QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Әйел билігі: Алпыс күннен асып барады…

Автор:QAA.kz

Июн 4, 2020

Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде алғашқы рет Сыр бойына аймақ басшысы болып Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова тағайындалды.

Жасыратын несі бар, бұған дейін бірнеше рет облысқа әкім болып әйел адам келетіні туралы әңгіме жоқ емес еді. Алайда, елге жеткені дәл Әбдіқалықова емес, одан лауазымы жоғары, билігі бекем, қазақша айтқанда даңқы жер жарып тұрған тұлға болатын. Содан да әйел әкім құлаққа сіңісті болып қалған шығар, наурыздың 28-інде Гүлшара Наушақызы әкім болып елге ұшып жеткенде (ұшақпен) ел соншалықты дүрліге қоймады. Бәлкім, алдындағы әкімнің “абыройсыздығынан” әлі ес жия алмағаннан да болар, болмаса, жаңа әкіммен бірге жеткен коронавирус ауруы да әсер етті? Тіпті қай ісі де көшелі дейтін Көшербаевтан кейін ең болмаса ауыл әкімі де болып көрмеген Қ.Ысқақов облыс басқарғаннан кейін жұрт үшін кім әкім болса да бәрібір болды…

Қалай айтқанда да сырттағы, әсіресе орталықтағы сарапшылардың “Қызылорда соншалықты прогрессивті аймақ емес. Патриархаттық жүйе мықтап орныққан, әлдеқандай қарсылықтар болуы мүмкін деген” сараптамаларының соңы жоққа шығуына осы жағдайлардың бәрі бірдей әсер етті? Кім білген…

Жалпы қызылордалықтарды сыртқы жұртқа түсіну қиын. Сырттағы жұртты айтпағанда, кей-кейде өздері өздерін түсінбей жатады. Алайда, басқа кей аймақтарда жоғалып бара жатыр дейтін, бірақ Қызылордада сақталып қалған, сырбойылықтар өз бренді санайтын қазақылықпен бұл жолы да ел сабыр мен төзім танытты.

Гүлшара Наушақызының Қызылорда қаласының іргесіндегі қарапайым қазақы ауылдан шыққанынан бөлек, қызметімен, іскерлігімен жоғары жаққа жақсы көрініп, қызмет тұрғысынан қанша биікке көтерілсе де, бүгінге дейін төмендегі туған елінен жырақтап кетпей, әрдайым оның мұң-мұқтажын көзден таса етпей, жақсылығына да, жамандығына да азамат, перзент ретінде ортақтасып отырғаны аймақ басшысы болып келгелі бергі алпыс күннен астам уақыттағы абырой қызметінің алғышарты болды десе де болады.

Бүгінгі билік кешегі, оның алдындағы билік үшін де бөтен емес еді… Үкімет басшысының орынбасары, Министр, Мемлекеттік хатшы, Парламент депутаты болған қай қызметінде де Сыр өңірінің экономикасы, әлеуметтік жағдайын арттыруға облысқа инвестиция тартуда, елдегі қарқын алған үлкен жобаларды Үкімет тарапынан қаржыландыруға, тағы да басқа жергілікті биліктің “қол қысқалығын” тіл көмегімен болса да ұзартуға үлес қосқаны аян.

Қай кезде де Сыр бойының мың-сан мәселесін өзіне жат санамаған оны Сыр халқы да бөтенсінбеді. “Анау-мынау” деген азды жаңа әкімнің жаңа қарқынынан үмітті көпшілік ел бас көтертпеді…

Уақыт – жүйрік, уақыт – тарих, уақыт – таразы, уақыт – айна. Ендеше аз уақыттағы облыс әкімінің көп тірлігін ресми мәліметтермен айшықтағанды жөн көрдік. Іскерлік бағасын беруді оқырманның өз еркіне қалдырдық.

P.S. Бүгінгі биліктің басты ұраны билік пен халық арасындағы сенімді нығайту. Әзірге алғашқы іргетасы қалануда.

С.БИХОЖА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *