QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«АУЫЛҒА ҚАМҚОРЛЫҒЫҢЫЗҒА РИЗАМЫЗ!»

ByQAA.kz

Ақп 10, 2021

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жыл бойғы атқарған жұмыстарына орай ауыл тұрғындарының алдында есеп берді. Талапқа сәйкес онлайн өткен бұл есеп беру кездесуі әдеттегіден өзгеше форматта ұйымдастырылды. Әйткенмен, тұрғындар көкейдегі көп сауалдарын қала әкімінің тікелей өзіне қойып, тікелей жауап алды.
Қуантарлығы, өткен жыл эпидемиологиялық ахуалға қарамастан ауыз толтырып айтарлықтай іркімді істерімен, мардымды жобаларымен қорытындыланды. Сан салаға бағытталған жылдық жоспарлар да тиісінше жүзеге асып, бөлінген қыруар қаражат орнымен игерілді. Есеп беру кездесуінде осылай деген шаһар әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Ақсуат, Қызылөзек, Талсуат, Қарауылтөбе және Ақжарма ауылдарындағы тұрғындармен тілдесті.

Биыл тәуелсіздіктің 30-жылына қадам бастық. Еліміз егемендігін алып, еңсе тіктеп, шекарасын шегендеп, тәуелсіз мемлекет
болып танылғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде Қазақстанның экономикасы өркендеді. Тәуелсіздік жылдарында жасампаз еліміздің жаңа тарихы жазылып, мерей-мәртебеміз асқақтай түсті. Елімізбен қатар тамыры тереңге тартқан Қызылорда қаласы да қарыштап дамып келеді. Соңғы жылдары қаламыздың құрылыс саласында ғана емес, экономика, мәдениет, білім мен ғылым, жаңа заманауи технология бойынша даму динамикасындағы оң өзгерістерге куә болып келесіздер
, – деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.


Қарауылтөбе, Ақжарма ауылдық округтерінің тұрғындары тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлер:

Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны: Халық жылдан жылға көбейіп, қоныстанушылар саны артып келеді. Жалпы, қала басшысының арқасында инфрақұрылым бағытындағы
жұмыстардың игілігін көріп жатырмыз. Сол үшін алғыс айтамыз. Енді тікелей сұрағыма көшейін. Жеке қоныстанушылар электр бағандарын ретсіз тартуда. Стандартқа сәйкес етіп ауыстыру аса
қажет. Тағы айта кетерлігі, біздің ауылда электрик
маман жоқ. Осы мәселеге назар аударып, көмек қолын созсаңыз дейміз…

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Сұрағыңыз өте орынды. Қалада электр желілерін реттеуге, бағаналарды қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтырғы жылы ауылдық округтерде, кенттерде және шет аймақтарда осы бағыттағы жұмыстарға аса мән берілді. Көпшілігі Қызылжарма ауылдық округінде жасалды. Өткен жылы Қарауылтөбе ауылында электр желілерін тартуға бюджеттен 71 млн теңге қаражат бөлдік. Сіз көтерген ұсыныс бойынша қалалық электр торабына тапсырма беремін. Олар ауылға барып көріп, шешу бағытында жұмыс жасайды.

Қалалық электр тораптары бөлімінің басшысы: Биыл Ақжарма, Қарауылтөбе елді мекеніне жарық жеткізу жоспарда бар. Ақшасы қаралды. Электр желілерін қайта жаңғыруға жұмыс жоспары бар. Халықтың сұранысына сәйкес аталған жұмыс алдағы уақытта атқарылады.

Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Оразбек Дүйсеев: Біздің ауылымыз жылдан жылға жақсарып келеді. Газ да, су да бар. Былтырғы жылы Абай, Әбдіхалықов көшелері орташа жөндеуден өтті. Енді Желтоқсан көшесіне де жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс бар.


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Осы ұсыныстың тиянақты жүзеге асуын орынбасарыма тапсырамын. Олар ауылға
барып, мәселені жан-жақты зерттейді. Наурыз
айында облыстық, қалалық бюджетті нақтылау уақытында бұл мәселе де назарға алынады.


Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Сейілбек Абзалұлы: Қазіргі таңда жобалау сметалық құжаттары дайын. Оған 30 млн қаражат керек.


Ақжарма ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Қазымбеков: Құрметті, Нұрлыбек Машбекұлы! Сіздің
есебіңізді тындадық. Бір жыл көлемінде жасаған жұмысыңызға жоғары баға береміз. Қала көлемінде көптеген жұмыстар атқарылды. Ауыл
тұрғындары еңбегіңізді бағалайды. Оған дәлел ретінде, Ақжарма елді мекеніндегі сіздің басқаруыңызбен жүзеге асқан тыңдырымды істерді
атап өтуге болады. Мәселен, көптеген көшелерге арық жүргізіліп, жолдарға жаңадан асфальт салынды. Ауылға көңіл бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз. Алайда, округтегі ең үлкен Тоғай көшесіне жарықтандыруды ендігі жоспарда ұмыт қалдырмасаңыздар деймін. Екінші сұрағым, ауылымыздың шет аймағына ауыз су тартылса екен
деген бір ұсынысым бар.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Сіз атаған ұсыныстың республикалық бюджет есебінен жүзеге асуына басымдық
береміз. Аға, ауылдың тіршілігі айшықты болуына қатысты пікірлеріңіздің әрбірі орынды. Сол себепті, осы сала бойынша жауапты орынбасарым мен құрылыс бөлімінің басшысына тапсырамын.

Ақсуат, Қызылөзек, Талсуат ауылдық
округтердің тұрғындары тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлер:


Қызылөзек ауылының тұрғыны: Құрметті, Нұрлыбек Машбекұлы! Есепті кездесуді оқыған баяндамаңызды тыңдадық. Қалада
істеліп жатқан жұмыстарды білеміз. Ауылға көрсетіп жатқан қамқорлығыңызды бағалаймыз және зор алғысымызды жеткіземіз. Ауыл әкімінің есеп беруінде өзекті проблемаларды айтып, қанағаттанарлық жауап алдық. Кеше өзіңіз ауыл ақсақалдарымен, халқымен кездескен кезде де біраз мәселені шештік. Менде екі сұрақ бар. Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Айнакөл ауылының кіреберсін жарықтандыруға көмек берсеңіз. Қараөзек бекетінде де бірталай халық тұрады. Судың тапшылығынан хабардарсыз. Аяқ
су мәселесі реттелсе, есіктің алдына кедергісіз көкөніс егер едік…

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Былтыр Қараөзек ауылдық округінде көптеген жұмыстар жасалды. Біраз жолдар жөнделді. Ол үшін республикалық, облыстық, қалалық бюджеттен Қызылөзек ауылына қомақты қаржы аударылды. Бүгінде су қоймасы салынып, су жүйелері жаңадан тартылды. Бірнеше көше асфальттанды.
Аяқ суға байланысты сіз көтерген мәселе шешімін тапқан. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурстары жүріп жатыр. Жақын күндері бітеді. Айнакөлдің көше жарығына байланысты ауыл әкімі ұсыныстарын беріп, жобаларын өткізді. Қолдаймыз және жүзеге
асыруға жұмыс істейміз.

Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар: Қараөзек бекеті мен Айнакөл ауылына екі көшеге түнгі жарықтар орнатылған болатын. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 4 млн теңге қаржы қаралды. Енді Айнакөл ауылының кіреберсіне көше
жарығын орнатамыз. Қаражат қарастырылды.


Талсуат ауылдық округінің тұрғыны Балтабек Қуанышбаев: Біздің ауылдың тыныстіршілігі жақсы. Халқымыздың тұрмысы да көңіл қуантарлықтай. Инфрақұрылым жұмыс істеп тұр. Қолдауыңыздың
арқасында 3-4 көшеге асфальт жолдар салынып, бір көше күрделі жөндеуден өтті. Осыған халық риза болып, сізге алғысын жаудыруда. Ендігі кезекте жарығы жоқ көшелерге түнгі жарық қойылса деген ұсыныс бар.


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Өзіңіз айтқандай, өткен жылы ауылда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалды.
Бір ғана Талсуат ауылы үшін бөлінген қаржының көлемі аз емес. Сіздер бұрыннан көтеріп жүрген Абай көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Басқа да көшелер асфальтталып, қиыршлық тастар төселді. Жарық бағаналарын жүргізуді ауыл әкіміне тапсырамын. Есептемелердің барлығын алып келсін. Сауалыңыз орынбасарларға, тиісті бөлімдерге тапсырылды.


Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны: Есебіңізді тыңдап, қанағаттандық. Мемлекеттің қолдауымен Ақсуатта атқарылып жатқан
жұмыс көп. Оны барлығы мойындайды. Ауыл тұрғындарының көкейінде бір ғана сауал бар. Ол – ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету.


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Қалаға қарасты 7 ауылдық округ және 2 кент бар. Қазіргі таңда 5-і көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Қалған ауылдарға газ жүйесін жеткізу үшін тиісті жұмыстарды жасап жатырмыз. Оның ішінде Ақсуат үшін де жоба дайындалды. Министрлікке тиісті құжаттар тапсырылды. Бұл жұмыстар биыл басталады. Шешімін табады.

Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Рахымбек Бодықов: Ауыл тұрғындары атынан бүгінге дейін жасалған жұмыстарға алғыс білдіремін. Мектебімізді күрделі жөндеуден өткізіп, бірнеше көшелердің жөндеу жұмыстарынан өтуіне ықпал жасадыңыз. Сұрағым, біздің ауылдағы кеңейген көшелерде жарық мәселесі оң шешім тапса дейміз.


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Аға, Ақсуат ауылында бүгінге дейін
біраз жұмыстар жасалды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы мектеп мен бөбекжайбақшасы күрделі жөндеуден өтті. Жаңадан
мектеп, балабақша, мәдениет үйі мен амбулатория салынды. Осы жұмыстар әріқарай жалғасын табуы тиіс. Алдын ала есептемелер
бойынша 14 көшені жарықтандыру туралы ұсыныс келген болатын. Республикалық, облыстық бюджеттен қаржы сұрауға жұмыс жасаймыз. Осыны ауыл әкімі де бақылауға алады.


Талсуат ауылының тұрғыны Айжігіт Ерниязов: Қызылорда қаласына қарасты елді мекендерге жасаған жұмыстарыңыз қомақты. Біздің ауылда да тиісті жұмыстар жүзеге асты. Көшелер асфальттанды.
Алайда, жаңадан қоныстанған тұрғын ретінде кей көшелерді де негізге алсаңыздар дейміз.


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Қызылорда қаласының кіреберіс қақпаларын дұрыстадық. 4 қақпамыз да қайта жаңғыртудан өтіп, жарық бағаналары орнатылды. Көрнекі ақпарат құралдары да бар. Ауылдардың, шет аймақтың орталық және үлкен көшелері жөнделді, жарықтандырылды. Қаланың негізгі көшелері де қамтылды. Өткен жылы облыстық, қалалық бюджет жол құрылысын дамытуға бағытталды. 408 көше жөнделді. Биылғы жылы да осы бағыттағы тірлік атқарылады. Сондай-ақ, сіз көтерген мәселе тиісінше жүзеге асады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған