QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қала күні қалай тойланады?

Автор:QAA.kz

Сен 21, 2020

Жыл сайын күздің алғашқы айында тұрғындар қала орталығында түрлі бағдарлама негізінде ұйымдастырылған шараларға, қызылды-жасылды безендірілген сахнадағы концерт пен отшашуларға куә болатын. Яғни, Алаштың алғашқы Астанасы атанған облыс орталығының мерейлі мерекесі кең көлемде атап өтіліп, көпшілікке рухани серпіліс сыйлайтын кештерімен маңызды болды. Атаулы күнді тек қала тұрғындары ғана емес, өзге де елді мекендерден ат басын бұрған қонақтар да қызықтап, тойлауды жыл сайынғы дәстүрге айналдырды.

Бұл турасында қалалық әкімдікте өткен аппараттық жиын барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов баяндады.

Әлі де солай… Күнтізбедегі елеулі күн биыл да ескерусіз қалмақ емес. Алайда, әлемге аты танымал «Карантин» режиміне сәйкес, той тойлаудың әдебі мен бағытына әртүрлі өзгерістер енгізілді.

Сонымен, Қызылорда қаласының 203 жылдығы тарих бедерінде мынадай мәдени шараларымен есте қалмақ…

Алдымен, мерекенің лебі сезілу үшін қаладағы орталық көшелер, одан қалды қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерге безендірілу жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, әлеуметтік желілер арқылы 60-қа жуық іс-шара онлайн негізде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, еңсесін тіктеп, бірқатар жаңғыртудан өткен ескі ғимараттар мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар мереке қарсаңында халық игілігі үшін пайдалануға беріледі.

Бір аптаға лайықталған жоспар облыс және қала әкімнің қатысуымен бірқатар бағдарламаларға ұласып, шаралар 25 қыркүйек күні қорытындыланады. Мәселен, «Денсаулық» саябағы пайдалануға беріліп, қайта жаңғыртудан өткен «Сыр ана» монументінің маңына арнайы ат басын бұрып, бүгінгі кескініне көз жүгіртеді. Одан қалды Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан №282 мектеп-лицейінің ашылу рәсімі өткізіліп, «Дәрігерлер» аллеясы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қос әкім Панфилов көшесінде тұрғызылған балалар ойын алаңына арнайы барып, ондағы бүлдіршіндермен де кездеспек.

Сонымен қатар, бұл күні қала тұрғындары Мемлекет және қоғам қайраткері Ы.Қалиевтің ескерткіш бюстінің ашылуына қатысып, «Тағзым» алаңының бүгінгі кейпіне куә бола алады. Артынша, сол жағалаудан салынған көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер кілттері табысталады. Кешкі уақытта «Сыр ана» алаңындағы мерекелік концертке ұласып, Н.Бекежанов атындағы драма театрының сахнасында «Абай» операсының премьерасы сахналанатын болады.

Айта кетейік, аталған іс-шараларда адамның көп шоғырланбауы басты назарға алынады. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жиналыс барысында жауаптыларға жүктегені де осы. Тағы бір ерекше атап өтерлік ақпарат – қала күні қарсаңында тұрмысы төмен 800 отбасыға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Бұл атаулы дата қарсаңында әдеттегідей «жаттанды» әдістерден өзге, игілікке толы бастамалардың саны артты деген сөз.

Мінберде міндетіне сай, жоспарын мәлімдеген мәдениеттің басшысы торқалы тойды тойлаудағы басты мақсатты атап өтті.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов:

— Мақсат – әрбір қызылордалықтың шынайы мақтанышын ояту. Облыстың тарихи — мәдени, ғылыми-білім беру және іскерлік орталығы ретіндегі оң имиджін ілгерілету болып табылады.

Қала күні мерекесі тек түрлі шаралармен шектелмейді. Биылғы жылдың ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі қалаға қарасты бірнеше мекен-жайда өтеді деп жоспарлануда.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *