«AMANAT»-тың аймақтық филиалдарында аптасына 2 рет тегін заңнамалық кеңес беріледі
Халықтың құқығын қорғауды көздейтін «Құқықтық көмек» партиялық жобасы серпінді дамып келеді. Бүгін «AMANAT»-тың Орталық аппаратында заң сарапшылары мен партияның қоғамдық қабылдауларының бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін екіжақты ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.
«AMANAT» Хатшысы Дәулет Кәрібек «Құқықтық көмек» жобасы қазақстандықтарға тегін кәсіби құқықтық көмек көрсетуге бағытталған атап өтті.
«Сарапшылармен бірге көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған адамдарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінген азаматтарға білікті заң көмегін көрсетеміз. Сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап сот шешіміне дейін өтініш білдірген азаматтардың мүддесін қорғауды жоспарлап отырмыз. Осы орайда, біз заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілуі үшін бірқатар республикалық ұйымдармен меморандум жасасамыз. Партияның облыстық филиалдарында аптасына екі рет қабылдау өткізіледі. Осылайша қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмысы жүйелі жолға қойылады», – деді ол. Сондай-ақ, партия Хатшысы «Құқықтық көмек» жобасы заңда жиі кездесетін қарама-қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретінін айтты. Тиісті талдау нәтижелері қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін ай сайын Мәжілістегі «AMANAT» фракциясына жолданып отырады. Осылайша, Республикалық нотариаттық палатамен, Республикалық адвокаттар алқасымен, Республикалық заң консультанттары алқасымен және «International Mediation Centre» РҚБ-мен меморандум жасалды.
Жыл соңына дейін «Құқықтық көмек» жобасы аясында аталған ұйымдардың заң консультанттарымен бірлесіп 1000-нан астам қабылдау өткізу, оның ішінде жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін 350-ге жуық шалғайдағы ауылдық елді мекенді қамту жоспарланып отыр.