QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АРМАН БОЛҒАН АУЫЗ СУ

ByQAA.kz

Ақп 11, 2021

Өткен аптада қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Белкөл және Тасбөгет кенті тұрғындарына 2020 жылы атқарылған жұмыстардың есебін беру мақсатында онлайн форматта кездесу өткізді. Жиынға қос кенттің тұрғындарымен қатар түрлі сала басшылары қатысты.
Алдымен қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды. Шаһар басшысының айтуынша былтырғы жылы құрылыс саласында ғана емес, экономика, мәдениет, білім салалары бойынша даму динамикасы оң көрсеткішке ие болды. Тұрғындардың әл-аухаты артып, тұрмыстық жағдайлары
жақсарып келеді.
Осы ретте Тасбөгет және Белкөл кенті тұрғындары ауыз су, жарық бағаналары, су қоймасы, электр желілері, көше жолдары және басқа да әлеуметтік мәселелер жайында сұрақтарын қойып, тікелей жауап алды. Ауыз су мәселесіне қатысты Белкөл кентіне қарасты
ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағасы Хайруллаев Сартай кенттегі теміржолдың арғы бетінде тұратын 200-ге жуық отбасыға ауыз су қажеттігін айтты. Ал қала басшысы Белкөл кенті әкіміне аталған мәселе бойынша жасалған жобаларды көрсетуін тапсырды. Егер де жоба шағын болатын болса қалалық бюджеттен, ал ауқымды жоба болатын болса облыстық бюджеттен қаржы қарастырылатынын
жеткізді. «Бұл мәселе жыл соңына дейін өз шешімін табатын болады», деген жауап айтты. Ал Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елдімекенінің тұрғыны су қоймасының былтырғы жылы салынып
аяқталмағанын және жаңбыр, қар жауған күндері электр желілерінің тозғандығына байланысты жарық сөніп қала беретінін қозғады.
Бұл сұраққа шаһар басшысы Бірқазан елдімекенінде салынып басталған су қоймасының жұмысын аяқтау мақсатында бюджеттен 100 млн. теңге қаралып отырғанын және де осы жылдың сәуір, мамыр
айларында бітіріп, халық игілігіне жарайтындығын жеткізді. Ал, жарық мәселесіне қатысты қалалық электр тораптары мекемесінің басшылығына аталған елдімекенге барып, тексеріп, техникалық
ақау кеткен жерлері болса жөндеп, пайдалануға мүмкіндік жасап беруін тапсырды.

Емханаға да «ем» керек

Тасбөгет кентіне қарасты ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдашев Рамазан «кенттің 9 көшесіне былтырғы жылы жарық бағаналары орнытылып, көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілгендігін айта
келе, аталған кенттегі Жанкин көшесіне жарық бағаналарының орнатылу керектігін жеткізіп, бұл жұмыстар биылғы жылы өз жалғасын табады ма?» деген сұрағын қойды.
Қала әкімі бұл сауалдың міндетті түрде ескерілетіндігін және де былтырғы жылғы жасалған жұмыстар биылғы жылы заңды түрде өз жалғасын табатындығын айтып өтті. Сонымен бірге Нұрлыбек
Машбекұлы: «Кеше ғана жылдың басында қалалық мәслихаттың сессиясы өтті. Сол жерде қалаға қарасты ауылдардың, кенттердің, шет аймақтардың, жаңа мөлтек аудандардың көшелерін жасауға, тас
жол төсеуге 94 көшеге 1млрд. 700 млн теңге қаржы қаралды. Алда тағы сессиялар болады. Сонда міндетті түрде облыстық бюджеттен сұраймыз және қалалық бюджеттен бөлетін боламыз. Сонымен бірге
республикалық бюджеттен де міндетті түрде қаражат тартатын боламыз. «Жол картасы» аясында да 4 млрд теңге қаражат келеді. Сол қаражатқа Тасбөгет және Белкөл кенттеріндегі және де қалаға қарасты ауылдық округтердегі мәселелердің шешілуіне
жұмыс жасайтын боламыз», ̶ деп жауап берді. Келесі кезекте Тасбөгет кентінің тұрғыны Өтепбергенова Динара «кенттің шет жақтарына жасалған күрделі жөндеу жұмыстары кезінде Ертуғанов
көшесінің қалып қойғандығын айтып, сондай күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылға қарастырылған
ба?» деген сауалын қойды. Бұл сұраққа Нұрлыбек Машбекұлы жоғарыда айтып өткендей Тасбөгет кентінде атқарылған жұмыстар
осы жылы да жалғасатындығын жеткізді. Жалпы, қазіргі таңда Тасбөгет кентінен 462 млн. теңгеге жобалар ұсынылып келеді екен. Сол қаражатты қалалық және облыстық бюджеттің мүмкіндігімен
«Жол картасы» аясында қарауға жұмыс жасалады. Соның ішінде аталған Ертуғанов көшесі міндетті түрде ескерілетіндігі белгілі болды.
Нұрлыбек Машбекұлына қалалық мәслихат депутаты Нұрымбетов Жорабек Ибрагимұлы халықтың өтінішін жеткізді. Ол кісінің айтуынша Тасбөгет кентіндегі №4 емхана бұрынғы поштаның орнына орналасқан. Сол себепті аталған емхананың құрылысына жетекшілік
етуін сұрады. Аталған өтінішке шаһар басшысы облыстық
денсаулық сақтау басқармасымен бірге емхана мәселесіне қатысты жұмыстарды шешіп беретіндігін тілге тиек етті.
Жорабек Ибрагимұлы сөз соңын: «Қалада көп жұмыстар атқарылып жатқандығын көріп отырмыз. Оның дәлелі жаңағы 94 млн. теңгеге жұмыстар жүргізіліп жатқандығынан көрініп тұр. Сол атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына осы жиналған жұрт куә және
де алғыстарын білдіріп жатыр. Менің айтайын дегенім Белкөл кентінің атынан 50 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан аспалы көпірге былтырғы жылы өзіңіздің тікелей араласуыңыздың арқасында жобалық смета жасалып, сараптамадан өтіп, биылғы жылы «Нұр Отан» партиясы бағдарламасына кіріп, облыстық бюджеттен қаржы бөлінгелі тұр. Сондықтан халықтың атынан
өзіңізге алғыс айтқым келіп тұр. Екіншіден, жаңа айтып өттіңіз мынау Тасбөгет кентіндегі халықтың көбеюіне байланысты жабық спорт комплексіне республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, іске асырылуына Тасбөгет кенті тұрғындарының атынан рақмет айтамын », ̶ деп тәмамдады.
Жиын соңында қала әкімі: «Өткен жылы қиын кезеңге қарамастан қол жеткен жетістіктер аз болмады. Әрбір атқарылған істің артында сіздердің мызғымас бірліктеріңіз, елім деп атқарған еңбектеріңіз бар. Жарқын жетістіктерімізді 2021 жылы еселей түсіп, бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенім мол. Алда атқарылар жұмыс көп. Оны жүзеге асыруға сіздердің қолдауларыңыз қажет. Ел қолдаса кез келген бастамамыз берекелі, жұмысымыз жемісті болары анық. Қаламызды өркендету жолында атқарылатын жұмыстарды бірге жүзеге асырып, ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында алар асуымыз биік болғай», ̶ деген тілегін білдірді.


Аружан ЕРАЛЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған