QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ

ByQAA.kz

Ақп 4, 2021
 Облыс орталығы Қызылорда қаласындағы 3-ші емханаға барып, вакцина салдырттым. Өз денсаулығым өзіме керек. Содан да осындай мүмкіндік жасалып тұрғанда неге пайдаланбасқа...

Ештеңесі де жоқ. Әзірге ұзақ кезек жоқ. Алдымен қан қысымы, жүрек соғысы, тағысын тағы тексеріп алды. Есесіне денсаулық жағдайын біліп алдым.
Содан соң келесі кабинетте вакцина салдырттық. Сезбей де қаласың…
Арада біршама уақыт өтті. Бәрі жақсы.

Біреуге өтірік, біреуге шын. Шындыққа көз жеткізгің келсе өтірік екенін дәлелде. Өтірік екеніне көзің жетіп тұрса шындық емес екенін дәлелде. Әйтпесе құр сөз, байбалам мықтының ісі емес. Әрнәрсеге күмән білдіріп, әркімге күдікпен қарап, әрдайым жаман ойлаудан бойды аулақ ұстаудың өзі әр адамның ой тазалығы, жан саулығы ,ең бастысы ауру сырқаудан азаттығы.

Сенімсіздік қайдан пайда болды?

   Бүгінде ковидке қарсы вакцинаны да, оны өз еркімен салушыларды да жақтырмайтындар жетерлік. Жек көру сезімдерін білдіріп, әралуан ғайбат әңгіме айтып жатқандардың көпшілігі жаны қиналғанда тегін дәрігерлік көмек ала алмаған, әртүрлі себептермен сапалы дәрігерлік қызметке қол жеткізе алмаған, бәрінен бұрын бұған дейін екпе салдырғаннан кейін денсаулығына сызат түскен жандар, немесе жақындары. Әсіресе екпе салдыртқаннан кейін ауру болып қалған балалар тағдырын айтсаңызшы. Жасыратыны жоқ, бір уақыттары осындай жағдайлар орын алды. Арзан вакцина себепкер деп сылтау айттық. Дәрігер, медбикенің жауапсыздығын да жылы жауып қойдық. Жалпы медицина саласындағы келеңсіздік уақыт өте алдымыздан шықты. Көп жұрт ковидтің қаншалықты қауіпті екенін біліп тұрғанымен, одан сақтану жолын түсініп тұрғанымен, бұрынғы вакциналардың кері әсерінен бойда қалған қорқынышын, ойда қалған үрейін жеңе алмай тұр.

Медицина саласы осы жолы аса жауапкершілік танытып, сапалы вакцинамен қатар қалтқысыз қызметі, халық денсаулығына деген шын жанашырлығы арқылы жұрт сенімін қайтаруы керек. Сенім жоғалған тұста оны қайта қайтару да оңай емес.

С.Бихожаева

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған