QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ НЕГЕ ДАМЫМАЙДЫ?

Автор:QAA.kz

Окт 8, 2021

Су мен арықты, дария мен көлді жатқа білетін, судың шаруасына бейжәй қарамайтын әрі шаруашылықтан да хабары бар, көпті көрген қалалық мәслихат депутаты Жорабек Ибрагимұлы төрт көзі түгел отырған сала басшыларына, әкімге, хатшыға өз ұсынысын, мәселесін жеткізді.

Сессияның күн тәртібіне сай, жоғарыда қаралған мәселелер депутаттар назарына ұсынылып, біраз зерттелген екен. «Қызылорда қаласында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен жақсарту шаралары туралы» біраз ақпар жинап, қалаға пайдалы жақтары қарастырылды. Қызылорда қаласы ауылдық елді мекендері бар, ауылшаруашылығы саласымен айналысатын еліміз бойынша бірден бір қала.

«Қаламыздағы ауыл шаруашылығы құрылымдары егін, мал шаруашылығы, бақша өсірумен тұрақты айналысып, ата кәсібімізді дамыту мен сақтауда елеулі еңбек етуде. Атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, қалада агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен жақсартуға қатысты назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер де бар.

Ауылшаруашылығы кәсіпорындарды аралау барысында көптеген түйіні шешілмеген мәселелер анықталды, ендігі біздің міндетіміз сол түйіні шешілмеген мәселелерді шешу жолдарын іздестіру, табу. Сессияға дайындық шарасы барысында жұмысшы комиссиясы бірқатар ауылшаруашылығы нысандарын аралап шықты, Абай Дәулет ЖШС көпсалалы аграрлы компаниясы мен «Мағжан және К» ЖШС компаниясының жергілікті азық-түлік өнімдерін шығарып отырған күріш цехы, жем өндіру, ас тұзы зауыттарының жайкүйімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардан қаланың ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудегі жетістіктерін көрдік. Сол сияқты агроөнеркәсіп саласы мамандарының ұсыныс пікірлерін жинақтау мақсатында Ыбырай Жақаев атындағы күріш ғылыми зерттеу институтының ғимаратында көшпелі талқылау отырысы өткізілді.

Талдау барысында ауыл шаруашылығы саласының мамандары ғылыммен байланыста жұмыс жасамайтындықтары соның нағыз айғағы Қызылорда қаласында бидайдан 7 центр өнім алуы, арпа дақылдарының оруға ілінбей қалуы, сол сияқты шаруашылықтарға дақылдарға субсидиялау қаражаттарының мақсатты жұмсалмауы мен мардымсыздығы, мал тұқымын асылдандыру бағытында бақылаудың нашарлығы, ауыл шаруашылығын әртараптандырудың әлі де аз дәрежесінде жүрілмей жатқандығы, өндірілетін өнімдерді сақтайтын, өткізетін логистикалық орталықтың жоқтығы, су тапшылығына байланысты тамшылатып суландыру әдісін өндіріске кеңінен енгізу мәселелері ортаға салынды. ҒЗИ мамандары келешек қала төңірегінде азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еу мақсатында бақша дақылдарының ерте пісетін түрлерін егу жөнінде ұтымды ұсыныстарын берді.

Қорыта келе Қызылорда қалалық маслихаты ауылшаруашылығы саласының жетістіктері мен өзекті мәселелерін жан-жақты зерделеп алдағы уақытта төмендегідей мәселелерге назар аударуды ұсынды.

— ауылшаруашылық бағытындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалармен жеңілдетілген несие беру барысында ауылдық жерлердегі кепілге қойылатын жылжитын және жылжымайтын мүліктердің кепілдік құнын бағалау жүйесін қайта қарау, субцидиялау көлемін арттыру, олардың мақсатты жұмсалуы бойынша жоғары тұрған органдармен жұмыстар жүргізу;

— ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ерте пісетін бақша дақылдарын (картоп, сарымсақ, жуа, сәбіз) егу жобасын қалалық деңгейде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу;

— қаладағы егін, бақша, мал шаруашылықтарының ғылыммен байланыста жұмыс жасауын назарда ұстап, ғылыми ілеспе жұмыстарының үлгілі нәтижелерін басқа да шаруашылықтарға насихаттау арқылы шаруашылықтардың қуаттылығын арттыру;

 — аймақтағы су тапшылығы мен табиғи қуаңшылыққа байланысты тамшылатып суландыру әдісін өндіріске кеңінен енгізу, елді мекендердегі егін, бау-бақша шаруашылықтары мен шабындықтарды суландыру бойынша арнайы талдау жүргізіп, оның ішінде Қызылжарма ауылдық округке қарасты «Башпай», «Қойтаң», «Қызылөзек» ауылдық округіндегі «Шегіртке» шабындықтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізу;

 — Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жол картасын әзірлеу, ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қалада жылыжай және құс шаруашылығы, жеміс-жидек өнімдерін өндіру, көкөніс, бақша өнімдерін өндіруге шаруашылықтарды бейімдеу бойынша кешенді бағдарлама қабылдап, нақты шаралар атқару; — халық көп шоғырланған мөлтек аудандардан жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өздері өндірген өнімін сататын арнайы сауда нүктелерін ашуға орын бөлу;

 — қалада арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылық (тұқым, көшет, тыңайтқыш, пестицид, гербицид, т.б.) дүкенін ашуға кәсіпкерлерге ұсыныстар беру, халық көп шоғырланған мөлтек аудандардан жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өздері өндірген өнімін сататын арнайы орындар ашу;

 — «Агроаймақ» ашу мәселесін қарастыру барысында агроаймақтың тұрақты аяқ сумен, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін ескеру;

 — «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп қалада әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлерінде бұрыштарды І-ші сортты ұн, нан, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, қант, өсімдік майы, сиыр еті, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабатпен қамтамасыз ету және 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік тауарларын арзан бағада болуын бақылауға алу;

— Балық шаруашылығын дамытуда су айдындарын жан-жақты зерттеу арқылы іске асыру. Сондай-ақ, өңірлерде азық-түлік тауарларын бөліп тарату желісін құру, мал-құсқа тікелей қатысты жергілікті ветеринарлардың жұмысын тиімді ұйымдастыру, жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту, егіс алқабы, мал жайылымдарына қатысты да нақты тапсырмалар берген болатын».

Осы мәселелерді баса айта отырып, қалалық мәслихат депутаты Жорабек Ибрагимұлы қаланың ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жол картасын әзірлеп, тиісті жұмыстарды жан-жақты зерттеп, ұтымды жұмыс жасауды қала әкімі Ғанибек Қазантаевқа ұсынды.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *