QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Ауылдарға «жаз» келмек

ByQAA.kz

Ақп 10, 2021

Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс ІІІ сессиясында шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында атқарылмақ жұмыстар мақұлданды. Бұл тұста тұрғындар тарапынан келген, халық қалаулыларына жеткен өзекті мәселелер де талқыланды.

Келешекте атқарылатын жұмыстар қыруар. Биылғы жылдың өзінде, пандемияның белең алуына қарамастан жағымды жұмыстар көп болды.

Алдағы бесжылдықта басты мәселенің бірі халықты жұмыспен қамту болмақ. Осы орайда кезең-кезеңімен 1434 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Әлбетте, инвестжобалар арқылы құрылатын жұмыс орындарының есебінен. 2025 жылға дейін 11 инвестжоба қаралмақ. Кәсіпкерлікке қарқынды көмек беріп, әр азаматтың өз кәсібін ашып, үкіметке салық түсіргені дұрыс-ақ. Сондай-ақ, аталған жобалардың арасында инновациялық кәсіпке қатты көңіл бөлінбек. Осы тұрғыда олардың үлесін 14 пайыздан 14,9-ға жеткізу межеленіп отыр. Ал уақытша жұмыс санын 1620 дан 1755-ке жеткізбек.

Сонымен қатар, аймағымызға көмегі тиер 3 инвестжоба дайындалуда. Олардың екеуі көкөніс өндірімен айналысатын жылыжайлар болса, үшіншісі жылына 5000 тонна ет беретін комбинат құрылысы.

Тұрғын үй салу жұмыстары мен қаланы көгалдандыру мәселелері де қаралған. Осы тұрғыда жылына 4000 түптен кем емес тал отырғызып, қаланы көркейтпекпіз. Тал отырғызу мәселесі кешегі ауыл әкімдері есебінде де айтылып еді. Қалаға қарасты ауыл тұрғындары тал егуге құштарлығын жасырмады. Оны егіп қана қоймай, күтіп баптаудың өзі оңай шаруа емес. Десе де, ел ортақ, жер ортақ принципін ұстана отыра аймақты неге көгалдандырмасқа?

Біздегі ауылдық округтер мен Тасбөгет кентін қоса есептегенде қала аумағына 14 спорт алаңдарын салу жоспарда бар. Биылғы жылдың өзінде олардың саны едәуір ұлғайды.

Ал көгілдір отын мәселесі бойында ағымдағы жылы Ақсуат,Наурыз,Махамбетов елдімекендеріне газ кіргізілмек. Бұл уақытта қалаға қарасты 4 ауылға газ келіп тұр.

Қысқаша айтқанда өмір сүруге қолайлы аймақ бірте-бірте қалыптасуда. Осы тұрғыда қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаев шаһар тұрғындарының өтінішін жеткізді.

  • Қалада шошқа асырауға болмайды деген ережені күшейтсек. Себебі, жаз мезгілінде кей тұрғындар тіпті тереземізді аша алмаймыз дейді. Жағымсыз иіс  демалуға мұрша бермейді дейтін көрінеді.

Бұл тұрғыда қалалық мәслихат депутаты Ерназаров Қайрат:

  • Әр мал бағатын адамға ескертілу қажет. Бір малға неше шаршы метр жер қаралған? Олардың егесінің өзі үйімен, көршінің үйінен ара қашықтығы қандай болу керек? Осы мәселені нақты қолға алып, жергілікті басылымдарға хабарлап, халықты құлағдар еткен дұрыс,-деді.

Ал білім мәселесіне қатысты айтар болсақ, қалада жаңа мектептер саны артуда. Олардың ішінде жеке мектептер мен мемлекеттік білім ошақтары бар. Және, қаланың шет аумақтарының біразында мектеп жоқ. Аталған аумақтарда мектеп салу жоспарда бар. Қалалық мәслихат депутаты Талғат Телеубаев былай дейді:

  • Бізде екі ауысымдық мектептер бар. Немесе, белгіленген межеден әлдеқайда көп оқушы оқитын мектеп жетерлік. Олардың қатарында Абай атындағы мектеп те бар. Бір сыныпта көп оқушы оқиды. Сондықтан, алдағы уақытта салынатын мектептердегі орын санын арттыру қажет деп ойлаймын, -деп пікірін білдірді.

Аталған жұмыстардың атқарылмақ бір толқыны ғана. Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға 168,5 миллиард теңге бағытталмақ. Аталған қаражат кезең-кезеңімен бөлініп, жемісті жұмыстардың жасалуына сеп болмақ.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған