QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Ата заң – азат елдің арқасүйері

ByQAA.kz

Шіл 24, 2020

Егеменді Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданғаны белгілі. Бұл құжат қазақ елінің тәуелсіздігін бекіткен алғашқы құжат болғанымен, онда жіберілген кемшін тұстардың жөнделуге жататынын уақыттың өзі көрсетті. Сол кездегі заңгерлердің, ел басшылығының және халықтың ұсыныстары қорытындылана келе 1100-дей өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа Конституция 1995 жылдың 30-тамызында бүкілхалықтың референдумда қабылданды.

Ұлы Абай «өз бетіңмен түзелмейсің, күшті тәртіп керек» дегенді айтқан екен. Осы тәртіп Конституциядан бастау алатынын көрсетсе керек.

Бүгінде біздің еліміз осы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Осы Негізгі Заң, шын мәнінде, қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына алды. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мен мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырып, біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік берді.

Жалпы байқасақ, Қазақстанда шұғыл бетбұрыс 1995 жылдан басталды. ТМД елдерінің арасында бірінші болып зейнетақы реформасы жүргізілді. Халықты экономикалық қорғауды әлеуметтендіру саясаты, жастардың болашағын кепілдендіру жүйесі қалыптасты. Кәсіпкерлікке кең жол ашылды. Жеке меншіктің қорғалуы шетелдік инвесторлардың сенімі мен қызығушылығын арттырды. Қолданыстағы Конституцияға 1998 және 2007 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі.

1998 жылы қазан айының 7-інде енгізілген алғашқы толықтырулар мен өзгерістер Парламенттің қабылдауымен мемлекеттік билік жүйесіндегі жоғары өкілдік органның жаңа рөлін белгіледі. Парламент палаталары депутаттарының өкілеттік мерзімдері 4 жылдан Сенат депутаттары үшін 6 жылға, Мәжіліс депутаттары үшін 5 жылға ұзартылды. Алғаш рет пропорционалдық жүйе бойынша Мәжілістің 10 депутаты сайланатын болды. Алқабилер институтына қатысты толықтырулар енгізілді. Жалпы бұл өзгерістердің мақсаты – Қазақстанда айқын және әділ сайлау, саяси партиялардың сайлау үдерісіне белсене қатысу жүйесін құру, Парламент депутаттарының мәртебесін өсіру, сот-құқықтық жүйесі мен мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау болды. Аталған өзгерістердің бәрі Қазақстандағы мемлекеттік биліктің негіздерін нығайту ісіне қызмет етті.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуде әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі үлгіге алынды. Алайда, Президент бастаған еліміздің зиялы қауымы сол мемлекеттердің көшірмесін жасауды, дәл сол жолды қайталауды мақсат тұтқан жоқ. Конституцияға өзгеріс енгізуде еліміздің ерекшеліктері, ұлттық менталитетіміз басшылыққа алынды.

Сонымен қоғамның әрбір қарым-қатынасын реттейтін, ұлттардың ынтымағын қамтамасыз ететін, мемлекеттік басқаруды жүйелеп, әр азаматтың құқығы мен мүддесін бірінші орынға қоятын жаңа нұсқадағы Ата заң ел игілігіне қызмет етуде.

Қазақстан құқықтық мемлекет орнатуды жылдар бойы көкседі. Өйткені, тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытта қазақ халқы құқықтарының ашықтан-ашық тапталуы бұл арманды қол жетпес шыңға айналдырғанды. Алайда, бұл «шыңды» бағындырған мемлекетіміз, құқықтық ел құрудағы жолын Тәуелсіздік алған уақыттан-ақ бастап кеткен еді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары «ең қымбат қазынасы» екенін мойындайды. Тұлғаның жеке мүмкіндіктерін дамыту мемлекеттің маңызы мен мақсаты болып табылады. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.

Адамның құқықтарымен үздіксіз оның мемлекетке ұйымдастырылған құқықтық тәртіпке бағыну, адамдық тұрмыс ережелерін сақтау жөніндегі қоғам алдындағы міндеті танылады.

Адамның табиғи құқықтарын мойындап, оларды негізгі конституциялық құқықтар мен бостандықтарда бекітіп, Ата заң оларды қорғау механизмін қамтамасыз етті. Республика Конституциясымен құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын екі маңызды тәсілі бекітілді: сот арқылы және әкімшілік.

Бірінші кезеңде азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы. Құқықтық мемлекет жағдайында тәуелсіз сот адамның құқығын қорғауының негізгі құралы болып табылады.

Ал, азаматтарға сапалы құқықтық қызмет көрсету – әр азаматтың құқықтық-мүддесін жоғары қойғандықтың белгісі.

Конституция салған сара жолдың ізімен келе жатқанымызға биыл 25 жыл толмақ. Осы уақытта не өзгерді? Бұдан 25 жыл бұрын күнкөрістің қамымен ел кезіп кеткен жұртшылық, қазірде экономикасы тұрақты, халқы бейбіт, әлеуметтік жағдайы көңілге қонымды Тәуелсіз Отанымызда өмір сүріп жатыр. Ата-баба арманы да осы емес пе еді?

Еліміздің барша азаматтарын 30 тамыздағы Ата Заңымыз – Конституция күнімен құттықтаймын. Әр адамның мүддесі биік, құқықтары қорғаулы болсын.

Қызылорда облысының кәмелетке

толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық

сотының төрағасы Қ.Абдуллаев

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған