QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АРБАДАҒЫНЫҢ АРМАНЫ КӨП ПЕ?

ByQAA.kz

Там 20, 2020

Қызылорда қаласында бүгінде 400-ге жуық арбада отыратын мүгедектер мен 360-қа жуық бірінші топтағы көз мүгедектері тіркелген. Шаһарымыздың күн санап көркейіп келе жатқандығы анық. Алайда, саны артып келе жатқан қоғамдық демалыс орындар мен ғимараттардың мүгедектерге қолайлылығы ескерілуде ме?

Мүгедектерге қызмет көрсету деңгейі және олардың өміріндегі қиындықтары қандай? Олар үшін таптырмас тасымал қызметінің белсенділігі жақсы ма? Арбадағы жандардың жүрек назы бар ма?

Қаладағы мүгедек жандарды тасымалдауға 11 ИНВОТАКСИ жұмылдырылған. Оның 5-еуі арбадағы жандарға арналса, 6-ы көз мүгедектерін тасымалдайды. Соңғы үш айда инвотаксиді шақыру белсенділігінде едәуір өзгерістер байқалады. Мамыр айында 113 шақыру болса маусым айында 235 шақыру қабылдаған. Шілде айындағы шақырылым саны 194-ке жетіп отыр. Бұл арбадағы азаматтар тарапынан түскен шақыртулар. Енді бірінші топтағы көз мүгедектері тарапынан мамыр айында 531 шақыртылым болды. Маусым айында 724 шақыртылым, ал шілде айындағы шақыртулар саны 670 ке жеткен. Уақыт өте шақыртулар саны еселеп өсуде.

«Жалпы инвотакси қызметінің дұрыс атқарылмауы, межеленген орынға қалып баруы сынды жағдайлар мүлде кездеспеген. Көлік құралдары тұтынушыларға толықтай жетеді. Қаржы бөлініп, алдағы уақытта жаңа 4 инвотакси көлігі алынбақ. Көз мүгедектерін тасымалдайтын инвотакси қызметі ұтымдырақ. Себебі, көлікке төрт-бес адамды сыйғызуға болады. Арбадағы жандар үшін олардың арбаларының үлкендігіне байланысты бір көлікке екі адам ғана отыра алады.

Инвотакси таңғы сағат 7:30-дан кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс атқарады. Бұл жерде ескере кететін жағдай, ерекше қажеттілікті қажет ететін азаматтар инвотакси қызметін тек арнаулы мекемелерге, құзырлы органдарға және емханаларға пайдалана алады. Ал шаш алу, азықтүлік сынды тұрмыстық жағдайларда бұл қызмет түрін қолдана алмайды. Аталған мәселе Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министірлігінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда»,- дейді «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігі» төрағасы Мұрат Әлімбайұлы.

Пандус мәселесінің өзектілігі жоғары. Қоғамдық орында оның ішінде көп қабатты тұрғын үй кешендерінде орналасқанымен қолдануға жарамсыз. Ал қаладағы пандустардың градусы тік салынған. Арба түгіл сау жанның өзі велосипедін шығара алмайды. Тұрғын үй аулаларындағы жағдай жасалмаған десе де болады. Негізі, ерекше қажеттілікті қажет ететін тұрғындарға үй беріліп жатқаны рас. Дегенмен, пәтерлер талапқа сай емес, 5 қабатты тұрғын үйлерде және ескі үйлерде пандус атымен жоқ. Ал арбағы жандарға берілетін пәтерлердің есігі арбаның кіруіне мүлде қолайсыз. Әдетте арбаның ені 80-90 см болса есіктердің ені одан артық етіп салған жағдайлар өте сирек.

Осы тұрғыда жерлесіміз, ерекше қажеттілікті талап ететін жандардың бірі, қоғам белсендісі Сағатбек Қуанышбекұлының «YOUTUBE» желісіндегі «Бастау» арнасын айтпай кетпеуге болмас. Жақында қолға алынған жобада Қызылорда қаласындағы ерекше қажеттілікті қажет ететін жандар үшін қоғамдық орынның қолайлылығы және олқылықтары жайлы баяндалады.

«Қалада қолайлы жерді атап көрсету қиын. Әйтсе де, Б. Шөкенов атындағы саябақ мен үшін әлдеқайда ыңғайлы. Себебі, жерінің орналасуы көше деңгейімен бірдей. Ешқайда көтеріліп, түсудің қажеті жоқ. Тек түзу жолмен барып қайтуға болатыны қуантады.

Әдетте қоғамдық бастамаларды көтергенде, өзімнің тағдырлас достарыма көмек бергім келетін сәттерде ескі ғимараттарға сыни тұрғыда қарамайтынмын. Ескінің аты ескі. Десе де, жаңа ғимараттар заманға сай болуы тиіс еді. Бірақ, бұл құрылыс нысандары да арбадағы жандарға қолайсыз. Пандус жасалғанымен шығуға ыңғайсыз. Сондықтан, құрылыс нысандарын қабылдау барысында комиссия құрамына бізді қосса деймін. Бұл пікірімді үнемі айтып келемін. Тіпті, хабарласып шақырса біз өзіміз-ақ барар едік. Қазіргі заман ғаламтордың дамыған уақыты. Сондықтан өз үніңді биліктегілерге жеткізудің жолы көп. Ал жобамның басты мақсаты қаладағы жаңа құрылыс нысандарының қолайлылығын тағдырлас достарыма жеткізу. Бағдарламаның аты «Бастау». Бұл біздің өміріміздің жарқын бастауы, алға қарай ұмтылудың белгісі деп қойған болатынбыз», – дейді.

Жағдай тек сау адамның қажеттілігіне емес сонымен қатар ерекше қажеттілікті талап ететін жандарға бірдей деңгейде ыңғайлы болу қажет. Осы орайда жаңадан салынған алаңдар қолдануға тіптен қолайсыз. Назарбаев даңғылы бойында жолдан өтуге арналған жаяу жүргіншілер көпірі бар. Соның біреуінде арбадағы жандарға лифт орнатылған. Белгілі болғандай, бұл лифттің есігі де ашылмайды екен. Бұл құрылғыны қолдансын, қолданбасын 24/7 сағат жүйеге қосулы болу қажет. Қолында баласы бар аналар жоғарыға шығуға қиналып, жолды кесіп өте салады. Бұның арты оқыс жағдайға апармасына кім кепіл?

«Негізі инвотакси қызметі кешкі 5-ке дейін тапсырыс қабылдайды. Ал тұрмыстық мәселелерде қолдану мүмкін емес. Межелеген жерге жеке такси қызметін пайдаланамын. Менің арбам болғандықтан сыйымдылығы үлкен такси іздеймін. Сәйкесінше олардың ақысы қымбат. Тек бір жерге барып келуімнің өзі 1600 теңгеге шығады. Шыны керек, бұны қалта көтермейді. Осыған орай инвотаксидің қызметтік бағытына өзгертулер енгізсе жақсы болар еді. Жақында алған үйімнің есіктері арба үшін өте тар. Бөлмеден бөлмеге өту мүмкін емес. Ал төменге түсудің өзі біраз уақытты алатын жұмыс.

Әдетте емханаға немесе тіс емханаларына барғанда ерекше қажеттілікті талап ететін жандарға жағдай жасалмаған. Кейде дәрігерлер сыртқа шығып, инвотаксидің ішінде тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Аталған олқылықтарды үнемі айтып келемін. Бізге қажетті жағдайлар жасалса керемет болар еді», деп пікір білдірді Уксимбаева Зәуре.

Бір анығы, сау адам құрылыс нысандарының сызбасын жасап, қолайлылығын жоспар еткенде, мүгедек жандарды естен шығармауға міндетті. Біздегі орта барлық адамның көңілінен шығуға тиіс. Жасалған пандустар көзге ыңғайлы емес, іске ыңғайлы болуы шарт. Қаланың гүлденуі әр тұрғынға бақыт сыйлайтыны анық.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған