QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ АЙТАРЫ ҚАНДАЙ?..

Автор:QAA.kz

Ноя 5, 2020

Басылымның осыған дейінгі нөмірлерінде Қызылорда облысын, қаласын басқаратын әкімдер мен олардың орынбасарлары турасында біраз мағлұматтармен бөліскен болатынбыз. Кезек аудан әкімдеріне де келді. Олай болса, облысқа тиесілі 7 ауданның тыныс-тіршілігінің жандануына шама-шарқы келгенше үлес қосып жүрген әкімдер жайында жеткізелік. Олардың қатарында өздеріне тиесілі ауданды ұзақ уақыт басқарғаны да, лауазымдарын шахматша ауыстырғандары да бар. Содан да болар кіші әкімдер арасында жаңа есімдер көп емес.Алайда, қосылғаштың орны ауысқанмен қосындының мәні өзгермейтінін ескерсек, қалған нәтижені уақыт төрелігіне жүктедік.

ОРАЗБАЕВ Мұхтар Әуесұлы

Арал ауданының әкімі

Бір кездері қызмет сатысын механик болып бастаған жас маман кейін әкім боларын білді ме екен?… Батыстықтарға тән «қаттылық» себеп болуы да ықтимал. Түрлі акционерлік қоғамдарда жауапты жұмыстарды атқарған Мұхтар Оразбаев Аралдың абыройлы азаматтарының бірі ретінде танымал. 2000 жылдан бастап әкімдіктегі қызметке ден қойып, Арал ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі жетекші маманы, аудан әкімі аппараты мемлекеттікқұқықтық жұмыстар бөлімінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы, аудан әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Уақыт өте келе ерекше жауапкершілігімен жоғары билік назарына іліккен болуы керек, ол Арал ауданы әкімі аппаратының басшысы және аудан әкімінің орынбасары қызметін де атқарды. Бұл әкім осы ауданды бірнеше жыл қатарынан тұрақты түрде басқарып келеді.

Бүгінгі басшыға аралдықтар дән риза, бәлкім?! Аудан әкіміне қатысты ауыс-түйіс жайлы жел сөз жоқ. Сондай-ақ Мұхтар Әуесұлының өзі де қарамағындағыларды өзгерте беруге құмар емес. Әйткенмен, халыққа қызмет мерзіммен емес сапалы жұмыспен бағаланатыны тағы бар. Дегенмен, жақында әкім орынбасарынан бастап, ондағы ауылдық округтердің әкімдерінде кадрлық өзгерістер болды. Демек, жаңа басшылардың ықпал етуімен әр ауыл мен салалар жаңаша өрістеуі бек мүмкін…

ҚҰТТЫҚТАП ЖҮР

Әкімдердің халықпен кері байланысының бір түрі әралуан мереке кезінде де ел-жұртты ұмыт қалдырмай, ізгі тілектерімен халықты өзіне тартып отыруы. Кіші әкімдер арасында Арал ауданы әкімі осындай игі тілектерімен көзге түсті. Әсіресе, отбасы мерекесімен құттықтауы ерекше екен.

«Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Себебі, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды».

ШӘМЕНОВ Асылбек Өмірбекұлы

Жалағаш ауданының әкімі

Жалағаш ауданының тумасы Асылбек Өмірбекұлы өзі дүниеге келген елді мекеннің қыры мен сырын жетік біледі. Оны осында басшылыққа әкелгендегі ниет осыда болса керек, облыс әкімі жыл басында Жалағаш ауданының әкімі лауазымына лайық деп таныды.

Жыл көктемінен бері Асылбек Шәменов Жалағашты жаңалауға, шаруашылықтың ілгерілеуіне үлес қосуға тырысып-ақ келеді. Нәтиже бар. “Алтын күз-2020” қорытындысымен облыс көлемінде үздік аудандардың қатарынан табылды. Нақтырағы, «ауыл шаруашылық саласы бойынша үздік аудан» аталымын иеленіп, марапат төрінен көрінді. Ауылдағы хит болған алма жемісінің өзі дәлел болса керек.

Жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар да тек тұрғындар игілігі үшін беріліп ғана қоймай, аудан келбетінің айшықталуына сеп болары сөзсіз. Жақында Жалағашқа жолы түсіп, ондағы нысандарды аралаған облыс әкімі оң бағасын, үлкендер батасын бергені тағы бар. Жалағашқа тән жақсы жаңалықтарды саралай келе, әкімге де жақсы баға берілуі хақ.

МАҚТАНЫП ЖҮР

Туған жеріне әкім болып барған А.Шәменовтің әлеуметтік желідегі ФБ парақшасында мақтанса, мақтанатындай реті бар.

«Биыл Жалағаш ауданында 36 731 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 21600 га, жаздық бидай 507 га, мақсары 1757 га, жаңа жоңышқа 3715 га, ескі жоңышқа 6452 га, картоп 500 га, көкөнiс 1000 га, бақша 1 200 гектар. 2020 жылдың егісі үшін қажетті 5500 тонна күріш тұқымы дайындалып, уақытылы себілді.

Егілген 507 гектар бидай толық жиналып 306 тн өнім алынды. 1757 гектар мақсары толық жиналып 1493 тн өнім жиналды. 3715 гектар жаңа жоңышқа толық жиналып 4198 тн өнім алынды. 6452 гектар ескі жоңышқа орымы толық аяқталып,34776 тн өнім алынды».

РҮСТЕМОВ Руслан Рүстемұлы

Жаңақорған ауданының әкімі

Жаңақорған ауданын екі мәрте басқарған әкім — Руслан Рүстемұлы. Салмақты болмысымен жергілікті тұрғындардың сеніміне кірген ол ауданда жүзеге асып жатқан тірлікті күнделікті аралау арқылы бақылауға алған көрінеді. Әлеуметтік желіде әртүрлі жазбаларымен және белсенділігімен көзге түскен бұл әкімнің жалпы «әкімдіктердегі» кезекті қызметі.

Ол облыс, қала және аудан көлемінде бірнеше қызмет тағынан көрінген. Облыстық, қалалық әкімдіктерде де жауапты маман ретінде танылған. Жалпы мемлекеттiк қызметте жиған тәжірибесі септігін тигізсе керек, жергілікті билікте лауазымы жоғары әралуан қызметтерге тағайындалып келеді. Айталық, Руслан Рүстемұлы Қызылорда облысының мәдениет, тілдерді дамыту, ішкі саясат басқармаларында да абырой биігінен көріне білді. Сондай-ақ, Шиелі ауданында да тұрғындардың үдесінен шығу мақсатында күш-жүгерін салып, аппарат басшысы және әкім орынбасары да болды.

Тек аудан әкімінің орынбасары емес, осыған дейін облыс, қала әкімдерінің де сенімді сенері, нақтырағы орынбасары ретінде белгілі. Тағы айта кетерлігі Руслан Рүстемов Шиелі тұрғындары үшін ғана танымал емес. Жаңақорған және Сырдария аудандарын да басқарды. Жаңақорғандықтар «бауыр басып қалды ма екен?» бұрынғы лауазымына қайта оралды.

ОЯТЫП ЖҮР…

Жаңақорған ауданы әкімі Р.Рүстемов жергілікті жер билігінің басшылық тарихында екі-үш рет аудан әкімі болған, немесе бір ауданды бірнеше рет басқарған, аудан әкімдерінің алды да, соңы да емес. Өзіндік ерекшелігі араға бірқатар уақыт салып қайта оралғаннан кейін бұған дейін әкім болғандардың “үндемейтініне” үйренген халықпен кері байланыс орнатып, әлеуметтік желіде белсенділік танытуы.

«2020 жылы«Елдімекендердіабаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша Жаңақорған кентіне жалпы 348,6млн. теңге бөлініп, оған Хорасан Ата, З.Мұсаханов, Құрманғазы, Жаңауыл — Санатория көшелерінің бойына жаяу жүргіншілер жолы, орталық алаң, вокзалдың айналасын абаттандыру, кент орталығындағы бес шағын спорт алаңын жөндеуден өткізуге жұмсалды. Алайда осы Жаңақорған кентіндегі жасалып жатқан жұмыстарға менің көңілім толмайды. Бюджеттің қаншама қаржысыжұмсалып отыр, бірақ тұрғындардың назарын аударарлықтай жарқырап көзге көрініп тұрған жұмыс көрінбейді. Атқарылған жұмыстың кемшілігіне, сапасына сын көп.

«Сын шын болсын, шын сын болсын» деген бар, тұрғындардың талабына мен де қосыламын, өйткені жасалып жатқан жолдардың сапасы шындығында төмен.

Олай болмауы тиіс. «Әріптестер, ояныңыздар, жылдар бойғы ұйқының ауылы алыстап барады. Халықтың қазіргі талабы мен заманның ағымына сәйкес жұмыс жасау қажет. Қазір бірінші кезекте қаржы табу керек. Сол үшін де сіздерге дербес бюджет берді. Бюджетті толықтыру сіздердің негізгі міндеттеріңіз болып табылады. Ал, сіздер қосымша қаржы тартпақ түгілі, жоспарлы салықтардың есебінен шыға алмай жүрсіздер… Ертең әкімдер ел алдында есеп береді. Халықтан қорықпай, қалай бетіне қараймыз? Сонда не деп жауап береміз? Кәне, айтыңыздаршы!

Айтылған сынды дұрыс түсінгендеріңіз абзал! Бүгінгі заман талабы басқа».

ЕРГЕШБАЕВ Мұрат Нәлқожаұлы

Қазалы ауданының әкімі

Аудан әкімінің іскерлігінен бөлек, ел оның адамгершілік ұстанымдарын да жоғары бағалайды. Ол әкімдікке топ етіп түсе қалған да емес. Бұған дейін бірнеше бағытпен, әртүрлі саланы бағындырған білікті басшының жүріп өткен жолы да аз емес. Әлі де осы қызмет жолында түзу бағытпен, лауазымдағы міндетін мардымды орындауымен де көпшілікке сыйлы.

Акционерлік қоғам мен департаменттерде басшылық қызметте болып, облыстық, қалалық әкімдіктердегі өзіне жүктелген лауазымды қызметтерде де биігінен көріне білді. Кей жылдары Қызылорда қаласының ғана емес, ол Шиелі және Қармақшы аудандарының да әкімі болды. Мұрат Ергешбаевтың жинаған тәжірибесі Қазалы ауданының дамуына да ықпал болары айқын. Осы ретте аталған аудан әкімі лауазымына лайық деп тануы орынды десті көпшілік.

НАСИХАТТАП ЖҮР

Аудан әкімдерінің көпшілігі әлеуметтік желіде “әлсіз”. Дегенменен араларында анда-санда болса да ой бөлісіп, жұртпен жақындасатындары да бар. Қазалы ауданы әкімі М.Ергешбаевтың ФБ-дағы парақшасына зер салғанда оның кәсіпкерлік насихатшысы екені байқалады.

«Қала, кент және ауылдық округ әкімдерін қабылдап, атқарған жұмыстарымен таныстым. Кездесуде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, ауыл және мал шаруашылығындағы индикативтік жоспарлардың орындалуы қаралды. Кейбір ауылдарда тұрғындар бірде-бір мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алмаған. Стартап жобалар, қайтарымсыз гранттар да жоқ.

Әкімдер тұрғындарға жеңілдетілген несие алудың жолдарын жан-жақты түсіндіру керек. Мемлекеттің тарапынан қолдау бар. Мәселен қазір кәсіпкерлік палатасына жолықса, сол жердегі мамандар бизнес жоспар дайындау, құжаттар жинастыру жағына дейін көмектесіп, қаржыландыру көздерін көрсетіп береді».

ҚАЛДАРБЕКОВ Мұса Оспанұлы

Қармақшы ауданының әкімі

Мұса Оспанұлы мемлекеттік қызметтің қаншалықты жауапкершілікті талап ететінін біледі. Олай дейтініміз, қатардағы жұмысшы ретінде басталған еңбек жолы мен жұмысқа деген ықылас оны билік лауазымнан көрінуге ықтимал етті. Салық саласында әртүрлі қызметтерді атқара келе, Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары да болған.

Тараз шаһарындағы мемлекеттік кірістер департаментіндегі қызметінен соң, Қызылордадағы қармақшылық халықтың жағдайын реттеуге белсенділік танытса керек, осы аудан әкімі лауазымын иеленді.

Аталған елді мекеннің әкімі болғалы мұнда кәсіпкерлік саласы қарқын алды. Жеке кәсіп ашып, табыс табамын деп талаптанғандарға мүмкіндіктер қарастырды. Түрлі өнімдермен, қажеттіліктермен қамтамасыз етілген дүкендер саны да артты. Сондай-ақ, сұранысқа ие өнімдерді әзірлейтін өндіріс орындары да артып келеді. Тағы бір мысал, пандемия кезінде жұмысы тоқтаған мейрамхана иелерінің әріқарай табыс табуына да қолайлы жағдай жасалды. Нәтижесінде, облыс басшысы Қармақшыны үздік аудандардың қатарынан деп таныды.

ҮГІТТЕП ЖҮР..

М.Қалдарбеков ел тайқазаны – бюджетінің кіріс көзін қалай көбейтуді білетіні сөзсіз. Содан да кәсіптің, оның ішінде ұлттық қолөнердің үгітшісі болып жүр.

«Еңбек етем деген адамға мемлекет тарапынан қолдау әрқашан болып келеді. Оның жемісін көріп жүрген кәсіпкерлерде аз емес. Солардың бірі Жомарт Рахымжанов. Қармақшы ауылында Жомартты танимайтын адам кемде кем. Он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан келмейтіні жоқ. Ол халыққа ерекше сыйлықтар ұсынуды ойластырып, түрлі ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын, кәдесыйлар жасап бастайды. Осылайша халықтың сұранысын байқаған Жомарт қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойлайды. Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» оқу курсына қатысып, кәсіпкерлік әлеміне бағыт алған ол өз идеясын инновациялық грантқа ұсынды. Нәтижесінде грант иегері атанды. Қазіргі таңда кәсіпкер берілген қаражатқа осы кәдесыйлар жасап шығаруға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуда».

МҮБӘРАКОВ Қамбарбек Амангелдіұлы

Шиелі ауданының әкімі

Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Амангелдіұлының Шиелідегі қал-ахуалдың жандануына кіріскеніне де бірқатар уақыт болыпты. Әкім болып, халқына жақын болғалы ауданда бір кездері өзі жетекшілік еткен ауыл шаруашылығы саласының өрістеуіне «жанын» салған көрінеді. Көрсеткіш пен қарқын еккен егін түрлері жемісін берген сәтте байқалды.

Түптеп келгенде Қамбарбек Амангелдіұлына Шиелі ауданы алыс емес. Мұнда және Жаңақорған аудандарындағы салық комитеттерін басқарғаннан кейін облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары да болды.

Одан қалды бірнеше жыл қатарынан Шиелі ауданы әкімінің орынбасары лауазымын облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы болғанға дейін атқарды. Артынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жауапты басшысы да болды.

Қамбарбек Амангелдіұлы әр сала мамандарының кәсіби мерекелері қарсаңында ескерусіз қалдырмайтыны бар. Гүлі мен алғысқа толы хатын ұсынып, жылы лебізін жеткізуді әркез басты орынға қоятын көрінеді. Әкімдік қызметкерлерінің желідегі белсенділігі аудан басшысының жастарға, оларға тиесілі мәселелердің шешім табуына да біршама уақытын арнайтынын аңғаруға болады.

ЖОҚТАН ЖАҚСЫ

Қаладағы көкөніс базарларына әңгелектің әуелгі піскені Түркістаннан кейін Шиелі келеді. Облыс әкімінің осы өңірден көтерме сауда тарату орталығының бірін орналастырып жатқаны да тек емес. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтің әлеуметтік желідегі ФБ-парақшасында Шиелінің шырайын келтіріп тұрған жетістіктерімен мақтанатындығы байқалады. Өзі жазбаса да, өзгелердің жазбасын салып, өңір тұрғындарымен кері байланыс жасау аудан басшысының халықпен жақындасуының бір амалы болса керек. Жоқтан жақсы…

«Шиелі ауданында жыл басынан бері 120 тонна ақ күріш, 451 тонна көкөніс, 1855 тонна бақша дақылдары Ресей және Қырғызстанға экспортталды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтөбе және Жаңаөзен, Шымкент, Ақтөбе, Ақтауға 390 тонна ақ күріш, 430 тонна қарбыз, 1500 тонна қызанақ және 875 тонна жоңышқа шөбі сатылды».

ДҮЙСЕБАЕВ Талғат Тұрсынұлы

Сырдария ауданының әкімі

Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы сенім білдіріп, қызметіне сәттілік тілеген келесі әкім – Талғат Дүйсебаев.

Есепші-экономист және заңгерлік білімін жетілдірген ол қызмет сатысын басқа бағыттан бастаған. Жаңақорған ауданындағы спорт мектебінің дене шынықтырушысы ретінде балаларды шынықтырған соң, есепшілікке беттеген. Артынша әкімдіктегі қызметке аяқ басып, аудан әкімдігіндегі экономика және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша бас маманы болды. Есептен жанылмай, облыстық әкімдіктегі басқармаларға жетекшілік етті. Сала дамуына біршама үлесін қосты. Ел-жұрттың алғысын арқалап, еңбек жолын бастаған ол ауданға қайтадан оралды. Ол жолы жалағаштықтар Дүйсебаевты әкім деп күтіп алды. Сол уақыттағы әкімдік тәжірибені су жаңа басшы бүгінде Сырдария ауданында басшылық етуде..

«Өзіме жүктелген міндеттерді, оның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өркендеуі жолында жарқын бастамаларды жүзеге асырып, өздеріңізбен бірге жетістіктерге жетуге бірлесе жұмыс жасаймыз. Бұл ретте, аудан халқы қолдау білдіреді деген сенімдемін», — деп ауданға енді әкім болғанда Дүйсебаев өзіне жүктелген міндетпен бөлісіп, желідегі жеке парақшасы арқылы аудан жұртшылығының жылы лебізіне лайық болатынын жазған.

Келгелі кәсіптегі қарқынға басымдық беріп, жылға жоспарланған жұмыстың сапалы және уәденің уақытылы орындалуына болысып жүр. Егін мен мал шаруашылығындағы ілгерілеушілікке де күш жұмсап келеді. Ендігі нәтиже мен жоспардың орындалуын уақыт үдерінен аңғаруға болады.

ТАЗАРТЫП ЖҮР

Басқарма басқарып жүріп ойламаған жерден Сырдарияға әкім болып барған Талғат Дүйсебаев сырдариялықтарды туған жер тазалығын сақтауға шақырып жүр. Негізі біршама жыл қалада тұрғанда қала әкімі Н.Нәлібаевтың тазалығы өтіп кетсе керек. “Болмасаң да ұқсап бақ” деген.

«Санитарлық тазалыққа қатысты жыл сайын тазарту айлықтары жүргізіледі. Соның нәтижесінде көше бойы күлқоқыстан арылып, тұрғылықты жер тазарады. Оған аудандағы мемлекеттік мекеме мен бөлім қызметкерлері атсалысуда. Әрбір сенбіліктер сайын мекеме қызметкерлері бекітілген көше бойына тазарту жұмыстарын жүргізеді. Мұның тұрғылықты жердің тазалығын сақтап, таза ортада өмір сүруімізге септігін тигізуде.

Осы орайда, аудан тұрғындары тазалық тұрғысында жауапкершілікті сезінгені жөн. Өйткені, туған жердің таза, әрі тартымды болуы өзімізге тікелей байланысты. Оның үстіне жалпыхалықтық сенбіліктерге мекеме қызметкерлерінен бөлек тұрғындардың тұрғылықты жерді тазарту шараларына белсенді атсалысатыны байқалмайды. Сондай-ақ, қоғамдық ортаны таза ұстауда кәсіпкерлер де немқұрайлылық танытуда. Соның салдары өмір сүріп отырған ортамыздың ластануына әкеліп соқтыруда. Бұған жол бермей, аудан халқы санитарлық тазалыққа аса мән беруі қажет. Себебі, тазалық – баршаға ортақ».

Дайындаған А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *