QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АРЫЗЫНАН БҰРЫН АЛҒЫСЫН ЖАУДЫРДЫ

ByQAA.kz

Қар 12, 2020

Биылғы жылы 200-ден аса көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 68 көшеге жаяулар жолы салынды. Бұл ақпардың барлығы біраз жаңалықтарда айтылып, көрсетіліп жүр. «Жұмыспен қамтудың 2020» жол картасы бағдарламасы бойынша жасалған шаруаларға халық риза. Ал қалалық бүйжеттен 36 көшені жөндеу қарастырылған.

Біздегі Әль-Фараби шағын ауданында біраз көшелер жаңғырып, «маңдайлары ашылды». Әдепкі жылдары бұл көшелерге тек тас қана төселген екен. Әдепкі деген ондаған жылдар бұрынғы мәселе.

Сондағы Көктем көшесіне бұл күндері негізгі жөндеу жұмыстары жасалуда. Ол дегеніміз жолдың беткі жақтарына топырағын, тасын төсеу жұмыстары. Ұзындығы бақандай 2 шақырымды құрайды. Жол жөндеу жұмыстары тура 4 күн бұрын басталған. Бұйыртса жақын арада бітпек. Көшенің аяғы Самал су арнасына дейін барады. Орташа жөндеу жұмысы болсадағы, жергілікті тұрғындарға ыстық әрі қымбат көрінеді. «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер мекемесі осы жұмысқа жауапты. Техникалық қадағалаушысы «Қызылорда НұрСтрой Инжиниринг» ЖШС.

Бұл көшенің маңында Әшірбеков көшесі орналасқан. Құдайы көрші көшелер болмаса да жақын-ақ. Кезең-кезеңімен жасалып жатқан жұмыстардың бір қарқыны осы көшеде. Қиыршық тастары төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Біраз қауым осы жолдарды тегістеп, асфальт төсеу жұмыстарын арзан әрі оңай жұмыс деп ойлайтын көрінеді. Әлгі Әшірбеков көшесінің бойымен грейдер көлігі олай да, бұлай да шапқылап жүр. Сондағы мақсат жолдың тегіс бетін шығару. Оған қоса жиі-жиі су сепкілеп, жолдың иін қандыруда. Демек, бұл жұрт ойлағандай оңай шаруа емес. Көшенің жөндеуіне «РБСтрой» ЖШС-гі жауапты. Техникалық қадағалаушысы «Қызылорда НұрСтрой Инжиниринг»ЖШС-гі.

«Келген кезде халық шеңгелдің арасында… Мына жол жоқ еді. Бұл жерден көлік жүре алмай, кей жігіттер батқан көліктерді шығарып, көмек қылып ақша табатын еді. Мектепке балаларымызды шығарып салатын кезде үнемі алаңдайтынбыз. Қазір газ бар, жарық бар. Шет аймақ дегенімен… Қазір барлығы бар. Әкімшілікке, жұмыс істеп жатқан жігіттерге ризамыз. Рақметімізді айтқымыз келеді»,-дейді жергілікті тұрғын, зейнеткер Қалекеев Мұхтар.

Абай мен Жахаев көшелерінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ендігі біткен жұмыстың жалпы көрінісі. Ел-жұрт әр жұмысты көзбен қадағалап, бақылауда. Бұл жердегі жұмыстарды жүргізген жолдың ұзындығы 0,48 шақырым. Тегіс жол «Арай-Санрайс» лагерінің төріне барады екен. Жауапты мекеме «Ақнұр-Авто» ЖШС-гі болса, техникалық қадағалаушысы «Қызылорда НұрСтрой Инжиниринг» ЖШС-гі.

«Әль Фараби тұрғын ауданындағы Самал, Көктем, Төлебаев көшелеріне тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, қала әкімінің тікелей тапсырмасымен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жұмыстар былтырғымен салыстырғанда көп. Мәселен өткен жылы қала бойынша 30-ға жуық көшеге асфальттау жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылы олардың саны 200-ге жетті»,-дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Далабаев Біржан.

Және соңғы тәуір шаруаларды түйіндейтін Сырдария көшесі мен Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы ортасындағы 0,38 шақырымдық көше. Мердігері «Қызылорда Абу-Жусуп» ЖШС-гі. Ал техникалық қадағалаушысы «СтандартСтройСервия LTD» ЖШС-гі.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған