2021 ж. Сәуір 14

ҚАЛА ТАБИҒАТЫ ТАЗАРДЫ

Қоршаған ортаны таза ұстау – тазалықтан өзге денсаулықтың кепілі. Табиғаттың түлейтін сәтінде тиісті амалдарды жүзеге асыру – адам баласына жүктелген міндеттердің бірі. Әсілінде, бұл тірлік көгерген көктем мезгілі қарсаңында қолға алынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі көгалдандыруды жақсылап қолға алуды және экологиялық жағдайды жақсартуды тапсырған болатын. ҚР Президентінің осы тапсырмасы негізінде ел бойынша «Таза табиғат» экологиялық акциясы ұйымдастырылуда. Жақсылық пен қуаныш бастау алатын «Ұлыстың ұлы күні» мерекесі қарсаңында көпшілік жақсы ниетпен алдымен айналасын тазарта бастайды.

Жыл басын табиғаттың сұлулығына ден қоюдан бастап, көгалдандыру жұмыстарына басымдық береді. Бұл бұрыннан қалыптасқан үрдіс бүгінде де жалғасын табуда. Мәселен, Қызылорда қаласында өткізілген «Таза табиғат» акциясы. Науқан қарсаңында қала тұрғындары тал егіп, ертеден келе жатқан игі дәстүрді жүзеге
асыру мақсат етілген.

Биыл облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың бастамасымен Тұңғыш Президент атындағы саябақта ағаш отырғызу
рәсімі бастау алды.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – молшылық пен ізгіліктің бастауы. Бабаларымыз Әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырған. Бұл – ежелден келе жатқан біздің ата-салтымыз, әрі бүгінгі күні жастарға көрсетер тәрбиелік мәні зор үлгі-өнегеміз. Туған жерді және оның табиғатын қадірлеу – азаматтық парызымыз десек, өзіміз тұратын ауламызға тал егіп, туып-өскен аймағымызды көгалдандыру өмір салтына әрі күнделікті дағдымызға айналуы тиіс деп білемін. Сыр халқын осы игілікті іске белсене араласуға шақырамын.

Экологиялық акция тек қала орталығында ғана емес, қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерде де жүргізілді. «Титов» мөлтек ауданында батыр аналардың бастауымен тұрғындар 100 ағаш
егіп, аталған мекен жайдың көркеюіне өз үлестерін қосты.

Қалалық «Тұрғын үй –коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбек:

  • Акция аясында Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен орталық көшелер мен саябақтарда 1700 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде Тұңғыш Президент атындағы саябаққа,
    орталық көшелер мен «Тағзым» алаңы, «Темір жол» саябақтарында, Жанқожа батыр ескерткіші маңында 1100 ағаш көшеттері отырғызылды.

Бұл акция барысында еріктілер мен тұрғындардан өзге әкімдік қызметкерлері де білсенділік танытты. Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен түрлі мекеме қызметкерлері 500 түп ағашын еккен. Қаланың орталық көшелерінен өзге науқан саябақтар мен
аллеяларда да ұйымдастырылуда.


А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған