QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Қала күні: Қызылорда «ұзарып» келеді

Автор:QAA.kz

Сен 28, 2020

Сырдария өзенінің оңтүстігінде әні мен сәні жарасып, ырысы мен ынтымағы үйлесім тапқан халық шоғырланған елді мекен бар. Елбасының өзі Алаштың Анасына баласа, көпшілік «ырысты-күрішті Орданың ортасы» деп те атайды. Асылында, Сырдың елі қандай да «әсірелеуге» лайық екені де сөзсіз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмай, қонағы мен жолаушысына төрін ұсынып, ат шаптырып, той тойлатып күтіп алуды әр тұрғыны әдетке айналдырған. Қандай да бір мерекені өз деңгейінде, дәстүрге сай атап өту де мұндағылар үшін ертеден бойға сіңген қасиет. Жиған-тергенін тойға шашқан халық емеспіз бе? Олай болуы да жөн.

Айтпағымыз, қала тұрғындары жыл сайын қыркүйекті думандатып шығарып салатын. Жылдағы дәстүр биылғы пандемияның әсерінен ойдағыдай, дұрысы жоспарлағандай той тойлауға тосқауыл болды. Әйткенмен, карантин режиміне қарамастан, қала көшелеріндегі жүріп жатқан жөндеу жұмыстары мен қарқын алған құрылыс та жемісті, әрі нәтижелі болып, тұрғындар игілігі үшін кәделі сыйлар осылай тарту етілді.

Қала күні қарсаңында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға беріліп, аллеялар мен саябақтар ашылды. Ресми түрде ленталар қиылып, игілік үшін қолданысқа берілсін деген сарындағы ақ баталар айтылды. Жоспарға сәйкес, қала әкімі жыл бойына жасаған жүйелі жұмыстарды рет-ретімен саралап, тойдың төрінен орын алған облыс басшысына жік-жігімен жекелей таныстырды.

Сонымен, қала күні қарсаңындағы мәдени бағыттағы онлайн-іс шаралардан өзге, ауқымдыларын тізімге сәйкес тарқаталық.

«Денсаулық» саябағында қандай шаралар өтеді?

«Алаштың анасы, бақыттың қаласы – Қызылорда!» атты мерекелік бағдарламаның алғашқы бағыты – «Денсаулық» саябағы болды. Тұңғыш Президент атындағы саябақтың жанында орналасқан бұл демалыс орнының лентасы мереке қарсаңында қиылды. Абанттанған саябақ кіре берісінен-ақ атына сай құдды адам жанының саулығына үлес қосатындай әсерге бөлейді. Денсаулық саябағының «У-шу» орнап, тіршілік қайнаған орталықтан емес, қаланың кіре берісінен, дәлірегі тыныштық орнаған түстан салынуында да мән бар. Іші толық абаттанған. Келушілер үшін 6 спорттық ойын алаңы, орындықтар және веложол қарастырылған.

Одан қалды түнгі жарық шамдары мен аяқ су каналы да бар. Жұмысты «Бақ-Береке 2030» ЖШС атқарған.

— Саябақтың жоспарлы жұмысы 2018 жылы басталып, биыл толық аяқталды. 2 км су арнасы салынды. Нақтырағы, 10450 шаршы метр аумақ абаттандырылды. Ерекшелігі – саябақ өзеннің жағасында орналасқан. Демалыс орынды салудағы мақсат – жергілікті тұрғындар бос уақытында серуендеуге қолайлы орындардың санын арттыру, — деген «Бақ-Береке 2030» ЖШС директоры Айбек Ерназаров осы арқылы 2 жылда 200 адам жұмыспен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Бұл саябаққа тиесілі ендігі жоспар – ойын аттракциондарын орналастыру. Спорттық сарындағы шараларды өткізіп, халық саулығын басты назарға алуды мақсат еткен саябақ көпшілік үшін қолайлы болары да айқын.

Шара барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова саябақтың тұрғызылуына үлес қосқан әр маманның жүйелі жұмысына алғыс білдіруді назардан тыс қалдырмады.

«Сыр Ана» сұлулана түсті

Кезектегі келесі бағыт – өзен жағасында орналасып, биіктігімен ерекшеленетін «Сыр Ана» монументінің маңы болды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өткен бұл алаңның тынысы ашылып, бой көтерудегі негізгі мақсат енді ғана айқындалғандай. Кеңістігінен қолайлы орындықтардан бастап орналастырып, спорттық кешеннің түр-түрі салынды. Демек, әрідегі тіпті, берідегі халыққа серуен құруға таптырмас аумақ болды деуге негіз бар. Жұртшылық орталық алаңды айнала бермей, демалыс уақыттарын жаңа әдіспен түрленген монумент маңында өткізетіндеріне де разы. Өйткені, жоғарыда аталған қажеттіліктерден өзге мұнда ағаш көшеттері егіліп, газон да төселген. Яғни, 3 мыңнан аса шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Монументтің оң және сол қапталында заманауи үлгіде салынған субұрқақ та бұл тұстын көркіне көрік қосты. Жаңғырған һәм жаңарған алаңның келбетімен танысқан облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова сөз алып, қала жұртшылығын айтулы мерекемен былай құттықтады.

«Тұңғыш Президент саябағы, Рәміздер алаңы, Сыр ана монументі, сол жағалаудағы Рухани жаңғыру, Жастар орталықтары, Сыр сүлейлері аллеясы, әуежай кіреберісіндегі жаңа қақпа, екі жағалауды қосатын көпір, жаңа демалыс орындары, түрлі саябақтар, заманауи сауда орталықтары, қаланың әр бұрышында орналасқан түрлі архитектуралық кескіндер мен көздің жауын алатын әсем гүлзарларды көргенде, сүйсінесің. Ал, самаладай жарқыраған түнгі Қызылорданың келбеті бізді ерекше күйге бөлесе, сырт адам тамсана, қызыға әрі қызғана қарайды. “Дарияның жағасында бір қала бар” деп, ақындар жырға қосқан Қызылорда қаласының мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа шаттық, береке-бірлік орнасын!»

Жаңа білім нысаны ашылды

Қала мектептеріндегі өзекті мәселе – орын тапшылығы болатын. Бұл проблеманың қала күні қарсаңында шешім табуына қадам жасалды. Олай айтуға жаңадан бой көтерген білім ұясының пайдалануға берілуі сеп. Жаппасбай батыр көшесінен бой көтерген нысан – № 282 мектеп-лицейі. Мұндағы орын саны 600-ге жуықтайды. Әр сынып талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ұстаз бен шәкірт үшін қолайлы жағдай назарға алынып, ғаламтор желісі де қолжетімді деңгейде қарастырылған. Білім ордасына тиесілі тағы бір жаңалық – кіреберістен күтіп алатын жеделсатының салынуы. Одан өзге әр оқу сыныбының атауына сай, қабырғаларда ақпараттардың суреттермен байланыстыра бейнеленуінде болса керек. Қысқасы, «креатив» ұғымын осы жаңа білім ордасынан кезіктіруге болады. Ғимаратттың жоғары сапада салынуына «Ария-Жаңа Астана» ЖШС-і үлес қосқан. Шара барысында перзентін жаңа мектептен білім алуын жөн көрген ата-ананың бірі ізгі лебізін ортаға салды.

Ата-ана Салтанат Аймаханова:

— Көптен күткен білім ордасының ашылу рәсіміне куә болып отырмыз. Мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы. Бүгін балаларымызбен бірге біздер, яғни ата-аналар қауымы да қуандық. Шағын мөлтек ауданымызға үлкен білім ордасының бой көтеруіне үлес қосқан қала әкіміне алғыс білдіреміз. Енді еш алаңдамай, балаларымыздың жақын жерден білім алатынына куә боламыз. Мектептен білімді, өнерлі шәкірттер шығатынына сенім білдіремін.

Абзал жандар үшін аллея ашылды

Мереке қарсаңында адам жанының арашасы болған медицина мамандарының еңбектері ескерусіз қалмады. Облыстық медицина орталығының алдынан арнайы салынған «Дәрігерлер» аллеясы да іс шара барысында пайдалануға берілді. Ашу құрметі облыс басшысына және денсаулық сақтау саласының ардагері Абдулла Шүленбаевқа жүктелді. Аймақ басшысы сала мамандарының табандылығын тілге тиек етіп, қызметтегі міндеттерін қашан да абыроймен атқаруына тілектестігін білдірді.

Содан кейін қос әкім көпбейінді облыстық аурухананың екі дәрігеріне пәтер кілттерін табыстады. Нұрсұлан Назарбаев даңғылының бойында салынған аллея жергілікті дәрігерлерге көрсетілген құрметтің төресі болса керек.

Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш бюсті қойылды

Қала ажарының бүгінгідей айшықталуына ертеден үлес қосқан тұлғалар жайында көптің білуі тиіс. Олардың сол тұстағы ерлікке толы батыл істері мен облыс аумағының өркендеуіне қатысты игі бастамалары турасында да мәліметтермен әр тұрғын қанық болғаны жөн. Осы мақсатта қаланың қақ ортасынан мақтаулы сөзге лайық мемлекет және қоғам қайраткері Ыдырыс Қалиевтің ескерткіші қойылды. Желтоқсан мен А.Тоқмағамбетов көшелерінің қиылысындағы бұл бюсттің ашылу рәсімі де қала күніне арналған мереке қарсаңында жүзеге асты.

Алаштың арда азаматының ескерткішін ашу рәсімі қарсаңында ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлының үкіметтік жедел хаты оқылды. Одан кейін Гүлшара Әбдіқалықова өр тұлғалы азаматтың ерлігін баяндады.

— Біз асылын ардақтай білген халықпыз. Сыр өңірінен шығып, аты Алашқа белгілі болған арыстарымыз аз емес. Солардың бірі де бірегейі – адалдығымен, азаматтығымен ел есінде қалған Ыдырыс Қалиев. Ол — Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына үлес қосты. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Тарихи тағылым» атты мақаласында: «Біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуді қолға алуымыз керек» деп атап өткен болатын. Міне, осы орайда, туған жердің дамуында өзіндік қолтанбасы қалған қайраткерге деген шынайы құрметіміз ретінде Қызылорда қаласында Ыдырыс Қалиевтің ескерткіші қойылды.

«Құрмет Орденімен», екі мәрте «Қызыл Ту», «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қызылорда облысының және қаласының, Арал, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы» аталымдарына ие болған тау тұлғаға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі арнайы қойылым негізінде бастау алды.

Сол жағалаудан су жаңа пәтерлердің кілттері табысталды

Қала аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстары жүйелі нәтижесін беріп келеді. Әсіресе, қаланың Сол жағалауындағы жаңадан бой көтеріп жатқан нысандардан бөлек, тұрғын үйлердің саны артты. Мәселен, 620 пәтерлік 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Кезекте тұрған тұрғындардың

қуанышы мұнымен тоқталмасы айқын. Өйткені, жыл соңына дейін 680 пәтерлік арендалық 14 көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстары аяқталса, ел игілігі үшін пайдаға беріледі деп күтілуде.

Мерекелік кестеге орай өткізілген бұл шарада облыс және қала басшылары 20 пәтердің иесіне кілттерді табыстап, қоныс тойларымен құттықтады. Жаңа үй берекелі болып, әр шаңырақ ырыс пен несібеге толсын деп жүрекжарды тілектерінде жеткізді.

Айта кетейік, бұл күні тұрғындарға кілті табысталған үйлердің құрылыс жұмыстарын «Бақ-Береке 2030», «Дәнекер», «Сапақ», және «Астана Сервис ЛТД» компаниялары жүзеге асырған.

«Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында бой көтерген несиелік үйдің иегері атанған Ұлбала Мұстафаева қуанышты әсерімен бөлісті.

— Екі ғасырдан бері тарихы бар қаламыздың туған күні құтты болсын! Қала күні қарсаңында сол жағалаудан 2 бөлмелі пәтерге ие болдым. Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктері мен жеңілдіктерін пайдалана отырып, баспаналы болдық. Мен үшін қуанышты күн. Зәулім үйлер әріқарай да салына берсін дейміз. «Тұрғын үй» құрылыс жинақ банкіне алғыс білдіремін. Мен он жылдан аса уақытта ақшамды жинақтап, жемісін көрдім.

Шара соңында бата беріліп, шашу шашылды. Соңыра әкімнің қолынан кілттерін алған қоныс иелері пәтерлеріне бағыт алды.

Ойын алаңы пайдалануға берілді

Игі шаралар күні балалар да назардан тыс қалмады. Олар үшін жаңа мектептен өзге ойын алаңдары да пайдалануға берілді. Айта кетерлігі, бұл – тұрғындар игілігі үшін қолданысқа берілген кезекті алаң. Бұған дейін қаланың әр мекен жайынан спорттық құрылғылар орнатылған кешендердің бірнешеуі салынды.

Мереке аясында қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов Панфилов көшесіндегі алаңға барып, ондағы бүлдіршіндермен тілдесті. Ата-аналардың разылыққа толы лебіздерін тыңдап, қала күніне орай балаларға спорттық құралдарды тарту етті.

— Бұл алаңның ерекшелігі – жаттығуға арналған қондырғылардан өзге футбол алаңы да қарастырылған. Мақсат – қала түрғындарына салауытты өмір салтын сақтауға мүмкіндіктер мен қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, жасөспірімдерді спортқа баулу үшін аула клубтарының санын арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынуда. Осы ретте пайдалануға берілген және жөндеуден өткен спорт кешендерін қала тұрғындары күтіп ұстаса деген ұсынысымыз бар, — деген

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов ондағы тұрғындарды ортақ мерекемен құттықтауды ұмыт қалдырмады.

Қызылорда қаласының тұрғыны Тамаша Әбілқасымова:

— Қаламыз жан-жақты бағытта өркендеп келеді. Соның ішінде балалар үшін қолайлы спорт кешендерінің салынуы бізді қуантты. Өйткені, олар спортпен де шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Оларға жасалған мүмкіндіктер үшін біз алғыс білдіреміз. Балалардың қуанышы – біздің қуаныш!

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *