QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Қайтарымсыз гранттар қалай және кімдерге беріледі?

Автор:QAA.kz

Июн 19, 2019

Қызылордалық жас кәсіпкерлер енді қайтарымсыз 3 млн. теңге алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов пен Қызылорда кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Мырзағали Ермаханов толық түсіндірді.

2013 жылдан бері «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында біраз бизнес-идеялар қолдау тауып, көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыста 51 168 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, олардың ішінде тек 43 788 ғана жұмыс жасап тұр.

– Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына, жұмыссыздар санын барынша қысқартуға мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың, қаржы институттары мен «Даму» қорының түрлі бағдарламалары өз септігін тигізуде. Осы бағдарламалар аясында өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін былтыр әртүрлі қаржы көздерінен 32 млрд. теңге тартылып, оның ішінде «Старт-ап» жобаларға бағытталған болса, ал биылғы жылға 34 млрд. теңге қарастырылды. Мұның ішіндегі 5 млрд. теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталуда, — дейді Фердоуси Қожабергенов.

Аталған гранттық негіздегі 3 млн.теңгелік қаржыға қол жеткізу үшін «Бизнестің жол картасы 2020» немесе «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқудан өтуі керек. Егер оқудан өткендігі туралы сертификаты бар болса (сертификаттың жарамдылық мерзімі 2 жыл), оны қайта оқудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру үшін сұратылған грант қаражатының 10 пайызы мөлшерінде өзінің үлесін қосуы керек, яғни кәсіпкер қаржылай немесе жылжымайтын/жылжымалы мүлікпен қатысып, міндетті түрде жұмыс орнын құруы тиіс. Осы талаптарға сай болса, қайтарымсыз гранттар беру конкурсына қатыса алады.

– 2019 жылы мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдау рәсімі биылғы жылдың 10 маусымынан – 21 маусымына дейін жалғасын табады. Биыл осы конкурсқа республикалық бюджеттен 31 млн.теңге бөлініп, оның 21 млн. теңгесі «Жастар жылына» орай жас кәсіпкерлерге берілетін болады, — деді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Әбілқасымұлы.

Конкурсқа шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде кәсібін ендігі ғана бастаған немесе бастаймын деп жүрген 19-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер қатыса алады. Олар ұсынған бизнес-идеялар мен индустриялық-инновациялық жобалар арнайы комиссия отырысында қаралады. Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, салалық сарапшылар мен ғылыми-білім беру мекемелерінің қарауынан өткен соң комиссия тарапынан оң шешім алған бизнес-жобаларға грант беріледі. Және қаржыны алған күннен бастап 1 жылдың ішінде шарт талаптарының орындалуын қадағалап, «Даму КДҚ» АҚ-мен мониторинг жүргізетін болады.  Ал егер, қаражатты жәй өзіңіз үшін, яғни мақсатсыз негізде алатын болсаңыз, ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен алған қаражаттарды қайтарып алу бойынша іс-шаралар өткізіледі.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *