QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ҚАЛА ӘКІМІНІҢ СЕНЕРІ КІМДЕР?

Автор:QAA.kz

Окт 29, 2020

Қаланың бүгінгі келбеті келісті, әрі көрікті. Жыл сайын жаңарып, жасарып һәм жаңғырып келеді. Әкім бастаған басшылық топтың қайсыбір ісі болмасын жемісті, әрі жүйелі нәтижесін беруде. Қала әкімінің ойға алған жоспарларының оң нәтиже көрсетуіне қала халқының да биліктің қамқорлығына алғысы мен шынайы сенімі бастау болса керек. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі тарихқа көз жүгірте сараласақ қаланы ұзақ билеген биліктегі басшылардың алғашқысы — Нұрлыбек Нәлібаев Машбекұлы.«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өткеннен бүгінге дейін қала тіршілігінің жандануына бас-көз болған басшының біліктілігі турасында сөз өрбітуге дәлел де, дәйек те жеткілікті. Сапаны, нәтижені және тұрақты жүйені жаны сүйетін әкімнің екі сөзінің бірі де осы турасында. Ол қала билігіне келген уақыттан бері құрылыс қарқын алып, қала көлемі кеңейіп, қоқыс тазарып, мәдениеттің маңызы артып, әдебиет әлемі әдеміленді және тағысын тағы… Әлбетте, басшының біліктілігі әуелгі сөз болуы керек. Әйткенмен, ел мақтауы мен жұрт сүйіспеншілігі тікелей әкімге бағытталғанмен, ортақ істің орынды орындалуына оның командасының да үлесі басым. Басшы көрсеткен бағыт бойынша өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындайтын орынбасарлардың да еңбегі ерең. Сонымен, Нұрлыбек Машбекұлы маңайына жинаған мамандар турасында да сөз өрбітелік. Алдымен, саты бойынша әкім жайында айталық…

Нұрлыбек Машбекұлы НӘЛІБАЕВ

Қызылорда қаласының әкімі.

«Құрмет» және «Парасат» ордендерiмен марапатталған.

«Капитан»

Анықтама:

Туған күні, айы, жылы: 13.10.1976ж.

Ерекшелігі: қазақша ән айтып, атпен серуендегенді ұнатады.

Әдебиеті: тарихи және классикалық жанрларды көп оқиды.

Нұрлыбек Нәлібаев бір кездері Шиелінің әкімі болып, аудан аумағында біршама тындырымды тірліктер атқарғанына қарап көпшілік оны шиелілік дескен. Шын мәнінде, ол Жаңақорған ауданының тумасы. Бүгінгі лауазымына дейін бірнеше қызмет сатысынан өтіп, әр алуан сала бойынша тәжірибесін де арттырды. Мәселен, 2005 жылы Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 2007 жылы Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы ретінде біліктілігін танытқан Машбекұлына 2008 жылы Шиелі ауданы әкімі лауазымы сеніммен тапсырылды. Шиеліні шет ел қылмаса да, облыстағы ілгері дамыған аудандардың біріне айналдырып, дамушы елдің бетке ұстар аудандарының тізімнен бір-ақ шығарды. Оны мойындау керек. Аудан тұрғындары бүгінге дейін әлі мақтайтын Нұрлыбек Нәлібаевтың біліктілігі облыс орталығына керек-ақ болды. 2013 жылы Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев оған сенім білдіріп Қызылорда қаласы әкімі қызметіне тағайындады.

Содан бері қала көлемінде жүйелі жұмыс, нақты нәтиже арқасында көркейген қаланың абыройлы әкімі мен қаланы таза ұстауға болатындығына, қаладағы тірліктердің сапалы орындалатынына, ешкімнің де мұқтаждығының тысқары қалмайтындығына сенім білдірген тұрғындар да бір-бірімен үйлесім тауып келеді.

Бектас Балғабайұлы НҰРИДДИНОВ

Қала әкімінің орынбасары

Анықтама:

Туған жылы: 1976

Ерекшелігі: Суда жүзу

Әдебиеті: Кез келген жанрдағы туындылар

Ұстанымы: Әділдік пен шынайылықты ту ету

Марапаты: Облыс және қала әкімінің Алғыс хаттары

Бектас Нұриддиновтың қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына да 2 жылдан асып барады. Басшысы секілді қызметтегі тұрақтылық пен тиянақтылықты жақсы көретін бұл лауазым иесі Жаңақорғаннан емес, қазалылық. Облыстың бірнеше аудандары мен қалада салық саласында еңбек еткен Балғабайұлы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары қызметін де абыроймен атқарған. Бүгінде өзіне жүктелген салаларына басшылық жасаумен қатар ол коронавирус уақытында жеке қорғаныш құралдарын насихаттап, қаланың кез келген көшесінде, демалыс орнында елмен бетпе бет келіп, оқшаулануға үгіттеп, қалалықтардың денсаулығының сақшысына айналғандай. Нақ індет өршіген сәттен қала кәсіпкерлерінің жанынан табылып, той тойлатып тәртіп сақтамаған тұрғындарды тәртіпке үгіттеп келе жатыр. Қала әкімдігі жанынан құрылған жедел штабты басқарып, мезгілмен санаспастан қызмет жасағанын айтпай кетуге болмас. Ол — қатаң тәртіп бекітіліп, көшелерде үнсіздік орнап, тынымсыз тіршілік тоқтағанда өз денсаулығын қаперге тіккен және ахуалды тұрақтандыру турасында қызмет еткен. Әлі де осы бағытпен өзіне жүктелген міндетті ұрандатпай-ақ, әлем желіге жүктеп жарыспай-ақ жауапкершілікпен тындырып келеді.

Елмұрат Нұрмаханбетұлы РАХМАТУЛЛАЕВ

Қала әкімінің орынбасары

Анықтама:

Туған жылы: 1982

Ерекшелігі: Спортқа бейім

Сүйіп оқитын әдебиеті: Детектив жанрлары

Ұстанымы: Кез келген тұрғынның арызшағымына атүсті қарамау

Марапаты: Әлеуметтік желідегі тұрғындардың ризашылығы мен алғыстары

24 сағат үзіліссіз жұмыс жасайтын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімін бір жыл басқарған Елмұрат Рахматуллаев та биыл қызметін жаңартты. Лауазымның көтерілгені болмаса, әлі де коммуналдық салаға тікелей жауапты. Қаланың тумасы еңбек жолын түрлі бағытпен байланыстырған. Бұған дейін бір-екі ауылдың гүлденуіне үлес қосып, кәсіпкерліктің жандануына себепкер де болды. Елдің алдында мұратын айқындаған Елмұрат бұл салаға басшылық еткен биылғы уақытта жолдардың салынуына, спорт және балалар ойын алаңдарының тұрғызылуына, көпқабатты тұрғын үйлердің жаңғыруына һәм жаңаруына, жаяу жүргіншілер жолының толықтырылуына және қала тазалығын назарға алуына бір кісідей-ақ үлесін қосты. Карантин күшейген сәтте де тұрғындардан жолданған үзіліссіз хаттар мен қоңыраулардан түскен мәселелердің оң шешім табуын өз міндетіне балады, әрі қарай саладағы амалын қарады.

Асқарбек Темірбекұлы ЕСЖАНОВ

Қала әкімінің орынбасары

Анықтама:

Туған жылы: 1978

Ерекшелігі: Өлең жазу, ҚР журналистер одағының мүшесі, «Серігім сенің пәк сезім…» өлеңдер жинағы жазылған кітабы бар; Спорттан күреске бейім

Әдебиеті: А.Құнанбаев, М.Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, поэзия Ұстанымы: «Әсемпаз болма әрнеге…» Елжандылық, шынайылық, адалдық

Марапаттары: ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медаль, ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік медаль, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медаль, ҚР Мәслихаттарына 25 жылдығына арналған мерекелік медаль.

Осы жылдың 5-ші маусымынан бастап қала әкімінің орынбасары лауазымына ие болған Асқарбек Есжанов бұған дейін де біршама қызметті абыроймен атқарды. Сырдың Жалағашында дүниеге келген ол қызмет жолын оқытушылықтан бастаған. Осы салада жинаған тәжірибесі себеп болса керек, қалалық білім бөліміндегі жұмысты ілгерілету бір кездері тірлікті темірдей тәртіппен тындыратын Темірбекұлына табысталған болатын. Сондай-ақ, облыс, қала және қалалық мәслихатта аппарат басшысы қызметтерін де атқарып, жұмысын жүйелі үйлестірген. Ол қала «мәдениетін» біршама қалыптастырған соң, бағыттағы басшылық Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бүгінге дейін бірнеше саланы тізгіндеген Асқарбек Есжанов біздің басылымға берген сұхбатында:

«Мемлекеттік қызметтің миссиясы — халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Бұл жауапты іс бізге жауапкершілікпен жүктелетіні де мәлім. Сондықтан, мемлекеттік қызмет тізгініндегі адам қай сала жаныма жақын деп емес, мен ел-халыққа қаншалықты жақынмын деген ойда болуы керек», -деп қызмет барысындағы негізгі ұстанымына тоқталған болатын. Ол карантин деп дабыл қаққанда, міз бақпастан кей көше кезген және вандализмдікке барған жастарды түзеуге басымдық беруде. Осылай, өзі айтпақшы ел-халықтың жанынан табылып, жастарға жөнді жол сілтеуде. Міне, дәлел.

Мәдениетті басқарған кезіндегі басшы бүгінде әдебиеттен бейхабар емес. Өзі — ақын. Яғни, шығармашылық саладан ада емес. Көпшілік Есжанов идеологияның иірімдерін игерген деп иланады. Күмән да, күдік те жоқ.

Жанмұрат Жақсымұратұлы СЕЙІЛОВ

Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы

Анықтама:

Туған жылы: 1985

Ерекшелігі: (Хоббиі) Жаяу жүру, серуендеу

Әдебиеті: Тарихи деректі.

Ұстанымы: Кез келген ситуацияға дайын болу. Оңтайлы шешімін таба білу. Қарапайымдылық, сабырлылық.

Марапаттары: Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медаль, ҚР Мәслихаттарына 25 жылдығына арналған мерекелік медаль

Жоғары білімін өзге өңірлерде жетілдірсе де, іс жүзінде тәжірибесін Қызылорда қаласында арттырып келеді. Қызметтегі алғашқы баспалдағын облыс әкімдігіндегі инспекторлықтан бастаған ол Балалардың құқықтарын қорғау департаменті мен ішкі саясат басқармасында бас маман болған. Сейіловке сенген болуы керек, қала басшысы әкімдіктен бас инспектор, әкім көмекшісі, бөлім басшысы сынды жауапты қызметтерді тапсырды. Соңыра Қызылорда қалалық мәслихаты аппаратының басшысы да болды. Жас болса да, бас болған басшының біліктілік бағасы оң бағытта.

Айдана ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *