QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қазақстан Республикасының Конституциясы құқықтық мемлекеттің қайнар көзі

ByQAA.kz

Мау 22, 2020

Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік билiктiң қайнар көзi — өзiнiң егемендiк құқығын баянды еттi. Ата заң қабылданған күн демалыс — мемлекеттік мереке — ҚР Конституциясының күнi деп жарияланды.

Конституцияның ең жоғары заңдық күшi бар және ол Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Мұның өзi Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларынан үстем екендiгiн көрсетедi.

Ата заңда құқықтық мемлекеттiң қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның iшiнде жеке адамның жан-жақты еркiндiгi, идеологиялық және саяси әр алуандығы халық билiгiн жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуi әлемдiк талаптарға сәйкестендiрiлген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейiмделiп тұжырымдалған.

Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық заң салаларының негiзi болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшiн басты қағида болып есептеледi.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесiнен жоғары қойылуы Ата Заңның басты ұстанымы болып табылады. Ата Заңның мемлекеттік және қоғамдық органдардың өзге актiлерiне де, соның iшiнде басқа заңдарға да қатысты ең жоғары заңдық күшi бар. Мемлекеттік органдардың өзге актiлерi, барлық заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясы негiзiнде және соған сәйкес, сол белгiлеген рәсiм бойынша қабылданады. Мемлекет жасасатын халықаралық келiсiмдер мен шарттар да Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес болуға тиiс.

Конституцияның қағидаларына қайшы келетiн заңдар мен өзге актiлердiң заңдық күшi болмайды. Яғни кез келген демократиялық құқықтық мемлекеттiң ағымдағы заңдары құқықтың базалық көзi болып табылатын Конституцияға негiзделедi және оның рухына сай келуге тиiс. Конституцияның нормалары ағымдағы заңдармен ұштастырылуы мүмкiн.

Алайда, ағымдағы заңдар Конституцияның шеңберiнен шығып кетпеуге тиiс және конституциялық нұсқаулар мазмұнын өзгертпеуге тиiс. Кез келген құқықтық актiнiң Конституцияға сай келмеуi немесе оған қайшы келуi бұл құқықтық актiнi заңды күшiнен айырып, жарамсыз етедi. Бұл Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құрудың аса маңызды шарты

Ата заңымызда көрсетілгендей ең басты құндылық адам және оның құқықтары мен бостандықтары болып табылғандықтан заң адамға, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға неғұрлым жанасымды бола түсуі керек.

Егеменді елімізді күллі дүние танып үлгірді. Туымыз әлемнің талай жерінде желбіреп, әнұранымыз сан мәрте шырқалды.

Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді. Батырларымыздың ерлігіне бас иіп, тарихқа тағзым ету, ертеңгі болашақ үшін адал еңбек ету , ұлы Абай атамыз айтқандай «Дүниеге бір кірпіш болып қалану» біздің ең бір абыройлы міндеттеріміздің бірі.

Қызылорда қалалық

мамандандырылған

әкімшілік сотының

кеңсе меңгерушісі

Аблаева Айгүл Ауелбекқызы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған