2021 ж. Сәуір 14

Қараөзектегі жол жөнделді

Қаладағы кенттер мен ауылдық округтерді бір-бірімен байланыстыратын күре жолдың кімге болса да жанға жайлы болғаны жақсы. Бүгінде жөндеу көрмеген жолдардың азабын күндіз-түні еңбек етіп, тынымсыз тіршіліктің бейнетін тартып жүрген тұрғындар көруде. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Қараөзек ауылдық округіне қарасты, Айнакөл ауылының тұрғындары үшін біраздан бері шешімін күткен күрделі мәселелерінің бірі – жол мәселесі еді. Осы бір автокөлік жолдарына қатысты түйіткілді түйін өз шешімін тапты десек болады. Себебі, өткен аптаның сәрсенбісінде қала әкімі Н.Нәлібаев Айнакөл ауылының кіре беріс жолына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Қарапайым халық енді қалаға су жаңа теп-тегіс жолдармен барар жеріне тез жете алатын болады.

– Ауа-райы жылынғаннан бері қалада жол жөндеу жұмыстарына кірістік. Қараөзек ауылдық округінің 6 шақырым жолдарын орташа жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 116 млн. теңге қаражат бөлінді. Оны мердігер «УАД» ЖШС жүргізіп жатыр. Өте сапалы жұмыс жасайтын «УАД» ЖШС қаладағы негізгі жолдардың барлығын соңғы 6 жылда сапалы етіп жөндеу жүргізіп келеді. Жалпы, айтар болсақ, соңғы 5 жылдың ішінде қаламызды жол құрылысын қайта жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуден өткізуге 23 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінді. Оған 500 шақырымға жуық жолдарымыз күрделі, орташа және қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде 100 шақырымның үстінде жаяу жүргіншілер жолдары салынды, оған да 2 млрд. жуық қаражат бөлінді. Негізінен біз бірінші кезекте ең күрделі жолдарды қайта жаңғыртудан өткіздік. Одан кейін орталық Жібек жолы көшесін қайта жөндеуден өткізуге 2013 жылы 1 млрд. 400 қаражат бөлініп, 4 шақырымның үстіндегі жолдарымыз жөнделіп, кеңейтілді. Жаяу жүргіншілер жолдары, аялдамалар мен жарық бағаналары бірге орнатылып халық игілігіне берілді. Сондай-ақ, қаламыздың барлық қақпаларын күрделі жөндеуден өткіздік. Біздің негізгі мақсатымыз бір жол жасасақ та, оны соңғы технологияларды пайдалана отырып, өте сапалы етіп жасауымыз керек. Қазіргі таңда біз осы мәселеге баса назар аударып, өз бақылауымызда ұстап келеміз. Биылғы жылы да бұл жұмыстар одан әрі қарай жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, қазір біз қалаға қарасты 7 ауылдық окургтер мен 2 кенттің кіре беріс жолдарына көңіл бөліп отырмыз. Бүгінде барлық ауылдық округтер мен кенттердің кіре беріс жолдарын жөндеуді аяқтадық. Соңғы жылы облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге қаржы бөлінді. Біз бұл қаржыны халық өтінішіне сәйкес 30 мыңға жуық тұрғыны бар Тасбөгет кентіндегі көшелерді күрделі, орташа жөндеуден өткізуге жұмсадық. Биылдан бастап кенттердің ішкі жолдарын жөндеуді бастайтын боламыз. Қазіргі таңда «Саяхат» мөлтек ауданында жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада ел игіліне пайдалануға берілетін болады, – деді, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Өткен сәрсенбінің сәтті күніндегі елді-мекендердегі нысандарды аралау жұмыстарының соңы Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа ағаш отырғызумен тәмамдалды. Қала жастарымен ағаш отырғызған Н. Нәлібаев қаламыздың жасыл желекке айналуына өз үлесін қосты. Орталықта орналасқан саябақты халық демалатын көрікті орынға айналдырып, абаттандыру үшін қала әкімі де, жастар да аянып қалмады.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған