2021 ж. Сәуір 14

АЯҚ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ -ИНВЕСТОРЛАРҒА ТҰСАУ


Қалаға қарасты Қызылөзек ауылы бар. Оған 3 елді мекен тиесілі.
Қараөзек ауылы, Қараөзек бекеті, Айнакөл ауылы. Тұрғындары тыныш, тіршілік те бірқалыпты. Әр бағытта алға жылжу да бар. Ауыл әкімінің айтуынша, ауылдық округтің бюджетінің жылдық жоспары биылғы жыл басында 67 млн. 740 мың теңгеге жоспарланған екен. Алдағы уақытта бюджетті нақтылау барысында қосымша трансферттер бөлінеді деп күтілуде. 2021 жылға салық түсімі 5 млн 528 мың теңгеге жоспарланып отыр. Өткен жылға тиесілі және осы жылға жоспарланған әлеуметтік-экономикалық бағыттағы тындырымды тірліктерді білу мақсатында ауылдық округтің әкімімен тілдестік.

  • Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі
    қандай?
  • Ауыл тұрғындарының әлеуметтікэкономикалық даму деңгейі тұрақты. Қызылөзек ауылдық округіндегі тіршіліктің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу болып табылады.
  • Тұрғындар табысты неден табуда? Одан өзге қандай шаруашылық түрлерімен айналысуда?
  • Ауылдық округ тұрғындары табысының негізгі көздері бюджеттік сала, жеке кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтары болып табылады. Тұрғындар мал шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысады. Шағын кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі осы салаға бағытталған. Оның ішінде соңғы жылдары мүйізді ірі қара малы мен жылқы малын өсіруге көп мән беріліп келеді. Себебі, бұл өңір мал асырауға қолайлы, жайылымдық жерлерге бай. Бүгінде ауылдық округте 3714 бас МІҚ, 3600 бас қой-ешкі, 762 бас жылқы, 500 бас түйе малы тіркелген. Сондай-ақ, Айнакөл ауылында көкөніс-бақша, әсіресе картоп өнімін егу қолға алынған. Жыл сайын төрт жүз гектардан аса жерлерге ауылшаруашылық дақылдары егіліп келеді. Дегенмен, соңғы жылдары Сыр­дария өзенінде су деңгейінің төмен болуына байланысты егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік болмауда. Сол себепті біртіндеп озық технологияларды егін шаруашылығына пайдалану, дақылдар түрін әртараптандыру шаралары қолға алынуда. Осы мақсатта өткен жылы бір қожалық иелігіндегі жерінің 25 гектарын тегістеп суармалы жерге айналдырып, үстіміздегі жылы мал азықтық жоңышқа өсіруге дайынауда.
    Сол сияқты, «Үміт» шаруа қожалығы тамшылатып суару жүйесін меңгеріп, қажетті құрылғыларын жалға сатып алып, соңғы 4-5 жыл көлемінде 10-15 гектар жерге ылғал үнемдеудің бірден-бір тәсілі – тамшылатып суару әдісімен картоп дақылын өсіріп келеді. Соңғы уақытта өңірде пайда болған жаңа кәсіптің түрі – балық шаруашылығы болып отыр. Айнакөл ауылындағы «Жаманкөл» көлі басқа көлдермен салыстырғанда тереңдеу, соған сәйкес балық қоры да мол болып саналады. Қазіргі уақытта заңдылыққа сәйкес, жеке кәсіпкерге ұзақ мерзімді жалға берілген. Ауыл балықшылары кәсіпкерге жалданып балық аулайды. Тағы бір кәсіпкер Қызылорда қаласындағы «Сыбаға» базарында арнайы орын алып қала тұрғындарын сапалы балықпен қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек, сауда-саттық және тұрғындарға әр түрлі қызмет түрлерін көрсетумен айналысатын кәсіпкерлік 50-ден аса жеке кәсіпкерлер жұмыс жасайды.
  • Жалпы, ауылда бұрынғы кәсіпорындарды қайта жаңғыртуға
    немесе қайтадан осы ізбен тірлік атқаруға не кедергі?
  • Ауылдық округтің аумағы дария деңгейінен биік орналасуына байланысты орын алып отырған аяқ су тапшылығы – ауылға инвесторлардың қызығушылығын тудырмай отыр. Инвестор тарту арқылы тоқтап тұрған ет цехын іске қосу мақсатында жұмыстар қолға алынып, 2017 жылы «Ақмар и К» ЖШС Қараөзек ауылындағы мал сою алаңын іске қосқан болатын. 2019 жылы алаңнан консервіленген ет өнімдерін шығаруды жоспарлап, дегенмен қаржы мәселесіне байланысты жұмысы уақытша тоқтап тұр.
  • Ірі кәсіпорын болмаса да, қолдан келген тірлікті дөңгелетіп табыс табуға болатын да мүмкіндіктер бар. Ауылда бұған қаншалықты көңіл бөлінуде? Мәселен, қандай шаруа түрлері таралған?
  • Шағын кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау арқылы тұрғындардың қолдан келген тірлігін дөңгелетіп табыс табуына мүмкіндік жасалуда. Бұған мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылуы оң әсерін тигізіп отыр. Бүгінде ауылдық округте 130-дан
    астам шағын кәсіпкерлік нысандары жұмыс жасауда. Оның ішінде 1 ЖШС тігін тігумен, 3 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері егін шаруашылығымен, 36 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, 89 дара кәсіпкерлер – сауда-саттық, тасымал, мал бордақылау, асхана, монша, шаштараз секілді қызмет көрсету және басқа да әртүрлі қызмет түрлерімен айналысып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын оннан аса азаматтарымыз жеңілдетілген несие алып өз кәсіптерін бастауда. Өткен 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 31 млн 900 мың теңгені құрайтын 9 жоба, сол сияқты, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 28 млн теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылса, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, 2 млн 422 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болып, өздерінің кәсіптерін бастады.
  • Қызылөзек – ауылдық округтердің арасында қалаға шалғай
    орналасқаны деуге негіз бар. Халқынан да қайсыбір белсенділікті байқамайсын. Тып-тыныш ауылдың көрінісін ғана бейнелейді. Неліктен?
  • Мұның себебі ауылдық округтегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығында деп есептеймін. Осы тұрғыда ауылдық округте 6 үкіметтік емес ұйым қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Олардың ішінде ардагерлер кеңесі, ауылдық округтің жергілікті Қоғамдастық жиыны, Қоғамдық келісім кеңесі, Әйелдер кеңесі, «Қызылөзек жастары» Жастар қоғамдық бірлестігі және кәсіпқой емес медиаторлар тобы бар. Бұл ұйымдар тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының артуына, жастардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына, халықтың тұрмыстық жағдайына, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғалуына, түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын арттыруға, азаматтар арасында тұрмыстық немесе өзге
    де мәселелер бойынша туындайтын кішігірім дау- дамайлардың шешілуіне зор ықпал етеді.
  • Бұл ауыл халқында коммуналдық саладан басқа өзекті мәселелер жоқ дегенді білдіреді ме?
  • Жалпы ауылдық округтегі әлеуметтік сала нысандары салыстырмалы түрде жаңа деп есептеуге болады. Қараөзек ауылындағы 370 орындық №39 орта мектеп 1996 жылы, Қараөзек
    бекетіндегі 100 орындық №128 негізгі мектеп 2005 жылы, Айнакөлауылындағы 100 орындық №175 мектеп 2003 жылы типтік жобада салынған. Айнакөл және Қараөзек стансасындағы медициналық бекеттер 2011 жылы салынған болса, Қараөзек ауылындағы мемлекеттікжекеменшік әріптестік аясындағы дәрігерлік амбулатория 2020 жылы пайдалануға берілді. 150 орындық ауылдық клуб ғимараты 1959 жылдары салынғанымен 2011 жылы күрделі жөндеуден өткізілген, ғимарат толыққанды жұмыс жасап тұр. Дегенмен, №128 және №175 мектептер құрылысы барысында спортзал қаралмаған болатын. Соған сәй­кес, өткен жылдары 2 ғимаратқа спортзал құрылысын салуға жобалау құжаттары әзірленіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы
    тиісті қаражат бөлінеді деп күтілуде.
  • Қызылөзекте өзге қандай өзекті мәселелер бар?
  • Ауылдық округке қарасты 3 елді мекендерді табиғи газбен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Елді мекендерді ілеспе газбен қамту мақсатында зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті есептемелері әзірленіп, облыстық энергетика басқармасына жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптама қорытындысын
    алуға қажетті 72 млн 552 мың теңге қаражат бөлу жөнінде бюджеттік өтінім берілді. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары үлкен қаражатты қажет ететіндіктен, бюджет қаражатының мүмкіндіктеріне қарай алдағы уақытта тиісті қаражат бөлінеді деп күтілуде.
  • Ауылға тиесілі кірістің көзі неден құралуда?
  • Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының» 98-қадамына сәйкес, халық саны 2000-нан астам кент және ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу тапсырмасы бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қызылөзек ауылдық округінің дербес бюджеті қалыптастырылды. Үстіміздегі жылы ауылдық округтің бюджеті 67 740 мың теңгені құраса, салық түсімінің жылдық жоспары 5 528 мың теңгеге жоспарланды. Ауылдық округ әкімі аппаратына тиесілі кірістің көзі – жергілікті салық түсімдерінен және ауыл әкімінің иелігіндегі меншікті жалға беруден түсетін кірістерден, сыртқы жар­наманы орналастырғаны үшін төлем­ақылардан, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұлдардан, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдарынан қолма қол бақылау шоттарына түсімдер түсіру арқылы құралады.
  • Ауылды дамыту бағытында тұрғындардың пікірлері қаншалықты ескеріледі?
  • Әрине, міндетті түрде ескеріледі. Ауыл тұрғындарының қажеттіліктері бірінші кезекте ескеріліп, жоба әзірленеді. Әлеуметтік нысандардың құрылысы, коммуналдық мәселелер, жол, сумен қамту, электр желілеріне қатысты мәселелер болсын тұрғындарының пікір-өтініштері қамтылып, ауылды дамытудың бағдарламасында барлық игіліктер тұрғындар үшін барынша қолжетімді болуы қарастырылады.
  • Биылғы жоспарда ауыл халқының қандай ұсыныс-пікірлері
    назарға алынды?
  • Жоғарыда атап өткендей, биылғы жоспарымыз да тұрғындардың ұсыныс-пікірлері негізінде құрылған. Ауылдық округте өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырып келе жатқан «Қызылөзек ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиыны» 2014 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ауыл әкімі аппараты мен тұрғындардың арасын жалғайтын көпір ретінде жұмыс атқаратын жиынның отырыстарында инфрақұрылымды дамыту, көркейту-көгалдандыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, кеңес жұмысын ұйымдастыру, ауыл әкімінің тоқсандық, жылдық атқарған жұмысының қорытындысын талқылау, әлеуметтік сала басшыларының есептерін тыңдау сияқты мәселелермен қатар, алдағы жылда ауылдық округте атқарылатын жұмыстардың жоспары қаралып, бекітіледі. Ауыл халқының ұсыныс-пікірлері негізінде биылғы жоспарға 2 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату, 4 көшеге орташа жөндеу, автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жүргізу, аяқ су айдайтын СНП-500/10 сорғы қондырғысын алуға бюджеттен қаражат сұрау, сол сияқты, бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы ауыл сыртындағы жеміс бағын күтімге алу сияқты мәселелер енгізілді.

БІЛІМ САЛАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Ауылық округтегі №39 орта мектепте және №128, №175 негізгі мектептерде 695 оқушы білім алады. Ұстаздар қауымының жемісті еңбегінің нәтижесінде өткен жылы мектеп бітіруші 5 түлек «алтын белгіге» ие болса, 14 бітіруші мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орындарына түскен.


МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА СЕРПІН БАР
Ауылда 150 орындық бір клуб үйі, 1 кітапхана жұмыс істейді. Кітапханада кітап қоры 13121 дана, 605 оқырманы бар, интернет желісіне қосылған. Ауылдық клубта 12 штаттық бірлік қызметкерлер, 8 үйірме жұмыс жасайды. Өткен жылы жергілікті мәдени шараларды қолдауға 668 мың теңге бөлініп, жоспарланған 66 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, ақылы қызмет арқылы 4 іс-шара өткізіліп, 589 мың теңге қаражат түсті. 2020 жылы Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Қараөзек ауылынан батырдың ұрпақтарының демеушілігімен ескерткіш-белгі қойылды.


КӘСІПКЕРЛІК БЕЛЕҢ АЛУДА
Тіркелген кәсіпкерлік нысанда 130-ға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 6,6 %-ға өсті. Барлығы 59 млн 900 мың теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылған Оның ішінде: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 9 жобаға – 31 млн 900 мың теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2 жобаға – 28 млн теңге несие берілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 азамат қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, 2 млн 422 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың қоғамдық рейтінгісіне сәйкес, жыл қорытындысымен
Қызылөзек ауыл әкімі – «Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында өсу динамикасына қол жеткізгені үшін»- деген арнайы марапатқа 2 жыл қатарынан ие болды. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға ауыл тұрғындарын тарту арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты ықпал жасау мақсатында кәсіпкерлік саласы мамандарының, қаржы ұйымдарының қатысуымен ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауыл тұрғындарымен жеңілдетілген несие алуға 5 жоба әзірленіп, ұсынылған. Сол сияқты, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін қайтарымсыз грант алу мақсатында қысқа мерзімді кәсіби оқу курсына тіркелуге өтініш білдірушілер саны артуда.


АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМУДА
Ауылдық округте 36 шаруа қожалығы мен 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс жасап келеді. Ауылдық округтің мал шаруашылығы тұрақты дамып, малбасының сақталуы қамтамасыз етілді. Жыл көлемінде төрт түлік мал саны 8576 басқа жеткізіліп, 1800 бас малдар бірдейлендіріліп компьютерлік деректер базасына түсірілген. Барлығы 467 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, олардан 6 049 тонна өнім алынды. (картоп-140 га, көкөніс-167 га, бақша дақылдары-160 га). 2015 жылдан бері «тамшылатып суару» технологиясын пайдаланып келе жатқан «Үміт» шаруа қожалығы 2020 жылы 8 га жерге тамшылату арқылы картоп дақылын өсірді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Аягөз» шаруа қожалығы 70 бас мүйізді ірі қара малына 3 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 9 шаруашылыққа мемлекет тарапынан 4 млн 644 мың теңге субсидия төленген.

ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен қаралған 79 млн 533 мың теңге қаражатқа ұзындығы 4 шақырым болатын Қараөзек бекеті-1 және Ж.Жабаев көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаның талабы бойынша, бұл жұмыстарға ауылдың 25 азаматтары жұмыспен қамтылған. Жергілікті бюджеттен қаралған 37 млн 074 мың теңге қаражатқа Қараөзек елді мекеніндегі Е.Дәуітбаев және С.Сейфуллин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Сол сияқты, 2 млн 500 мың теңге қаражатқа «Айнакөл» көшесіне жөндеу жүргізіліп,
малта тас төселген. Қараөзек ауылына кіре беріс жолдағы «Қожақ» көпірінде апаттық жағдай туындауына байланысты, қалалық бюджеттен 5 млн 211 мың теңге қаралып, көпірді күрделі жөндеу жұмысының жоба сметалық құжаттары әзірленген. «Айнакөл-2» және «Абылайхан» көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу сол сияқты, «Жаңарық», «Арғын» және «Қорқыт Ата» көшелелеріне орташа жол жөндеу жұмыстарына тиісті бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінуі күтілуде. Сонымен қатар, қаржы мүмкіндіктеріне қарай, Қызылөзек ауылдық округінің кіре берісінде орналасқан «Қожақ» автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта әзірленген жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сараптама қорытындысымен жоба құны нақтыланып, бюджеттен қаржы бөлу жөнінде ұсыныс берілетін болады.

КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛУДА
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бюджеттен қаралған 3 млн 802 мың теңгеге Ш.Ибраева және Айнакөл-2 көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылған. Жарықтандырылған көшелердің электр желілерін күтіп ұстауға және электр қуатының төлемдеріне 10 млн теңге қаражат қаралған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы
аясында Айнакөл және Ш.Ибраева көшесінің жалғасына түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстарына – 4,0 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

АУЫЗ СУ КЕЛДІ
Қараөзек стансасында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жаңадан 7,2 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Сонымен қатар, 2019 жылы құрылысы басталған «Ауыз су жинау қоймасының» құрылысы пайдалануға беріліп, бекеттегі ауыз су мәселесі толық шешімін тапты. Бұл жұмыстарға қалалық құрылыс бөлімі арқылы республикалық және
жергілікті бюджеттерден 320 млн 322 мың теңге қаражат жұмсалған. Ауылдық округті аяқ сумен қамту мақсатында ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан жаңа СНП-500/10 дизельдік насос қондырғысы бөлінуде.

ТАЗАЛЫҚҚА МӘН БЕРІЛУДЕ
Сенбіліктер ұйымдастырылып, көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары ұдайы жүргізілуде. “Мекенім – жасыл орманым” акциясы аясында мекемелердің аулалары мен саялы ағаштар бақтарына барлығы 1000 түп ағаш көшеттері отырғызылып, арықтары тазаланды. Кіре беріске жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекендердегі талдар, билбордтар, электр және жарық бағаналары әктеліп, сырлануда.


Дайындаған А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған