлеген – Барлыбек Сыртанов. Ол 1911 жылы «Қазақ елінің Уставы» деп аталған құжаттың жобасын әзірледі. «Қазақ елінің уставы» құжатының негізгі идеясы – дербес ұлттық егемен мемлекетті қалыптастыру.

Совет үкіметі тұсында Қазақстанда екі Конституция қабылданды. Біріншісі 1937 жылы 20 наурызда қабылданды. Бұл құжат бойынша Кеңес Одағының құрамында Қазақ ССР құрылды. Екіншісі қырық жылдық ғұмыры болған осы құжаттың орнын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған заманның Конституциясы басқан болатын. Міне, осы құжат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылып қабылданған, 1993 жылғы 28 қаңтардағы тұңғыш конституция қолданысқа енгенге дейін өмір сүрді.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданып, еліміздің егемендігін танытты. Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқық нормаларды: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, сот органдары – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылы Конституция негізіне Парламенттік республика моделі алынды.

Қазіргі Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық Реферундум негізінде қабылданып, 5 қыркүйекте өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Бұл конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында. Жаңа

Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Сонымен бірге мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізгі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың Конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап береді.

Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді.

Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану — ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы, бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі — Конституцияның құрметін арттыру.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы

Ф. Наят

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *