QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚАТАЛ БОЛМАСАҢ ДА БОЛМАЙДЫ…

Автор:QAA.kz

Сен 23, 2021

Қызылорда облысының әкімі Г.ӘБДІҚАЛЫҚОВА:
ҚАТАЛ БОЛМАСАҢ ДА БОЛМАЙДЫ…

Жақында ғана елге мәлім «Qazaqstan» ұлттық арнасының тілшісі Айнұр Омар Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Наушақызымен сұхбат құру үшін өңірге қонаққа келген болатын. «Әйел әлемі» бағдарламасын тізгіндеген журналист бұл жолы өңірдің есеп-қисабы мен әлеуметін көруге емес, елдегі тұңғыш әйел әкім Гүлшара Наушақызының адами келбетін, ішкі жан дүниесін қалың көрерменге паш ету үшін облысқа табан тірепті.

Біз сол сұхбатты ықшамдап, аймақ басшысының айтқан ұтқыр ойларын, жайлы естеліктерін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Үздік ұжымға ақша берді
34 миллион теңге ең үздік мектепке немесе ең үздік білім беру ұжымына деп белгілегенбіз. Былтыр Қазалыдағы мектепке 17 миллион қаржы бергенбіз. Биыл Қызылорда қаласындағы Т.Есетов атындағы мектепке бұл соманы көбейтіп 34 миллион қаржы беріп отырмыз. Бұл мектептің дамуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Кешікпеуді қайдан үйренді?
Мен жиыннан кешікпеуді Елбасынан үйрендім. Қасында жұмыс істедік. Іс-шаралар болып тұратын. Ассамблея, ауылдарда болсын, облысқа барғанда да ешқашан бір-екі минут кешігу болмайтын.
Ақордада жиындар болады. Жиындар он десе он, он бір десе он бірде басталатын.

Спортпен қайдан шұғылданды?
Мен Жамбыл қаласында оқыдым. Ол кезде жатақханалар бір типті болды. Кітап оқысақ та оқу залы бір болды. Ал қазір міне заманауи жаңа жатақханалар енгізіліп жатыр. Қызылорда қаласындағы нөмірі 4-ші мектепте оқыдым. Ол кезде спорт залдары болған жоқ. Қызылорда қаласында қазір «Мұз айдыны», теннис корттары бар, жүзу бассейндері бар. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Мектептегі
бағдарлама бойынша ғана спортпен айналыстық. Кейін Жамбылда оқып жүрген кезімде жеңіл атлетикамен айналыстым. Өйткені тұрған жерімізде жеңіл атлетикаға, жүгіруге ыңғайлы жағдай болды. Астанаға барғанымызда қыста қар көп, Есіл қыста қатып қалады, ең алғаш рет шаңғы тебе бастадым.

Өзгеше рух болды
Кез-келген жоғары лауазымға тағайындалуға ұсыныс берген кезде ойланасың… қалай жұмыс істеуге болады деп. Қиыншылығын білесің. Әрине, қорқыныш болды. Мен осы әкім лауазымына келген кезде төтенше жағдай жарияланып, пандемияның басталған кезі… Бірге көтерген жүк жеңіл, әріптестерім қолдап, халық көтерді. Туған жеріме
сендім. Туған жер өзімен-өзі қолдайды ғой. Туған жер, жер ана дегендей, сондай бір рух болды.

Көрегендік көптік етпейді?..
Біз былтырдан бері судың аз болатынын білдік. Көктемде штаб құрып, егіс басталғанда «Көксарай» су қоймасынан су алдық. Ол жақтың суы азайғаннан кейін «Шардарадан» су ала бастадық. Күріш өте көп су қажет етеді. Сондықтан 6000 гектарға азайттық. Шаруашылықтар судың аз болатынын түсінді. Оның орнына басқа өнімдер, жоңышқа, мал азығы егіле бастады. Ал жалпы облыс бойынша 188,6 мың гектар азаймады. Қайта биыл 3000 гектарға егін көбірек егілді.

Саннан шатаспайды
Биыл 22 ауылға бағдарлама бойынша 5,6 миллиард қаражат бағытталды. Оның ішінде 3500 үйге су кіргізілді. 3307 үйге газ кірді. 7 көшеге жарық қойылды. Ауылдағы 102 шақырым көше жөнделді. Жыл аяғына дейін берілетін болады.

Жәй айтып та қатты тигізуге болады
Қатал болмасаң да болмайды. Жеке тапсырма бергенде, дұрыс болмай жатса қатты айтам. Жалпы тигізіп айту керек. Қатты немесе жәй айтсаң да тигізіп айту керек. Жәй айтып та қатты тигізуге болады. Тигізіп айтсаң соны жақсы қылып орындап келеді.

Саясатта өзгеге сенім артуға бола ма?
Әкімдер арасында асарлату ұғымы бұрыннан бар. Көрші облыстар бір-бірімізге әрдайым көмектесіп тұрамыз. Мәселен, былтыр Мақтыаралды су алғанда біз де көмек жібердік. Маңғыстауға да жібердік. Өзімінің әріптестерім Бердібек Сапарбаев, Өмірзақ Шөкеев, Оңдасын Сейілұлы хабарласқанда қандай көмек керек деп лебіз білдіріп тұрады.

Әкім нені байқады?

Жалпы мен ауылдарды аралағанда барлығы ауылдан кетіп жатыр деп ойлайтынмын. Не де болса урбанизация процесі жүріп жатыр. Жастар оқуға кетеді, бірақ қазір керісінше Алматы, НұрСұлтан қаласына кеткен балалар ауылға келіп жұмыс жасауда. Өйткені еңбек көзі бар. Пандемия кезінде шетелге барып демалудың не керегі бар? Демалғанда ауылға барған дұрыс. Қолдың тағамы бар, қауын-қарбыз пісіп жатыр. Ең болмаса пандемия кезінде ауылға барып демалған жөн.

Биыл шыны зауыты ашылады, үлкен жоба Гүлшара Наушақызының жеке бақылауында. Бұл жолы да барып, өз көзімен көріп қайтты.

Бұл жерде 200-ден астам жұмыс орны болады. Сонымен қатар, айналасында 8 шағын зауыт болады. Бұл кішігірім зауыттарда айна, шыны, ыдыс жасалмақ. Сонда ол жерде де жұмыс орындары болады.

Әйелді әдемілікке үйлесімдік жетелейді

Конфуций айтады ғой. Үш мәселе қайталанбайды: уақыт, сөз, мүмкіндік деп. Өзіңді өзің жылдар бойы тәрбиелейсің. Өзіңнің ішкі дүниеңмен сыртқы дүниең бір арнада болу керек. Біз мемлекеттік қызметкер болғандықтан арнайы киінудің де ережесі бар, барлық жерде таза, ұқыпты жүруге тырысамыз.

Бар әйел үйде отырса не болады?
Кей кезде әйелдер тек бала тәрбиесімен айналысса деп көп айтып жатады. Елдің 52 пайызы әйелдер. Барлық әйелдер үйде отырса не болмақ? Баламен айналысқан әрине жақсы, тәрбиемен айналысып, бала да көп мүмкіндік алатыны жақсы. Бірақ, біздің 52 пайыз потенциялымыз үйде отырса әлеуметтік салада, денсаулықта, кәсіпкерлікте кім істейді? Оның бәрі мына біздің ішкі жалпы өнімде
әйелдердің үлесі бар деген сөз.

Әкім нені көргісі келеді?
Біріншіден әрине профессионализм болу керек. Әр адам, әр әйел өз бағытында профессионал болса, онда бұл жұмысты оңай алып жүре алады. Адамгершілік қасиетің болмай кәсіби болғанның өзінде де болмайды. Ондай адамдарды көріп жүрміз. Бір жұмыстан бір жұмысқа ауысып жүреді. Кейбір кезде талап та қоя білу керек. Сондықтан кәсібилік пен гуманизм қатар жүру керек деп ойлаймын.

Өңірдің өмір тарихына назар аударуда
Қазіргі кезде облысқа келгелі қоғам қайраткерлері, ардагерлер, жастармен кездесуге барамын. Ардагерлер өз кітаптарын маған ұсынып жатады. Ол маған керек деп ойлаймын. Осы жердің тарихын білу, болған оқиғаларын анықтау керек деп ойлаймын. Мәселен, біздің қоғам қайраткері, Балық шаруашылығының министрі болған Саржан Құдайберген ағамыздың «Аралдың айтылмаған ақиқаты» кітабынан теңіз жайлы айтылмаған көп мәлімет алдым.

Ата-анасы жайлы
Менің әкем соғысқа қатысқан. Көп жараланған. Кейін бір жерде 50 жыл орман шаруашылығында жұмыс істеді. Өте сыпайы, мәдениеті жоғары кісі болды. Қазір енді о дүниелік болып кетті. Бізді кітап оқуға, жан-жақты болуға үйретті. Ол бес бала тәрбиеледі.
Анам маған көп көмектеседі. Менің қасымда. Ол кісі де бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Анам өте мейірімді әрі талапшыл. Қазірдің өзінде тәртібімізді қадағалайды. Менің рухани қолдаушым.

Дайындаған Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *