25 мамыр мектеп бітірушілер үшін алтын ұямен қоштасып үлкен өмірге қадам басатын сәт болса, мектеп оқушылары үшін көңілді жазғы демалыс, енді бірі үшін тынымсыз еңбек тоқсаны. Түлектер соңғы рет соңғы қоңырау үнін естісе, демалысты асыға күткен оқушылар үшін тоғыз ай бойы көтерген сөмкені үш айға тастап мектеппен аз уақытқа қоштасар күн. Сондай-ақ, бұл күні өңіріміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылады.
Мамыражай мамыр айының 25 күні Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде «Болашақ жастардікі» атты соңғы қоңырау салтанаты өтті. Түлектер үшін соңғы рет соғылған соңғы қоңырау шарасы Қазақстан Республикасы Әнұранымен басталды. Мерекелік шараға Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келіп мектеп бітірушілер мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, алдағы ҰБТ-дан сүрінбей өтулеріне сәттілік тіледі.
Құрметті мектеп бітіруші түлектер мен ұстаздар, сіздерді кезекті оқу жылының аяқталуымен, жас түлектеріміздің мектеп бітіруімен құттықтаймын. Бүгін ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Тағы бір оқу жылы артта қалды. 11 жыл бойы білім теңізінен нәр алып, мектеп атты ұлы білім ордасыннан тәлім-тәрбие алған әрбір түлек үшін бұл сәт жаңа өмірдің бастамасы. Бүгін барлық мектептерде балғын балалықтың соңғы қоңырауы соғылуда. Қазіргі таңда, қаламызда 1725 түлек жаңа өмірге жолдама алуда. Олардың ішінде 1315 мектеп бітіруші ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынамақ. Оның 120-сы «Алтын белгіге», 101-і «Үздік аттестатқа» үміткер және 92 түлек халықаралық және республикалық жоғарғы оқу орындарының өткізген олимпиадаларына қатысып, грант иеленгендер. Білім беру ата-ана үшін ғана емес, ұстаз үшін де — парыз. Қазір білім санмен емес сапамен өлшенетін уақытқа айналды. Кемел білім мен ғылымды басты бағдар еткен елімізде, әр азаматтың білім алып қалыптасуына қажетті барлық жағдай жасалған. Соның нақты көрінісі, бүгінде қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды ендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осының барлығы сіздердің келешекте бәсекеге қабілетті, білікті маман болып қалыптасуларыңыз үшін жасалып жатқан нақты шаралар. Сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың және аялап өсірген ата-аналардың үмітін ақтап, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне жас түлектердің қосар үлесі зор деп сенеміз, — деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Биыл қала бойынша орта білім алып шыққан 1725 түлек үлкен өмірге қадам басты. Олардың армандары асқақ. Бірақ көңілдері алаң. Себебі, алда олар үшін «ұлы бір төңкеріс» саналатын ұлттық бірыңғай тестілеу және мамандық таңдау деген секілді жауапты кезең күтіп тұр.
Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі былтырғы 2017-2018 оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіш бойынша 96,5 пайызбен көш басында тұр. Абылай Жалғасбай мен Азат Әлдешов былтырғы оқу жылындағы ҰБТ нәтижесімен бірі 135, бірі 134 балл жинап, мектептерінің мерейін өсірген. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерінің биыл да сондай көрсеткіштерге жетеміз деген үлкен үміті бар. Биыл мектеп абыройы мен ұстаздарының үкілеген үмітін ақтаймыз деген 68 мектеп бітіруші бар. Олардың 5-і «Алтын белгіге» үміткер болса, 10-ы «Үздік аттестат» иегері. Ал, 2 оқушы ЖОО-ы өткізген түрлі олимпиадалар қорытындысымен мемлекеттік грант жеңіп алғандар.
Қала әкімінің құттықтау тілегінен кейін түлектер мектеппен қоштасу әнін орындап, шараға жиналғандардың діріл қаққан сезімдерін одан әрі толқытып жіберді. №15 мектеп-лицейінде 68 оқушыға соғылған соңғы қоңырау үні олар үшін естен кетпесі анық. Себебі, олар мектеп табалдырығын аттағаннан алғашқы қоңырауды, әліппені үйреткен алғашқы ұстазын, бір-бірінің бала күнгі талай тентектіктерін барлығын ұмытпайды.
Биылғы 2018-2019 оқу жылы «Жастар жылымен» тұспа-тұс келіп отыр. Осынау 25 мамыр айтулы күні бүкіл түлектердің жүректерінде бір жылы сезім пайда болатыны баршамызға белгілі. Қимастықпен алтын ұямызды тастап бара жатқанымыз әрине, менің де көңіліме бір ерекше сезім ұялатқаны рас. Қазіргі таңда менің таңдап отырғаным биология-химия пәні. Болашақта қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша жұмыстар жасағым келеді. Менің осындай жетістікке жеткенім, бізді осындай шәкірт етіп тәрбиелеген, білім берген ұстаздарымның арқасында, — дейді мектеп бітіруші түлек Жаннұр Қалыбек.
Сонымен, сыңғырлаған соңғы қоңырау үнін соңғы рет еститін сәт те келіп жетті. Оқу үздігі болған Досымжан Шалман пен 5 сынып оқушысы Құралай Мерген барша қауымның алдында соңғы қоңырауды соғып өтті.
Мен №15 мектеп-лицейінде оқығаныма өте қуаныштымын. Мектепте білім берген мұғалімдеріме алғысым шексіз. Жаңа өмірге қадам басқалы жатырмыз, осы қадамымызға гүл бітсе екен. Мектеп бітіріп жатқан барлық түлектерге сәттілік тілеймін, — дейді «Үздік аттестат» иегері Сәлима Мұғжапбар.
Түлектер қимастықпен әндерін шырқап, ақ жол тілектерін ұстаздарына жаудырып жатқан да, енді ғана мектеп табалдырығын аттап жатқан кішкентай балалар жас түлектерге дайындаған тілектері мен тақпақтарын айтты.
Соңдарынан ерген кішкентай балалардың тілегінен кейін түлектер мектептегі соңғы қоңырау шарасынан есте қалар қоштасу вальсін биледі. Мектеп алаңының қақ ортасына жиналған бітірушілер әуенге ілесе отырып, мың құбыла билеп шықты. Түлектер үшін соғылған соңғы қоңыраудың соңы қолдарына ұстаған ақ көгершіндері мен аспанға шар ұшыру сәтімен аяқталды.
Кіршіксіз таза пейілдеріндегі жүрекжарды жылы лебіздерін кеуделеріне таққан ленталарына жарыса жазып жатқан түлектер, осы бір әрекеттері арқылы мұғалімдері мен жиылған ата-аналардың көңіліне ерекше бір сезім ұялатты.
Бүгін Мырзабек Дүйсенов атындағы мектептің 11 «Б» сыныбын немерем бітіріп жатыр. Міне, «тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» демекші, немерем үлкен азамат болып мектеп бітіріп отыр. Ұлы Абай «баламды медресеге біл деп бердім» деген ғой, міне, біз де баламызды осыдан 11 жыл бұрын білім алсын, білсін деген ниетпен М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейіне бердік. Білім беріп, қатарының алды қылған ұстаздарына алғысымызы шексіз. Барлық балаларға ақ жол тілеймін, алдынан жарқыраған күн шықсын. Алға қойған армандары орындалсын. Халқына қалаулы, еліне елеулі азамат пен азаматша болсын. Міне, менің де осындай сыңғырлаған соңғы қоңырауды естігеніме 50 жыл толыпты. Сезім ерекше, — дейді арнайы немересіне келген Айман әже Әмзеева.
Біздің мектеп 2018-2019 оқу жылында көптеген жетістіктерге жетті. Оқушыларымыз түрлі халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленді. Мәселен, Дубай қаласында өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға 4 оқушы қатысып, биология бағыты бойынша 9 сынып оқушылары Аймерей Байғабылова, Дана Айдарбек бас жүлдемен оралса, география бағыты бойынша Шахризада Ақмұрат І орынды қанжығасына байлады. Ал, химия бағыты бойынша 10 сынып оқушысы Афрасияб Кобдиков жүлделі І орынды иемденді. Сонымен қатар, Москва қаласында өткен «Математика және жобалау» ғылыми жоба конкурсына қолданбалы математика бағыты бойынша Назым Жұмабай есімді оқушымыз қатысып ІІІ орынды иеленді. Мектебіміздің жетер жетістіктері әлі алда. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында барынша күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, — дейді мектеп директоры Күміскүл Серекеева.
Өмірдің жаңа белестеріне сақадай сай тұрған мектеп бітірушілерге айтарымыз, дүниенің қай бұрышында болсаңдар да білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қадам басуда шамшырақтарың бола білген мұғалімдерің мен 11 жыл бойы екінші үйлерің болған мектептеріңді ұмытпаңдар дегіміз келеді. Сәт сапар, сіздерге, жас түлек!
Т.КЕНЖЕБАЕВА