QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АУЫЛДЫҚТАР АЙТПАСА, КІМ АЙТАР?..

ByQAA.kz

Ақп 4, 2021

Қызылжарма ауылы әкімінің есебіне жиылғандардың дені
қариялар. Осы ауылда өніп өскендіктен, туған ауылдарындағы әр бастамаға батасын беріп, кемшіліктерін жасырып, жақсылығын асырып жүретін де осы кісілер. Жастардың көбі қала мен дала аралап кеткендіктен, қара шаңыраққа баскөз болып отырған қарттар туған жердің қадірін бір адамдай біледі. Ауылдағы әйдік мәдениет үйіне жиылғандар бір-бірімен сәлемдесіп, хал сұрасып жатты. Есеп беруге келген әкім әрқайсысымен жылы амандасып, хал сұрасты. Әкімдік қызметке келгеніне аз уақыт болса да, жиылғандарды жылы жүздерінен бір үйдің адамындай екені байқалады. Бұл өте дұрыс, себебі ауыл-үлкен бір шаңырақ емес пе. Қызылжарма ауылдық округінің қалаға қарастылығы жақсы жұмыстарға серпін беруде. Өткен 2020 жылғы атқарылған жұмыстарын Қызылжарма ауылдық округінің әкімімен жергілікті учаскелік полиция инспекторы халық
алдында баяндады. Жиынға қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов пен түрлі сала өкілдері қатысты.

Қызылжарманың төңірегі тыныш. Бұл жайлы жергілікті инспектор
Руслан Бақытбекұлы баяндады. Өткен жылы ауыл бойынша қажетті күш жұмылдырылып, ерікті жастардың басын біріктіріп тәртіп бағытындағы түрлі іс-шара өткізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы заңдық негізде полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жайлы айтқан болатын.


Өткен жылы ауылдық округ бойынша 4 мал ұрлығы тіркелген. Ал
келіп түскен арыз-шағымдар саны 258- ді құрап отыр. Әкімшілік құқық бұзғаны үшін ауылдың 160 азаматына заң аясында іс-шаралар көрінген. Ауылдың қазыналы қариялары жергілікті полиция инспекторын таниды. Қызылжармалықтар инспектордың жұмысына риза. Мәселен, өткен санымызда жария еткендей, Қызылжармада қаңғыған иттердің көптігін тілге тиек еткен болатынбыз. Осы орайда, ауылдағы қараусыз жүрген 270 қаңғыбас иттерді құзырлы мекемелер
көмегімен аулаған.


Ауылдағы жастар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін, мектепте
онлайн кездесулер өткізілген. Ерікті жастардың, мектеп оқушыларының басын біріктіріп түнгі уақытта рейд
жұмыстарын жүргізіп, тәртіп сақшыларының жұмыс күнімен таныстырған. Жоғарыда атап өткендей, ауылда тіркелген төрт мал ұрлығы бойынша ауыл ақсақалдары өз пікірлерін білдірді.

Бізге сол мал ұрлағандардың аты-жөнін айтсаңыз. Біздің ауылдың
адамы болса ескертейік. Бәлкім әкесі біздің қатарласымыз шығар.
Ол баласының немен айналысып жүргенін қалай білмеген?-деген
сынды үлкендер ұсынысы болды. Ал учаскелік инспектордың ісіне
халық оң баға берді. Халықтың айтуынша инспектор күн-түн демей
ауыл ішін жиі аралап, тиісті жұмыстарын тоқтатқан емес…
Қазіргі таңда қала әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ дүкендер мен халық көп шоғырланатын жердегі профилактикалық талаптарды тексеруде. Ал ауыл еріктілері өз туған жерлерін күл-қоқыстан тазартып, өзгені де туған ауылын құрметтеуге шақыруда.

Келесі болып қоғамдық кеңес алдында Қызылжарма ауылының әкімі Медет Сейілов баяндама жасады: Әлемді індет жайлаған қиын кезеңде ауыл тұрғындары және жергілікті қауымдастықпен біріге отырып, Мемлекет басшысының Жолдауда көзделген міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында қабылданған шаралар, мемлекеттік бағдарламалар аясында Қызылжармада бірқатар
жұмыстар жасалыпты. Қызылжарма ауылдық округінің
халық саны 8003-ті құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырған екі пайыздық өсімге ие. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 5178 адам болса, жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызды құрап отыр. Кей кездері пайыз деп түсіну қиынға соғатындай, осы ретте нақты қанша адамның жұмыссыз
екендігін айқындау керек. 2020 жылға ауылдық округ бойынша салықтық және салықтық емес (айыппұл) түсімдерінің жоспары 14 млн. 289,0 мың теңгеге бекітіліп, бүгінгі таңда 21 млн 987,8 мың теңгеге орындалып, 153,8 пайызды құрады.


• Коммуналдық сала бойынша

Ағымдағы жылы қалалық бюджеттен бөлінген қаржыға, округтегі 9
көшеге тас төсеу және Нысанбаев және Досхожин көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға қаржыға 11 көшеге
асфальт төселді. Бұл жобалар бойынша ауылдық
округтен 75 азамат жұмыспен қамтылды. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 7,2 млн. теңге қаржыға Абай және №35 көшеге тас төселді. Жалпы, ауылдық округ бойынша жыл басынан бері 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 12 көше асфальт, 9 көшеге тас төселді. Бұдан бөлек, қалалық құрылыс бөлімі арқылы «Шет аймақ» бағдарламасы аясында 77,7 млн теңгеге Қызылжарма – 2 тұрғын ауданындағы 15 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, көше жарықтандыру жұмыстары бойынша округтегі 8 көше жарықтандырылды. Бүгінгі таңда жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, толықтай пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, қалалық құрылыс бөлімі арқылы ауылдың жаңадан қоныстанған тұрғын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген 720,0 млн. теңге қаржыға жалпы ұзындығы 53,6 шақырым болатын ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС. Бүгінгі таңға жұмыстар 90
пайызға атқарылды. Ал, «Европа қайта құру және даму банкі» арқылы бөлінген қаржыға «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ мекемесімен (2019-2020 жылдары) ауылдық
округтегі 6,5 шақырым 10кВ әуе желісі ауыстырылып, 4 дана 10/0,4кВ қосалқы станциялар орнатылды және 4,4 шақырым 0,4кВ әуе желісі жаңартылды. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлерге 450 дана бір фазалы электр есептегіштер және 35 дана үш фазалы
электр есептегіштер орнатылды. «Тұрғын үй–коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011–2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында, ауылдық округтегі Р.Батырбаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге қайта жаңғырту (модернизация)
жұмыстары жүргізілді. Жоба құны: 98
млн теңге. Абаттандыру жұмыстары бойынша қалалық бюджеттен бөлінген 3,5 млн. теңгеге ауыл орталығынан «Ауыл тарихы» ескерткіш тақтасы орнатылды.
Өткен есепті кездесуде көтерілген мәселелердің бірі, ауылдық округтегі «Хозцентр» каналына тазалау және шлюз орнату жұмыстары бойынша, қалалық тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы жоба – сметалық құжаттары әзірленіп, қалалық бюджеттен 15,4 млн. теңге
қаралып, канал ішін тазалау және шлюз орнату жұмыстары жүргізілді.


• Кәсіпкерлік сала бойынша
Округ бойынша жыл басында 245 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, ағымдағы жылдың 1 қазанына 304 бірлікті құрады. Яғни, жаңадан 59 кәсіпкерлік субьектісі ашылып, 106 адам жұмыспен қамтылды.
Жыл басынан бері 36 адам кәсіптік оқуға тартылды.
Анықтама үшін: «Даму»-10 адам, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер
палатасы арқылы «Бастау кеңесші»10адам, «Бастау бизнес» жобасы
арқылы -16 адам. «Нәтижелі жұмыспен қамту
және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы
5 млн. теңгеге 1 жоба қаржыландырылды. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 221,1 млн. теңгені құрайтын 27 жоба қолдау тауып, бүгінде көзделген қаражаттарын алды.
Нәтижесінде округте мүйізді ірі қараның басы 2260-ы құрап, өткен
жылмен салыстырғанда 388 басқа артты.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 25,4 млн.
теңгені құрайтын 46 жоба бойынша ауыл тұрғындары қайтарымсыз гранттар алып, нәтижесінде кәсіпкерлер ет, сүт, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру бағытында жұмыс жасауда.
• Әлеуметтік сала бойынша
Есепті мерзімде ауылдағы тұрмыс деңгейі аз қамтылған 527 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жалпы соммасы 107,9 млн. теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері қайырымдылық, қамқорлық акциялары аясында, рамазан айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы 100 отбасыға
азық–түлік таратылса, «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы барысында тұрмысы төмен 10 отбасыға және ауыл кәсіпкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен 200-ге
жуық отбасыға азық–түліктей көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандары бар 100 отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай көмек беріліп («Алдажар Жәме» мешітінің құрылтайшылары
тарапынан), барлығы 9,7 млн. теңге көлемінде қолдау шаралары ұйымдастырылды.


• Қоғамдық тәртіп бойынша
Ауылдық округте қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылық басты назарға алынған. Бүгінгі таңда, ауылдық округте
орналасқан ҚР Ұлттық ұлан №5547 әскери бөлімімен бірлесіп, күнделікті рейд шаралары ұйымдастырылады. Қазіргі таңда Қызылжарма 1 және 2 деп бөлініп, ауыл аумағы кеңеюде. Осы
орайда шет аймақта тұратын тұрғындар өз көшелеріне (Махамбетов көшесі) жол салып, тротуар төсеуді ұсынды.
Ауыл тұрғыны Жайсанбаев Мұраттың айтуынша, Қызылжармаға
кірер көшеде 40 деген жол белгісі орнатылған. Алайда, оған қарап
жатқан жүргізушілер жоқ. Ауылға кірген көлік те, шыққан көлік те ызғып өтетін көрінеді. Сондықтан, осы бір маңызды көшеге бейнебақылау камерасын қойсақ деген ұсыныс түсті.
Бұл мәселенің талқыланғанына біраз болған көрінеді. Ауыл әкімі өзінен жоғары органдарға ауылдағы маңызды көшелерге бейнебақылау камерасын қою жөнінде ұсыныс жолдаған. Ол әлі
мақұлданбаған секілді. Ең болмағанда «лежачий полицейский» қоюға да болар еді. Алайда, заң бойынша аталған жол
қауіпсіздік құралы тек мектеп секілді ғимараттардың алдына қойылады екен. Алайда, ауыл әкімі бұл мәселенің
де қараусыз қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Жайсанбаев Мұраттың тарапынан Алимов көшесіне асфальт салу ұсынысын жеткізді. Ауылдағы мектеп пен медбекетке баратын жол өмірінде асфальт көрмесе керек. Жаңбырлы күндері мектеп пен медбекеттің едендері батпақтан көз ашпайтын көрінеді. Сонымен қатар, ауылдағы спорт кешенін салып, бұқаралық спортқа
ден қоюды сұрады. Көше мәселесі бойынша жыл басында жөндеуді қажет ететін 59 көшенің ЖСҚ-рын қалалық әкімшілікке ұсынған. Оның ішінде, алғаш болып жөнделетін көшелердің қатарында
халық жиі айтып жүрген көшелер де бар. Ауылдың басты драйверінің бірі мал шаруашылығы. Осы орайда жергілікті кәсіпкер Нұртазаев Шәріпжан мал шаруашылығы жайлы ұсынысын жеткізді.

Қазіргі саясат мал басын көбейту. Осымен жетінші жыл
баламыз екеуміз мал шаруашылығы арқылы халыққа қызмет жасап отырмыз. Алдыңғы күндері мен жер бөліміне арыз жаздым. Бізге мал бағатын жер керек. Бастысы, жерлердің
біразы қазіргі күні құнарсыз. Малшылар азын-аулақ малын жаятын жер таппауда. Онымен қоса, су тапшылығы да қатты сезілуде,-деді.

Қызылжармадағы су арнасы республикалық баланстағы канал болған. Аймақ басшысы бұл каналды облыс қарамағына өткізген. Сондықтан, алдағы уақытта су арнасын тазартып, қоқыстарынан арылту қажет. Алдағы уақытта аталған мәселе бойынша
жұмыс жасалмақ көрінеді. Су тапшылығына байланысты егін
шаруашылығында да бірталай өзгерістер жасалуда. Қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлының айтуынша, суды көп қажет ететін бидайдың гектарынан 250 мың теңге пайда тапсақ, суды аз қажет ететін көкөністердің гектарынан 2 миллионнан
астам пайда табуға болады екен. Ал малға бөлінетін жер мәселесі
бойынша, мемлекет тарапынан мал бағушы, егін егуші кәсіпкер азаматтарды қолдау барысында ауылдық кәсіпкерлерге 100 жер бағдарламасы жүзеге аспақ. Алдағы уақытта ауылдардан 15-20 шақты жерді ауылдық кәсіпкерлерге беріп, қолдау жасалмақ.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары ауылды көгалдандыруға аса қатты назар аударса дейді. Дейтұрғанмен, әр тұрғын өз есіктерінің алдына 2-3 түп тал егіп, ертесіне сиыр жеп кеткен жағдай да болған. Ауыл әкімінің айтуынша, әр малдың падаға қосылуын қадағалау керек. Себебі, кей азаматтар падаға малын қоспай, өздері бөлек жайып жібереді екен. Бұл жағдайда, оларға
заң тарабынан ескертпе жасалуда. Десе де, ақшасынан қашып, малын падаға қоспағандықтан падашының да бөтен малда жұмысы болмайды емес пе?

Қазіргі таңда жолдың жоқтығынан мектепке баратын балалар
үш аяқ-киім ауыстырып киеді. Онымен қоса, транcформатордың
күші жетпегендіктен жарық жиі өшеді,-деді ауыл ақсақалы.
Бұл тұста шет аймақтағы жерлердің инфрақұрылымын жүргізуге
миллиард теңгеден астам қаражат керек екен. Бұл қаражатты
жергілікті бүйжет көтермегендіктен, ауыл әкімінің ұсынысымен
республикалық бүйжетке ұсынылыпты. Сондықтан, жоба мақұлданған жағдайда, сен тұр, мен атайын дейтін мердігерлер жұмысты істеуге дайын екенін жеткізді.
Ал жарықтың жиі өшуіне байланысты жаңадан трансформатордың қойылу керектігі ауыл әкімі тарапынан қала әкімінің орынбасарына ұсынылды. Бұл орайда жобалық құны 16 миллион теңгеге жетіп отыр. Алдағы уақытта ұсынылған пікірлер тікелей бақылауда болатындығы жеткізілді.


Ауыл тұрғындарының көкейкесті мәселесі көлік қатынасы. Қызылжармаға қатынайтын 21,1,14 секілді бағыттар
ауылдың шет аймақтарына бармайтын көрінеді. Қызылжармадан Шанхайға баратын, ауылдың өзінің шет көшелеріне баратын қоғамдық көлікті халық талап етті. Ағымдағы жылы қоғамдық бағыттың жаңа сызбасы қабылданған болатын.
Осы сызба бойынша алдағы уақытта қоғамдық көліктің бағыттары қайта қаралып, бекітілмек.
Әйтпесе, ауыл тұрғындары қоғамдық көлікке үлгермей кешігіп,
алыстан жаяу қатынап, ентігіп қалған сәттерін жасырмайды. Кешегі қарлы күндері мұзға тайып та құлаған көрінеді. Сондықтан, қазіргі қатынайтын қоғамдық көліктердің ауылдың шет көшелерін бір айналып өтуін сұрауда. Арасында жүкті әйел де, аяғы ауратын
қарттар да бар. Ауыл әкімі аталған мәселені ЖКХ мекемесімен бірлесе
шешетіндігін жеткізді.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған