Бүгінде қала халқының көпшілігі қоғамдық көліктердің қызметіне жүгініп, діттеген жеріне барып, келіп жүреді. Ал, қоғамдық көліктердің көрсетіліп жүрген қызметіне, олардың жай-күйіне қатысты мәселелер жетерлік. Осыған орай, қаламыздағы 11, 14, 17 бағыттағы жолаушылар көлігіне және ескі базардағы аялдаманың “Рембыттехника” ғимаратына қарай ауысуына байланысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, Қызылорда автобус паркі басшысы және жол сақшыларымен бірге рейд жүргізген болатын.
Қызылордадағы қайнаған тыныс-тіршілікті көліксіз елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда бұрынғы ескі газельдер азайып, олардың орнына үлкен сыйымдылықтағы көліктер саны артқан. Теміржол вокзалынан бастау алған рейдте ең алдымен қоғамдық көліктердің тазалығы, жол жүру билетінің уақытылы берілуі, және олардың техникалық жағдайына баса назар аударылды.
Күнделікті бірнеше бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайтын 17 бағыттағы тасымал көлігінің ішкі және сыртқы тазалығы қуанта қоймады. Себебі, ішкі қабырғасы шимайланып, сыртқы қабырғасы ұрылып, соғылған. Рейдке шыққандағы басты себеп, ескі базар маңындағы аялдаманың «Рембыттехника» ғимаратына қарай ауысуы. Біраз уақыттан бері автобустарға ескі базардан мініп, түсіп жүрген халық аялдаманың өзгертілуіне қарсылықтарын білдіруде. Бұл мәселеге қатысты тиісті сала мамандары былай деді:
— Әйтеке би, Тоқтыбаев көшелерінің қиылысында орналасқан бағдаршам нысандарына көлік құралдарының тоқтап қалып, кедергі келтіруіне байланысты осы жердегі автобус аялдамаларын өзгертіп, оны Әйтеке би көшесіне яғни «Рембыттехника» ғимаратының алдына көшіріп жатырмыз. Алдағы уақытта, осыған қатысты біраз жұмыстар жасалып, жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында жұмыстар атқарылатын болады, — дейді, әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Айбек Құлмағанбетов.
«Рембыттехника» ғимаратының алдына келгенімізде қоғамдық көліктер тұратын аялдамаларға жеңіл көліктердің де келіп тоқтайтынын байқадық. Сала мамандарының айтуынша, заң бойынша жеңіл көліктер автобус аялдамаларының жанынан 15 метр дейін және 15 метр кейін тұру керек екен. Заңды белшесінен басып жүрген тұрғындарға жол сақшылары тарапынан әкімшілік шаралар қолданылатын болады.
— Әйтеке би қиылысында орналасқан аялдаманы тұрғындардан келген ұсыныс және жол кептелісінің көп болуына байланысты өзгертіп жатырмыз. Бұл автобустардың емін-еркін жүруіне байланысты ауыстырылып жатыр. Өзгертілген автотұрақ қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшыларымен ақылдаса келе әзірге осы “Рембыттехникаға” көшіріп отырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселелер тағы да қаралып, өз шешімін табатын болады, — деді, қалалық автобус паркі пайдалану бөлімінің басшысы Сайлаухан Постанов.
Бұл аялдаманың өзгеруіне қарапайым халықтың біразы қарсы. Қалалық автобус паркі автокөлік пайдалану бөлімі басшысының айтуынша бұл ұсыныс тұрғындар тарапынан келіпті. Ал, сол аялдама маңына бара бергенімізде ұсыныс тастады деген халықты көрмедік. Себебі, олар “Рембыттехникаға” көшірілген аялдамаға қатысты «Ол біз үшін алыс орналасқан. Біз осы аялдамаға үйреніп қалдық» деген секілді шағымдарын жеткізіп жатты.
Сала мамандарымен және қала белсенділерімен бірге жүргізілген аялдамаға қатысты түйіткілді мәселенің шешімін алдағы уақытта көретін боламыз.
Т.КЕНЖЕБАЕВА