QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«ҚАТІГЕЗДІК ВИРУСЫ» КОРОНОВИРУСТАН ДА ҚАУІПТІ

Автор:QAA.kz

Янв 24, 2021

Қазақ әдебиетінің ақсақалы, ұлы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың «Қатігездік вирусы» атты мақаласының
жария болғанына бір айдан асып барады. Өзім 08.01.2021 жылы фейсбук әлеуметтік желісінде былай деп жазғанмын: — Әбдіжәміл Нұрпейісов желтоқсан 2020 ж. «Қатыгездік вирусы» (Үзінді)
…Қазір елімізде екі Қазақстан бар, бірі — бар байлыққа ие байлардың
Қазақстаны, екіншісі кедейленген халықтың Қазақстаны. Байлар өздерін ертегідегі жерді мүйізімен көтеріп тұрған көк өгіздей сезінеді, олар өздерінің қарабеттер екенін сезінбейді. Бұрын қарабет атану қасырет еді, қазір бұған түкіргендері бар. Ерте
замандарда қарабет атанған адам елден безуге мәжбүр болар еді. Қазір, қарабеттердің жүректерінде ұялатындай
имандары жоқ.

Әбдіжәміл ағамыз ақырын күтейін, басшылардың жағасынан алмай-ақ қояйын, дұрысталар деген қариялық ұстанымда болған. Жастық қайратпен, арыстандай айбатпен Светқали Нұржан мұны Әбекеңнен 21 жыл бұрын 1999 жылы айтқан. «Екі Отан» (үзінді)
Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,
Сіздің отан – жармақ толған сейфте.
Біздің Отан – арман бүрген Жүректе,
Сіздің отан – жалған күлген кейіпте.
Батыр ақын болмаса, батырлыққа мін емес. Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес! (Өмірзақ Қожамұратов) Жастыққа да, қариялыққа да жарасып тұр.

Қайда? Қайда?!
«Қотанға түскен қасқырды, бір аттатпай
Тақымға бастыратыным қайда?! Күрескенде,
Іштен шалып, оң жамбасқа алып, Шалқалап
тұрып лақтыратыным қайда?! Сыздықтатпай,
тамшылатпай Тасты тесіп шаптыратыным
қайда?!» (Темірхан Медетбек)

Сыр елінің атқамінер азаматтары! Жақында ғана Қызылорда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға сайланған депутаттар.

Сіздер сайлауалды бағдарламаларыңызда, түрлі кездесулерде қоғам мүддесін қорғауда, жемқорлықпен күресуде аянбайтындарыңызға ел жұртты сендірген едіңіздер.

Қайраткерліктеріңді танытатын және шегінуге болмайтын сәт келді. Облыстағы Ардагерлер Ұйымдары қайда?
Үкіметтік емес Ұйымдар қайда?
ҚР Жазушылар Одағының филиалы қайда?
ҚР Журналистер Одағының филиалы қайда?
ҚР Суретшілер мен Композиторлар
Одақтарының филиалдары қайда?
Сіздер халықтың азып-тозып бара
жатқанына қарап үнсіз отыра бересіздер ме?


Аталған Одақтар мен Ұйымдардың басын біріктіріп дертті қоғамды сауықтыруды неге қолға алмайсыздар?
Ел-жұрттың барлығы Әбеңнің мақаласын оқи қойды дей алмаймын, сол үшін: Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақалдың мақаласы: — ***Соңғы 30 жыл өткенде ауыл жұртының бүгінгі сиқын көріп
түңілдім, жастарымыздың ұлт тамырынан айырылып бара жатқанына көңілім қалды. Енді не істеймізге жауап іздедім,
деп басталады.

***Қасым-Жомарт мырза Кемелұлы! Саған мемлекет басқару бағы бұйырды. Сенің «еститін Үкімет» құрамын дегенің
маған ұнады (мәдениет жөніндегі ұсынысымды да ұмытпа!). Мені
«Қазақстан Еңбек ері» деген атаққа лайықты депсің. Рахмет!. Бірақ, маған идеология мәселесіне көңіл бөлгенің, мен
үшін бәрінен де қымбат..Идеологияны қоғамның мәдениеті мен интелектуалдық қуатын жақсартуға бұрған дұрыс.
Нарық бақталастығынан көрі, бізге қажеттірегі басымызды біріктіретін, рухымызды жандандыратын мұраттар
(идеалдар). Мәдениет саласындағы маған берген уәдеңді ұмытып кетіпсің. Тәуір жігіт шығар деп ойлаған Мәулен Әшімбаевқа да айтқанмын, бірақ оны бюрократтығы жеңіп кеткен сияқты.
Алланың маған өлшеп берген уақыты межеге тақап қалды. Екеуіңе тағы да қайталап айтып отырмын. Министр Аида
Балаеваның бір бүйрегі мәдениетке бұрып тұрады дегенді естідім. Әй, қайдам?! Сондықтан, «Дат» газетi арқылы, еліміздің бетке ұстар азаматтарына арман-өсиетімді жеткізгім келеді.Ұлы
идеялар ғана адамдарды биікке көтеріп, қандай сынақтар мен қиындықтар болсын жеңуге күш-қуат береді. Мемлекеттік
қызметті жайлаған жемқорлық, ашкөздік, пайдакүнемдік, немқұрайлылық, сенімсіздік мықты мемлекет құруға
мүмкіндік бермейді.Барлық адамдарды қоғамдастыратын жол
таба білу керек. Онсыз саясат та, экономика да алға баспайды.
Құдайдан қорқу керек. «Құдайыңды ұмытқан екенсің» деп қазақ бекерге айтпайды. Қарапайым шындық та, мәңгілік шындық осы, деген азат жолмен аяқталған.


Әбең айтқан рухани құлдырауымызға не себеп? Рухымызды қай тұста жоғалттық?! Өз ойым: Халықтың көзі, құлағы, һәм тілі болуға міндетті баспасөздің көзі кіреукеленді, құлағы мүкістенді, ақиқатты айтуға тілі тұтықты. Яғни, баспасөздің әлсіреуінен бастау алды. Ел-жұрт айналасынан көргендері мен естігендерін газеттерден оқып отырған жоқ. Мақтау мен орынсыз мадақ белең алып, асқынғаны соншалық өтірік төрге шықты. Баспасөз ел сенімінен айрылды. Дина
Елгезек: – «Умаждалған ақ парақ қанша үтіктесең де қалыпқа келмейді», деп еді. Соншалықты мыж-мыж болмағандарыңды дәлелдеңдер. Ағзамызды вирус жайлап Әбдіжәміл абыз айтқан дертті мемлекетке айналдық.

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Сейітқалиұлы! Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын шақырып Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қатыгездік вирусы» атты мақаласы талқылануы керек. Барлық деңгейдегі мәслихат сессиялары, қоғамдық ұйымдардың жиындары шақырылып күн тәртібіне Әбең айтқан ұлттың азбауы мен тозбауының жолдары қарастырылуы міндет деген ойдамын.
Әбең айтқан «қатігездік вирусы» короновирустан да қауіпті!


Сәпен АҢСАТОВ
еңбек ардагері, Қармақшы
ауданының, Қызылорда қаласының
құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің
иегері

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *