QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Қала әкімі «сандарды сөйлетті»

Автор:QAA.kz

Сен 21, 2020

Әкімдіктің мәжіліс залында әдеттегідей аппараттық жиын өтті. Мұнда талқыға түскен тақырыптар саны және мазмұны турасынан ауқымды. Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен өткен кезекті отырыста сандар сөйледі десек те болар. Дәлірек айтсақ, қала бюджетінің игерілуі сарапқа салынып, әлеуметтік-экономикалық даму қорытындалары мен алдағы міндеттер нақтыланды.

Осы жылдың сегіз айлық көрсеткіші бірқалыпты. Экономикалық тұрғыдан жағдай тұрақты, әрі статистикалық мәлімет бойынша өсу қарқыны байқалады.

Мәселен, ауыл шаруашылық саласындағы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 102,9 пайызды құрады. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 103,0 пайызды құраған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 244 429 шаршы метрі құрап, өткен жылмен салыстырғанда 87,2 пайыздық көрсеткішті көрсетуде.

Бөлшек сауда көлеміне 170 227,1 млн.теңге тиесілі болып, 98,3 пайызды құрайтын көрінеді. Пайыздық көрсеткіштің төмен болуын бөлім басшысы індет кезеңінде азық-түліктен өзге әртүрлі тауарларды сататын сауда нүктелері мен дүкендердің жабық болуымен байланыстырды. Артынша қала бюджетінің кірісі мен шығысына да тоқталды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова:

— Қала бюджетінің 2020 жылдың 1 қыркүйектегі кірістер болжамы 105,5 пайызға орындалды. Өз кірістері бойынша 119, 2 пайызға межеленген мақсат жүзеге асқан. Шығыстар жоспарына тоқталар болсам, 97, 4 пайыз тиесілі.

Айта кетерлігі, қала бойынша бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 193 152 теңгені құрап, көрсеткіш 112,4 пайыздық үлесін көрсетуде. Жыл басынан бері 2592 адам қоғамдық, 368 адам әлеуметтік және 1280 жас маман жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қала бюджетінің игерілуі де күн тәртібінде талқыға түскен тақырыптың бірі болды.

Қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейтмахан Айменовтың айтуынша 1 млрд. 361, 2 млн теңге көлеміндегі қаражат игерілмеген. Мәселен, қалалық білім бөлімі 99,5 пайызы, нақтырағы 106,3 млн.теңге, қалалық құрылыс бөліміне тиесілі 862, 8 млн теңге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде 178,4 млн теңге және жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілер бөлімінде 126,6 теңгенің жоспарлы жұмысы жүзеге аспаған.

Себебін бөлім басшысы С.Айменов былайша тарқатты:

— Игерілмеген қаржылардың басым бөлігі «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесі Республика бойынша жүктемелер саны артып, толыққанды жұмыс істемеуіне байланысты.

Бұл жауапты мардымды көрмеген қала басшысы еш сылтау айтпай қаржының уақытылы әрі сапалы игерілуіне басымдық берілу керектігін тапсырды. Онымен қоса, осы айдың соңына дейін тиісті қаржының орынды игерілуін жүктеді.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Алдын ала әрекет жасалуы тиіс! Оған дейін қаражаттың игерілуі неліктен қадағаланбады? Қиындықпен келіп жатқан қаржының уақытылы игерілмеуі – ҰЯТ! Жоспарланған қаржы орнымен игерілуі міндетті! Әр бөлімнің басшысымен және әр ауылдық окруктің әкімімен тікелей байланыса отырып, бөлім өз міндетін атқаруы тиіс. Оның үстіне, 9 ай да жауапты уақыт. Айдың соңына дейін 100 пайыздық көрсеткішпен игерілуі керек. Бірақ, ешқандай кемшіліксіз, сапалы, әрі заңды түрде жүзеге асырылуы керек.

Алаңдауға негіз бар. Неге десеңіз, қалаға қарасты кей ауылдық округтерде 94, 5 млн теңге игерілмеген. Мәселен, Қарауылтөбе ауылдық округінде 17,5 млн.теңге, Талсуат ауылдық округі бойынша 35 млн. теңге және Тасбөгет кенті бойынша 21,7 млн.теңге бар.

Қала әкімі жиын барысында бөлімдерге бөлінген, алайда мерзімінен кеш жүзеге жатқан жұмысты сынға алып, тапсырмаларды жаудырды. Сондай-ақ, жылу, су, кәріз жүйелерінің жұмыстары осы айдың соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс екенін алға тартты.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *