QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Апатты үйдегілер баспанадан неге бас тартты?

Автор:QAA.kz

Ноя 4, 2020

«Әкімдік қайда қарап отыр?» Осы сауал әртүрлі әлеуметтік мәселелерден бөлек әр адамның жеке басына тиесілі түрлі талаптары шешім таппаса кейбіреулер үшін бірінші ойға оралатыны жасырын емес. Орынды, орынсыз талап қоюдан «тау қопаруға» әуес кей арызқой тұлғалардың тірлігі кез келген мәселені желіге жарыса жүктеумен шектелетіні тағы бар. Әлемжелідегі әлдінің әрқайсысын бір тектеп, артынша «тентек» боп проблеманың жілігін шаққан болады. Түптеп келгенде жолданған кей арыз-шағымдардың маңыздылығы мен мәні де болмайды.

Кінәмшіл жұрт ойынша ойбайлап әкімдік табалдырығын тоздырса, өзекті болған мәселенің реттелуі де ықтимал. Алайда, қанша жерден ойбайлап, үстел тоқпақтап, есік тепкілегенмен айтылған мәселенің елге, жұртқа маңыздылығы, сондай-ақ, шешілу көзі болмаса ешкімнің де оны реттеп бере алмасы анық. Содан да барынша алтынмен апталып, күміспен қапталмағанменен күн көрісі, табысы, мүмкіндігі барлардың бар мәселені шешу жолы «әкімдікке шағымдануда» деп ұғынбаған жөн ба дейсің кейде… Тіпті, әп-әдемі үй-жайы бар, еңбекке қабілетті, денсаулығы жақсы жандардың өздері де өзінің ішіп жемін, тұрағын үкіметке міндетсініп байбаламға салынуы да бүгінгі қоғамның негізгі дертіне айналып бара жатқандай… Ол рас. Бірақ, жұрттың бәрі емес… Өкініштісі, шын мұқтаждардың өтініштері «айқай» салған тұрғындардың ойбайының астында кейінге ысырылып қалып, шешім таппайтындығы. Мәселе жауаптыларды жақтап, арыз айтқандарды даттауда емес…

Титов тұрғын ауданындағы тағы бір үй апатты жағдайда. Әлбетте, қолайлы өмір қолайсыз тұрғын үйде қалай өрбісін деп ойлағанымызбенен онда тұратындар да өз қал-қадерінше өмір сүруде. Тіпті, кейбірі өз пәтерлеріне жоғары деңгейде жөндеу жасап та алған. Әрі тұрғын үй нарығында мұндағы пәтерлер өте арзан тұрмайды.

Осы жылдың қыркүйек айында аталған тұрғын ауданның Жаңақұрылыс-4 көшесіндегі 2 квартал 9-шы тұрғын үйде орналасқан 3 пәтердің қабатаралық темірбетон плиталары опырылған. Бастысы, адам аман. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен бірінші кірберісіндегі (подьез) пәтерлерде уақытша тұрақтаудың өзі мүмкін емес… Ал қалғандары бүтін.

Оқиға соңынан эксперттік қорытынды жасалып, нәтижесінде 1988 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй апаттық деп танылған.

Айта кетерлігі, бұдан бірнеше жыл бұрын да бұл мәселе көтерілген. Жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үйдің ішкі және сыртқы жағдайын ретке келтіріп, талапқа сай жаңғырту туралы ұсыныс та берілген. Алайда, тұрғындар тарапынан жаңғыртуға келісім болмаған көрінеді…

Дегенмен, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының айтуларынша бұл ұсыныспен шектеліп қалмаған.

Ондағы құжаттары реттеліп жатқан бес тұрғын үйден басқасы кезекке де тұрғызылған.

Әкімдіктегі жауаптылар бұл үй тұрғындарына бір емес бірнеше ұсыныстар жасаған. Мәселен, «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы жер үйлерге уақытша қоныстануға мүмкіндік берген. Бәйтеректің қала орталығынан алыстығын және қоғамдық көліктердің жиі қатынамайтынын себеп қылып тұрғындар келіспеген. Артынша қала орталығынан тұрғындардың өздері қалаған мекен жай бойынша уақытша жалдайтын пәтердің жарты жылға дейін жалға төленетін ақысын Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы төлеуге де ұсыныс жасалған. «Байтерек» мөлтек ауданындағы үйлерге уақытша қоныстанған 3 отбасыдан басқалары бұл ұсыныстардан бас тартқан. Бүгінде кейбірі өз пәтерлерінде, енді бірі танысы мен туыстарын паналауда.

Тұрғындардың талабы — кезек күттірмей тиесілі үйді тез арада табыстаған жөн дейді. Алайда, мұнда тұрғындар түсіністікпен қарауы тиіс бір мәселе бар дейді әкімдіктегілер. Бірнеше жыл қатарынан осы мәселемен кезекте тұрып, үйге кіреміз деген үмітпен күн санап отырғандардың да көңіліне кірбің түсіруге болмайды. Тұрғын үй кезегін бұзып, заңдылыққа қайшы әрекетке бара алмайтынын жеткізген бөлім басшысы бұл тараптан да түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін жеткізді.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев:

— Титов тұрғын ауданындағы 9-шы үйде орын алған апаттық жағдайға байланысты тұрғындарын уақытша баспанамен қамтамасыз етуге қала әкімдігі тарапынан ұсыныс берілген болатын.

Орын алған жағдайдан соң үйдің апаттық жағдайда екендігі ескеріліп, қала әкімінің тікелей тапсырмасымен тұрғындарға түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Біріншіден, тұрғындар өз құжаттарын тиісті мекемелерге ұсынып тұрғын үй кезегіне тұруда. Оған дейін екі бағытта тұрғын үймен қамту мәселесі де ұсынылды. Айта кету керек,ондағы тұрғындардың өздері екі түрлі пікірде. Бірі уақытша баспанада тұруды мақұлдаса, енді бірі қайткен күнде де кезексіз үй берілуі керек деген бағыттарынан қайтпай отыр. Олардың түсінігінде уақытша деп берілген баспана түпкілікті қалып қояды. Сөйтіп, өздері қалаған жерден сәйкесінше, шаршы метрі сай келетін баспана ала алмай қалады. Алайда, уақытша баспана екендігін растайтын келісім шарт рәсімделетіні туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Соның өзінде ұсыныстардан бас тартуда. Бәйтеректі қашық деп айтуға болмайды, қоғамдық көлік тұрақты қатынауда. Жол мәселесі де шешілді. Ауыз су бар, орталықтандырылған газға қосылған. Барлық мүмкіндік жасалғандықтан ондағы үйлер уақытша болса да өмір сүруге қолайлы.

Үйі құлап, қазіргі таңда Бәйтерек ауданындағы үйдің бірінде мекен еткен Гүлнар Қожантаеваны сөзге тартқанымызда уақытша болса да баспанамен қамтамасыз еткендерге алғыс білдіруде. Өйткені, дәл қазіргі сәтте бұдан басқа басар тауым жоқ дейді.

— Тұратын үйім апаттық жағдайда деп табылған соң, уақытша үймен қамтамасыз етілдім. Үйдің негізі құлаған бөлігі мен тұратын кіреберіс (подьез). Паналайтын тұрақ болмаған соң, әкімдік тарапынан көрсетілген көмекке жүгінудемін. Ол пәтерді сатып алғаныма екі ай болған еді. Қанша жыл ақша жинап алған үйім апаттық жағдайда екенін білген жоқпын. Сондықтан, әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға мәжбүрмін және дәл қазір кезекке қарамастан үй беріңдер деп талап қоя алмаймын. Түсіністікпен қараймын. Өйткені, ол да кезегімен реттелетін мәселе екені айтылды, — деді Гүлнар Қожантаева.

P.S: Мақала басында айтылғанның бұл тұрғындарға тікелей қатысы жоқ!

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *