2021 ж. Сәуір 14

Атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау басталды

«Nur Otan» партиясының XVІІІ съезінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев көпбалалы отбасыларындағы әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыру­ды тапсырды. Енді тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы жанұяларға жәрдем­ақы жаңа тәртіппен беріледі. Елімізде жұмыспен қамту орталығында 1 сәуірден бас­тап атаулы көмекке байла­нысты құжаттарды қабыл­дау басталды. Қызылорда қаласында 1 сәуір күні сағат кешкі 18.00-ге дейін жұмыс­пен қамту орталығына 840 адам келді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев арнайы жұмыс­пен қамту орталығына барып, халықпен кездесті.

1-ші сәуір күні Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орта­лығында адам қарасы қалың. Келушілердің көбі баласын жетелеген аналар. Барлығы да мем­лекет тарапынан қанша қаражат алатындарын білуге асық. Атау­лы әлеуметтік көмекті көпба­лалы және аз қамтылған отба­сы­лар ала алады. Қазіргі уақыт­та жұмыс­пен қамту орталығын­да құжат­тар тексеріліп, көпба­лалы аналарға кеңес берілуде.

Қала әкімі Н.Нәлібаев орта­лықтың ішін аралап халықтан қызмет көрсету сапасы қандай екенін, шешілмеген сұрақ бар-жоғын сұрады. Мамандарға келушілерге толықтай ақпарат жеткізілуін қатаң тапсырды.

-1 сәуірден бастап енгізілген атаулы көмекке енгізілген өз­герістерге байланысты тұрғын­дарды қабылдау жүріп жатыр.

1 нау­рыздан бастап қала әкім­шілігінде комиссия құрыл­ды. Қалалық жұмыспен қамту орталығында бұрын бір мезетте 10 адамға қызмет көрсетілсе, бүгінде бір мезетте 30-ға жуық адамға қызмет көрсетіліп жа­тыр. Халықпен кездестім, еш­қан­дай түсініспеушілік, шағым жоқ. Қойған сұрақтарына тиісті жауаптарын алып жатыр. Бұрын атаулы әлеуметтік көмекті 3022 отбасы алса, қазір 4000-нан астам отбасы алады деп күтілу­де, – деді Қызылорда қаласы­ның әкімі Н.Нәлібаев.

1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында отбасының жан басына шаққандағы кірістерін есептегенде арнайы мемлекет­тік жәрдемақы, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» үшін беріле­тін жәрдемақы, балаларға ар­налған мүгедектік бойынша бері­летін жәрдемақы, шәкірт­ақы кіріс көзіне кірмейді. Аз қамтылған отбасыларға беріле­тін жәрдемақы 18 жасқа дейін төленеді, егер бала оқитын болса, төлеу мерзімі 23 жасқа дейін жалғасады.

– Бұрын атаулы көмекті бір адамға шаққанда кірісі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отба­сылар алса, енді Елбасының тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпба­лалы отбасының жалпы табы­сын әрбір адамға бөлгенде ақ­ша­ның сомасы күнкөріс дең­гейі­нің 70 пайызына, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгедегі жәрдемақы беріледі. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде, отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізілетін бар­лық мүшелерінің табысы есепке алынады.   Мәселен, отбасында ата-әже тұратын болса, ата-әже­сінің зейнетақысы кіріс көзіне кіреді. Жәрдемақы өтініш берген күннен бастап емес, құ­жат өткізген айдан бастап есеп­теледі, – деді   Қызылорда қала­лық жұмыспен қамту орталығы­ның директоры Ернұр Бихожаев.

Айта кету керек, жұмыспен қамту орталықтары түскі үзіліс­сіз кешке дейін соңғы тұрғын келгенше жұмыс істейді. Адам кезегін азайту және әр тұрғын­дардың құжат тапсыру ісін оңай­лату үшін  мамандар кө­бей­тілген. 150 орынға күту залы жасақталған.   Қызмет көрсете­тін мамандар саны 15-ке артты.

– Еліміздің Тұңғыш прези­денті Н.Назарбаевтың бастама­сын қолдаймыз. Көпбалалы ана­ларға көмек көрсетіп жат­қанға ризамыз. Мен 5 баланың анасымын. Тұңғышым 13 жаста 8-сыныпта оқиды, ал кішкен­тайым 2 жаста. Өзіміз пәтер жал­дап тұрамыз. Өзім жұмыс­сыз­бын, жолдасым програм­мист болып қызмет атқарады. Бүгін бізге ерекше қызмет көр­сетіліп жатыр, тіпті кіре берістен бастап қабылдауда. Бүгінде көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетіліп жатыр, қуа­ныштымыз, – деді қала тұрғыны Айдана Молданазарова.

Айта кету керек, қала бойын­ша 1 сәуір мен 2 сәуір күн­дері атаулы әлеуметтік көмекке 450 отбасының құжаты қабыл­данды.

А. ОМАШ 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған