Кезекті еңбек демалысынан келген қала әкімі өз жұмысына кірісті. Қала әкімі Н.Нәлібаев ең алдымен ауылдық округтердегі жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысуды құп көрген сыңайлы. Сонымен, 23 шілде күні Н.Нәлібаев Қарауылтөбе ауылдық округіне ат басын бұрды. Негізгі себеп, ауылдағы С.Байсейітова көшесіндегі орташа жөндеуден өткен жол, А.Иманов көшесінің бойындағы газ құрылысымен танысып, тұрғындармен тілдесу.
Бүгінде ауылдық жерлердің көркеюі мен дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Көптеген ауылдық округтер мен кенттердің жолдары жөндеуден өтіп, тұрғындар газбен қамтамасыз етілуде.
Қарауылтөбе ауылдық округінің жай-күйімен танысуға келген қала әкімі алдымен ұзындығы 1,6 шақырым болатын Сары Байсейітов көшесіне жүргізілген жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Орташа жөндеуден өткен бұл жолға облыстық бюджеттен 48 864 мың теңге бөлінген. Оны мердігер «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жүргізген. Биылғы жылдың маусым айынан бастап жұмыстарына кіріскен мердігер компания жоспарлаған межелі уақыты қыркүйек айына жеткізбей шілде айында жұмысты тиянақты түрде аяқтаған. Қала әкімінің жөндеуден өткен жолдармен танысады дегенін естіп келген ауылдың бірнеше ақсақалы жұмыс басына келіпті. Олардың әкімге айтар рахметі мен уәжін де тыңдадық. Қарауылтөбенің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Досмаханұлы әкімге: «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» демекші, Сары Байсейітов көшесінен кейінгі Қызылжармаға қарайғы 1,2 шақырымды құрайтын жолды да асфальттап берсеңіздер. Себебі, соңғы аялдамасы біз жақтағы көпірден 1 км ғана алшақ тұрады. Егер де Қызылжармадан бері қарайғы жол жөндеуден өтсе, қоғамдық көліктер 2 бағытта қатынайтын еді. Қоғамдық көліктің екі жаққа да қатынағаны қызылжармалық тұрғындар үшін де, қарауылтөбеліктер үшін де тиімді болар еді» деді.
— Барлық мәселе рет-ретімен шешіледі. Барлығына бірдей бюджеттің мүмкіндігі болмайды. Не нәрсе болса да ең алдымен қаражат керек. Мәселе тек қаражатпен ғана шешіледі. Сол себепті, кішкене шыдасаңыздар шешімін табамыз. Маршруттан ешқандай да мәселе жоқ. Бастысы жол болғандықтан, алдағы уақытта екі ауылдың әкімдері өзара жолға керекті қаражатты есептеу керек, — деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.
Жолдың жағдайын көрген қала әкімі одан кейін жүргізілген газ құрылысының барысымен танысты. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның демеушілігімен жүргізілген газ құбырларын тарту жұмыстарының құны 33 млн. теңге. Бүгінде ауылдың 110 тұрғын үйі көгілдір отын кіргізіп жатыр. Ал қалған 138 үйдің тұрғындары жыл соңына дейін газбен толық қамтылатын болады.
— Қарауылтөбе ауылдың округінде 2167 тұрғын бар. 375 отбасы бар. Биылғы жыл біздің округте жақсы жаңалықтар жетерлік. Ауылда халықтың көп сұрайтыны газ кіргізу болатын. Міне, бұл мәселе де өз кезегімен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның демеушілігімен шешімін тауып жатыр. Газдандыру жұмыстарына қажетті жабдықтарды беретін мекемелерді «ҚазТрансГаз Аймақ»-пен бірігу арқылы тауып жатырмыз. Алдағы тамыз айында «Мектепке жол» акциясы басталады. Былтырғы жылы 75 оқушыға көмек көрсетілсе, биыл да ол акция өз жалғасын табады. Сонымен қатар, Елбасымыз айтқандай дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін шағын және орта бизнесті дамыту керек. Міне сол, шағын және орта бизнес ауылға қажет. Себебі, ауылдық жерлерде мал бордақылау сынды жұмыстар жасауға ыңғайлы. Осы бағытта 8 жобамыз өтіп тұр. 4 жоба «Ауылшарушылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы болса, 4 жобамыз «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы қаржыландырылады. Олардың бірі мал бордақылаймыз десе, бірі монша, енді бірі шаштараз ашамыз дегендер. Біздегі кәсіпкерлік деңгейі жыл басында 76 пайыз болса, қазіргі уақытта 92 пайызға жетіп тұр, — дейді Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Бекболат Шәріпбеков.
Ауылдық округтегі газ тарту желісінің жалпы ұзындығы 4,2 км (110 үй). Оны «Лидер Контракшн» ЖШС жүргізген. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның демеушілігімен жасалып жатқан жұмыс маусым айында басталған.
Барлық нысандарды аралаған қала әкімі ауылдық округте орналасқан №179 Айтбай Хангелдин атындағы мектепке барып, жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі әкімге алғысын айтып жатты, енді бір-екеуі округке мәдениет үйі (клуб) мен газға қажетті жабдықтарды сататын дүкен ашып беруін сұрады. Тіпті, әкім қабылдауына келген бір тұрғынға округ әкімі Бекболат Шәріпбеков сіздерге газға қажетті барлық жабдықтар сататын дүкен ашып жатырмыз. Жақында орталыққа бармай, осы жерден ала аласыздар деді.
— Осы ауыл «Ғалымдар мекені» деген атағы шыққан елдімекен. Күріштің сорттарын өсіруде. Ауыл жылдан-жылға ұлғайып, жақсарып келеді. Мұнда қай салада болмасын алға жылжу бар. Ауылымыз «Елге ел қосылса-құт, елден ел кетсе-жұт» демекші елге ел қоысылып, халық саны да артып дамып жатырмыз. Қалаға Нәлібаев келгелі біраз мәселеміз шешімін тапты. Қоғамдық көліктер қатынап, жолдарымыз жөндеуден өтіп жатыр. Одан бөлек, 2011 жылы жаңа орта мектеп салды. Ал қазіргі біздің мәселеміз газ болып тұр. Бірақ ол да өз шешімін тауып, тікелей қала әкімінің қолдауымен газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдың тыныс-тіршілігі, жалпы жағдайымыз жақсы. Ел болғандықтан шешімін таппаған түрлі мәселелер бола береді, десе де біздің мәселелер шешіліп жатыр, — дейді Қарауылтөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Досмаханұлы.
Қарауылтөбеліктердің мұң-мұқтаждығына құлақ түрген қала әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелердің өзінің қатаң бақылауында болып, ауылды көркейту мен дамытуда талай игілікті істерді атқаратындығын айтып сендірді.
Т.КЕНЖЕБАЕВА