QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚАЛА КҮНІН БІР АПТА ТОЙЛАЙМЫЗ

Автор:QAA.kz

Сен 30, 2021

Қала әкімдігіндегі аппараттық мәжілісте біраз шаруалар талқыланды. Алдымен қала әкімі ауыл шаруашылығы бөлімінің су жаңа басшысы Әзірбек Нұрбекті таныстырды. Бұған дейін де бірқатар аймақтарда ауыл шаруашылығы бойынша тәуір жұмыстар атқарған дейді ұзынқұлақ.

Сонымен қатар, түрін көрмесек те осы уақытқа дейін атын естіп жүрген Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы лауазымына тағайындалған полковник Чункунов Алмас Тілеуқабылұлы көпшілікке таныстырылды.

Ал күні бұрын облысқа жоғарылап кеткен қала әкімінің кезіндегі орынбасары Асқарбек Есжановқа Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасы табысталды. Шоқ гүлдері мен марапатын алып, бұрынғы орынбасар бұрынғы әріптестерінің орны қашанда бөлек, оларды тіпті қимай тұрғанын, бір отбасыдай болып кеткенін жеткізіп, жылы естеліктерімен бөлісті. Артынша мәжіліс залынан шығып, жаңа жұмысына кіріскен-ді.

Жиында алғаш болып қалалық қаржы бөлімінің басшысы С.Айменов баяндама жасады. Қаладағы жасалған коммуналдық жұмыстардың инфрақұрылымдардың қаражаты, жұмсалу реті, игерілуі бойынша бірқатар ақпарат берді. Жыл басында бекітілген қала бюджетінің көлемі 52 млрд. 030,2 млн. теңге құраса, бүгінгі күнге республикалық, облыстық бюджеттерден қосымша бөлінген қаржылар есебінен қала бюджетінің көлемі 64 млрд. 307,8 млн.теңгеге теңгеге ұлғайды. Қалалық қаржы бөлімінің басшысының жасаған баяндамасына сәйкес, бүгінгі күні Қызылорда қаласының кіріс бөлігі жалпы 108,1 пайызға орындалған. Десе де, қаржының игерілмеген тұстары да бар. Оның үстіне ол қаржылардың кейбірі республикадан бөлінген.

Өз кезегінде қала әкімі қаржыны игермеудің қылмыспен тең екенін жеткізді. Қысқасы баяндамашының сөздеріне көңілі толмады.

Артынша Ғанибек Қонысбекұлы қалалық экономика және бүйжетті жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханованың баяндамасын тыңдады. Баяндаманың өзінде қаржылық білімі жоқ адам қатты шатасады. Қысқасы бұл бөлімнің жұмысы тым оңай еместігін білдіреді.

Сондай-ақ, шексіз сандарды артқа тастап, қаламыздың да мерекесі, туған күнінің жақындап келе жатқанын естен шығарғандаймыз. Індетпен күресіп жүріп, туған шаһарымыздың туған күні екені еске оралды.

Бұл тұрғыда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Ниязов баяндама жасады. Әзірше жасалған жобалары тым тәуір. Кезіндегідей атақты әншілер мен шоу жасалмаса да, бұл күнгі карантин кезі үшін еркін мерекелік кештер, түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Дәстүрлі Қала күні мерекесіне орай, қаламыздың мерейтойын атап өтуге алты жоба әзірленді. Жалпы қала күні 23-28 қазан аралығында тойланбақ. Атап айтқанда: «Спорт» күні, «Білім» күні, «Қайырымдылық» күні, «Ауылшаруашылық» күні, «Тазалақ» күні, «Мәдениет және руханият» күндері өткізілетін болады . Қала күні мерейтойы қарсаңы Тазалық күндерінен бастау алып қаланың барлық тұрғындары және сала бойынша барлық мекемелермен сенбілік күндері өткізілмек. Сондай — ақ, мереке «Qosyl acoustic» акустикалық ән кеші, «Neet» санатындағы жастар арасында «Workout» сайысы және «Extreme» заманауи би сайыстарымен бастау алатын болады. Мереке қарсаңындағы Спорт күнінде «Салауатты Қызылорда» атты жеңіл атлетикалық кіші марафон жарысы өткізіледі. Қатысуға ниеттілер әрі кетсе он шақырымды бағындырады. Одан әрі, Білім күні жалғасып «Қызылорда – интеллектуалды қала» атты интеллектуалдық сайысы, «Қызылорда менің көзіммен» атты жас суретшілер байқауы және Текей батыр көшесінде орналасқан бастауыш сыныбына арналған 100 орындық жеке мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. Мерекенің жалғасы ретінде «Мейірімге толы қала — Қызылорда» атты тұрмысы төмен отбасыларына арналған қайырымдылық акциялары өткізілетін болады. Ауылшаруашылық күніне орай, «Қымыз — Шұбат» және «Қауын — қарбыз» атты фестивалін ұйымдастырып, «Қазыналы Қызыл­орда» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілмек. Мәдениет және руханият күні қарсаңында түрлі деңгейдегі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Атап айтар болсақ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдығына орай жаңа кітабының тұсаукесері болмақ. Не болса да айтыстың маңында жүргендіктен айтысқа қатыстыларды да қалаға тартып жатқаны қуантады. Ол ол ма, өзіміздің театрда «Ұлардың даусы» қойылымның премьерасы болмақ. «Жасай бер, жайнай бер Қызылорда!» атты гала — концерт өткізу жоспарлануда. Ең бір ұтымды бастаманың бірі Сырдария өзенінің бойында қоныс тепкен мемлекеттердің, ұлттардың өкілдерін қосып, керемет фестиваль дайындау ойда бар.

Бұл жоспарларды тыңдаған қала әкімі өзінің оң бағасын беріп, карантиндік шараның әлі қалай болатынын, ол күнге жетем дегенше не жағдай болатынын да ескеріп, барынша сақтық шараларын қадағалап өткізуді тапсырды. Бәлкім, жоғарыда айтылған жоспарлардың кейбірі тізімнен алынып тасталуы да мүмкін екенін жеткізді.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *