QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

АРМАН БОЛҒАН ЗЕЙНЕТАҚЫ

Автор:QAA.kz

Сен 4, 2020

Қазақстан Республикасы президентінің  биылғы жылғы халыққа жолдауында бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Бір жарым сағаттан аса жолданған жолдау барысында мемлекет басшысы ең алдымен сананың ашықтығына бағытталған жұмыстар мен жемқорлықтың алдын алу жөніндегі тапсырмаларды жүктеді. Сол тапсырмалардың қатарында халықтың арасында қызу пікір туғызған зейнетақы қоры мәселесі де қалыс қалмады.

Келесі жылдан бастап еліміздің 700 мыңға жуық азаматы өзінің зейнетақы қорындағы салымдарын ем шараларына, қаржы ұйымдарына салуға және пәтер алуға жұмсай алатындығы жайлы мәлімдеме жасады. Бұл орайда жыл соңына дейін құзыретті органдарга осы мәселені жан-жақты саралап, халыққа қолайлы ұсыныс қарастыруды тапсырды. Алдағы жоспар бойынша зейнетақы қорындағы қаржыға сатып алынған пәтерді келесі бес жылдың көлемінде  қайта сатуға рұқсат етілмейтіндігі хабарлануда.

Күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұрымбетов 2021 жылдан бастап салымшылар зейнетақы қорындағы қаржысының белгілі бір бөлігін ала алады деп жария етті. Дегенменен, әр жастағы адамдардың қаржы алу мүмкіндігі әрқалай. Көңіл жұбатарлығы былтырғыға қарағанда зейнетақы қорынан қаржы алу мүмкіндігі бар. Мәселен, ең бастапқы қаржы екі жарым млн. теңгені құрап отыр.

   30 жас – 2 млн 538 мың тг

   35 жас – 2 млн 961 мың тг

   40 жас – 3 млн 437 мың тг

   45 жас – 3 млн 947 мың тг

   50 жас – 4 млн 495 мың тг

   55 жас – 5 млн 84 мың тг

   59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың тг.

Биліктегілер халыққа көркем сөзбен уәдені беріп, тіпті қолайлы жағдай ұсынып отыр. Бірақ, ол бәріне бірдей қолайлы емес екені хақ. Біздегі орташа айлық табысынан есептеп шығарған болар. Іс жүзінде қазақстандықтардың біраз бөлігінің орташа айлық табысы 170 мың теңгенің маңайына да жуықтамайды. Сала қызметкерлерінің жалақысын көбейтеміз деген жиі айтылады. Десе де, бұдан пайда шамалы. Себебі, айлықты көбейткен сайын елдегі азық-түлік тағы басқа қажетті тауарлар да қымбаттап қосылған пайызды инфляция жеп қояды.

Зейнетақы қорындағы қаражатқа пәтер алатын болсаңыз аталған шаруамен “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” айналыспақ. Ал ем шараларына Денсаулық сақтау министрлігі жауапты. Сәйкесінше, олар науқастарға барлық ақпаратты жеткізіп, клиникаларға жолдама беретін болады.

Әңгіменің ашығы, бұйрықтары жарамды, сөздері керемет. Бұл жерде төменгі жалақы алатын жұрттың жайы онсыз да белгілі.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *