QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«АУА СЫЙЛАҒАНДАРҒА» АЛҒЫС ШЕКСІЗ

ByQAA.kz

Там 6, 2020

Басшы қала кескінімен ғана арпалысып, алдына мәселесімен келген жұртшылығының базынасын тыңдаумен ғана шектелмеуі тиіс. Әр бағыттағы, тіпті әр тұрғынға тиесілі күрделі проблемаға да зер салуға міндетті. Құдды баласының мәселесін өзінікі деп қабылдап, оның шешім табуы жолында шып-пыр болған әкесіндей болса несі ерсі? Әсілінде, ол әкімге жүктелген басты талаптардың бірі. Сипат берілді, кейіпкер кім дейсіз бе?! Ол – індет белең алғанда өзі басшылық ететін қала халқының саулығы үшін қамданған Нұрлыбек Машбекұлы.

Қала төңірегінде эпидемиологиялық ахуал күрделі болған тұста емханаларға жасанды тыныс алу аппараттарының жеткіліксіздігі орын алғаны белгілі. Бұл біздің қалаға ғана емес, аймаққа тіпті елге тиесілі ауқымды мәселе болған еді. Алайда, әр науқастың амандығы үшін аянбаған ақ халатты абзал жандардан шаһар әкімі кенде қалмады. Ол кәсіпкерлермен тілдесіп, ұсыныс айтты. Нәтижесінде, бірнеше миллиондаған қаржының құрылғылары шет елдерден әкелінді. Жомарт жандардың қолғабыс болуымен жүзеге асқан бұл игі қадам әлі де жалғасуда.

Бұл жолы 39,7 млн. теңгені құрайтын 1 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 15 оттегі концентраторы қала төңірегіндегі 4 емханаға табысталды. Соның ішінде өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 2 оттегі концентраторы қалалық ауруханаға берілді. Бұл ауруханада провизорлық стационар жұмысын бастағалы бері 1400-ге жуық науқас емделіп шыққан. Қазіргі таңда медициналық нысанда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Көпбейінді қалалық ауруханың бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы:

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, қазіргі таңда ауруханаға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Науқастарды инфекциялық аурухананың провизорлық бөліміне ауыстырдық. Санитарлық нормалар орындалып, ауадағы инфекцияның бар жоғын анықтайтын барлық анализдер алынған соң, бұрынғыша жедел және жоспарлы қабылдауды бастаймыз. Науқастардың емі үшін қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіп жатқан қала әкімі мен кәсіпкерлерге алғыс білдіреміз. Аурухана алдында аппараттарды табыстау барысында әкім халық игілігі үшін қолданылатын, науқастардың еміне шипа беруде қолғабыс ететін құрылғыларға күтіммен қарауды да қоса жеткізді.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

– Қалаға қарасты 7 үлкен құрылыс компаниясы бірігіп, 30 млн теңге тұратын өкпені жасанды тыныстандыру аппаратын Германиядан алдырды. Жасыратыны жоқ, дағдарыс кезінде, одан қалды шектеулер күшейіп, індет жайлаған қазіргі уақытта кәсіпкерлердің де жағдайлары мәз емес. Соған қарамастан отбасыларының кірістерінен бөліп, қала халқы үшін көмек көрсетіп жатқан кәсіпкерлерге шексіз алғыс білдіреміз. Бұл кәсіпкерлеріміз бүгін ғана жұмылып, әрекет етіп жатқан жоқ. Бұған дейінгі қаланы абаттандыру, көркейту бағытындағы жұмыстарда да төбе көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларға әркез қолдау білдіріп келеді.

Қала кәсіпкерлерінің сеп болуымен алынған аппараттар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына да табысталды. Мұнда эпид ахуал басталғалы 920 науқас «КВИ» диагнозымен емделіп шықты.

Медициналық орталық қызметкерінің айтуынша, ауруханада 6 ИВЛ аппараты бар. 2 аппарат Түркия елінен гуманитарлық көмек ретінде келсе, 2 аппарат Қазалы және Шиелі аудандарынан сұраныс бойынша алынған. Кәсіпкерлер, жеке тұлғалардың, 2 жеке қайырымдылық және «Шұғыла» қорларының атынан 39 оттегі концентраторлары берілген. Бұл сан тағы 3 аппаратпен толықты. Кәсіпкерлердің атынан «Сәт-Сервис» ЖШС-і директорының орынбасары Нұрбек Сәдібеков аталмыш емхананың бас дәрігеріне табыстады.

«Сәт-Сервис» ЖШС-і директорының орынбасары Нұрбек Сәдібеков:

– Қала әкімі кәсіпкерлердің басын біріктіріп, тұрғындардың саулығы үшін тиісті құрылғыларды алу жөніндегі ұсыныстарын айтқан болатын. Айтылған ұсынысты назарға алып, демеушілік көрсету мақсатында Германиядан арнайы аппараттарды алдырдық. Құрылғыларды қаладағы бірқатар емханаларға табыстап келеміз. Лайым, адам ауырмасын. Алайда, қажет болған жағдайда кәдеге жарасын деген ниетпен табыстадық.

«Енді қандай мәселе бар?»

Бұл – Нұрлыбек Машбекұлының халықпен тілдескенде де, әлеуметтік нысандарды аралау барысында да ұмыт қалдырмайтын, кезекті мәселенің ендігі шешімін ойластыру үшін қоятын тұрақты сауалы. Емханаларды аралау барысындағы әкімнің бұл сауалына облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері 2 аппарат жөндеу жұмыстарын қажет ететінін жеткізді. Н.Нәлібаев оны да орындайтынын тілге тиек етті.

Әкім мен кәсіпкерлер табан тіреген келесі нысан – облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығы. Эпид ахуал басталғалы мұнда 137 науқас емделген. Соның ішінде COVID -19 анықтаған 68 жүкті әйелдің 52-і босанып шыққан.

Облыстық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімінде 4 ИВЛ аппараты бар. Демеушілер ана мен бала денсаулығында ешқандай кінәрат болмасын деп, 5 жаңа құрылғы табысталды.

Сондай-ақ, еліміздің ертеңгі болашағы балалардың денсаулықтары да ескерусіз қалмады. 16 ИВЛ аппараты, 10 оттегі концентраторы бар Тасбөгет кентіндегі көпбейінді облыстық балалар ауруханасы тағы 5 оттегі конценртраторымен толықты. Мұндағы провизорлық стационарда 57, инфекциялық стационарда 6 бала ем алуда. Мәселе жоқ емес. Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Кушерова:

– Біздің балалар ауруханасында 100 төсектік провизорлық бөлімше ашылды. Бұл жерде ковид белгілері бар деген күдікпен 57 науқас бала жатыр. Сондай-ақ, ковид диагнозымен оң нәтиже берген балаларға арналған бөлім ашылып, онда 6 бала емделуде. Кәсіпкерлер тапсырған аппараттар балалардың денсаулығы үшін қажет. Себепкер болған қала басшысына алғыс білдіреміз. Тағы айта кетерлігі, бізде жыл сайын тазалау жұмыстары жүргізіледі. Әртүрлі инфекциямен науқастар келетін болғандықтан, алдын алу және басқа жедел жағдайда келген балаларға жұқтырмас үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етуде. Әкім бұл ұсынысты да ескеріп, қолға алатынын жеткізді.

Науқасқа ауа сыйлауға мұрындық болған мекемелердің қатарында «Сәт-Сервис» ЖШС, «Бақ-Береке 2030» ЖШС, «Сапақ» ӨК, «Асанас-Дар» ЖШС, СК «МетПромМонтаж» ЖШС, «Нұр-Ай Ақжол» ЖШС, «Алтын Айдарлы» ЖШС-і бар. Нұрлыбек Нәлібаевтың сеп болуымен аппараттар тек қала төңірегіндегі ауруханаларға ғана емес, аудандарға да жеткізілген болатын. Көпшіліктің алғысы мен ілтипатына бөленген кәсіпкерлер тарапынан бүгінге дейін 56,2 млн. теңгеден аса қаржы жиналып, құрығылар алынды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған