2021 ж. Сәуір 14

АДАМ ҰРЫ БОЛЫП ТУМАЙТЫНЫ АНЫҚ

«Тәуелсіздіктің төл құрдастары»

Қоғамның тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін жауапты сала қызметкері – учаскелік полиция инспекторы. Мезгілге бағынбай, жүктелген жауапкершілікті тиісінше абыроймен атқаратын ішкі істер қызметкерлері турасында қоғамда алуан пікір қалыптасқан. Алайда, небір сындарлы сәттер мен қиын да күрделі кезеңдерге куә болып, тыныштыққа үндейтін сала мамандарының еңбектері ескерусіз қалмауы тиіс. Осы орайда, Қызылорда қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Досмағамбетовпен тілдесіп, айтарын тыңдадық.

– Қызылорда қаласы бойынша қылмыстың орын алуы қай деңгейде?


– Ауыр қылмыстар саны 2/1 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 58,5 пайызға және онша ауыр емес қылмыстар саны 40 пайызға төмендеген. Қылмыстарды талдау барысында тонау, ұрлау, қарақшылық, бұзақылық, алаяқтық, есірткіге қатысты ұрлықтар біршама төмендегені анықталды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны да 41 пайызға азайған.


– Соңғы уақытта ұрлыққа баратындар жиі кездесуде. Қала көлемінде белең алып жатқан бұл қылмысқа баруға жұмыссыздықтан тыс қандай себеп бар?


– Зерттеу барысында қылмыстардың басым бөлігі жұмыссыз азаматтардың қатысуымен көп болатыны анықталады. Оған баруға түрлі нәрсе себеп болады ғой. Адам ұры болып тумайтыны анық. Қоғамдық орта мен тұрмыстық жағдайы да әсер етеді. Алайда, әр адам табысты болудың жеңіл түрін таңдап, қылмыстық әрекетке бармағаны абзал.


– Учаскелік полицейлердің жұмыстарына көпшіліктің көңілі толмайды. Не себеп деп ойлайсыз?


– Жалпы учаскелік полицейлер халықпен байланысты нығайту
үшін күніне 3-4 рет көшелерді аралап, хал-жағдайларын білу қажет. Аймақтағы тұрғындар саны көп болғандықтан учаскелік полицияның жұмысы оңай еместігін шамалауға болады. Ол үшін аулаларға бейнебақылау камералары көбірек қойылса дейміз. Қай жақта қандай оқиға болып жатқанын көріп отырсақ, сол бойынша жедел түрде жұмыстар жүргізе алар едік. Сонда халықпен байланыс та жоғары деңгейге көтеріледі. Жалпы, қоғам болғандықтан әртүрлі пікірдің болуы да заңдылық. Дегенмен, учаскелік полицейлер өз жұмысына немқұрайлы қарамайтыны айқын.


– Жалпы осы сала қызметкеріне тиесілі негізгі қасиеттер қандай болуы тиіс?


– Жылдамдық пен шапшаңдық, тез шешім қабылдап, шұғыл әрекет ете білу. Халықпен араласа білу, сыпайы әрі ұстамды болу да аса маңызды. Жалпы жұртшылықпен тіл табысу – кез келген учаскелік полиция инспекторы үшін ең басты талап. Азаматтардың қауіпсізігін қамтамасыз ету, жүктелген міндеттерді абыроймен атқару үшін де
батылдық пен еңбекқорлық, тәртіп пен табандылық та қажет. Сабырлылық пен төзімділік те бойдан табылуы тиісті. Әртүрлі қылмыстық әрекеттерді анықтау барысында осы талаптарды төзіммен орындай білген адам өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындайды.


– Бұл бойда болуы керек принциптермен қаншалықты ұштасады? Өз бойыңыздағы қасиеттерге тоқталыңызшы…


– Мен үшін қызметтегі ең басты міндет – ол қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.


– Ішкі істер органдарының мамандарына тиесілі қызметтегі қатаңдық жеке өмірінде қаншалықты көрініс табады?


– Жұмыс орнында түрлі оқиғалар мен жағдайлар орын алып жатады.
Алайда, қандай да болсын негативті үйге әкелмеуге тырысу керек. Ең бастысы өз жұмысыңа мұқият болу және күйзеліске берілмеу.


– Жүгі де жауапкершілігі де аса ауыр жұмыс қой. Ерлерден бөлек,
бұл салада жұмыс істейтін әйелдер қауымы да бар. Көзқарасыңыз қалай?


– Егер адам жұмысын жақсы көріп, бар ынта-жігерімен істесе жұмыстың ешқандай ауыртпалығын сезбейді. Бүгінгі таңда қызмет ерге немесе әйелге тиесілі деген қағида қалыптаспаған. Қолдан келсе, бірлесе атқарғанның әбестігі жоқ. Өйткені, ортамызда ер мінезді нәзік жандыларымыз да бар.


– Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу сізге қаншалықты жауапкершілікті жүктейді?


– Туған жылым Тәуелсіздік ұғымымен байланысып, біте-қайнасып жатқанының өзі мен үшін мәртебе дерсіз. Осы уақыт аралығында еліміз біршама жетістіктерді бағындырса, ондағы халықтың бірі әрі тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде маған үлкен жауапкершілік жүктелетіні айқын. Өз Отаныма адал қызмет ету арқылы, отбасымның бақытына себепкер болуым керек. Сондай-ақ, өзіме
тиесілі учаскенің ғана емес, инспектор ретінде қала аумағының жалпы Елімнің берекесі мен тыныштығы үшін тиісті міндетті орындаймын. Осы арқылы мен тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде өзіме тиесілі міндетті абыроймен атқарамын.


– Аталған сала мамандарының қызметтегі жауапкершілігі тым
жоғары. Алайда, бұл қоғам тарапынан қаншалықты бағалануда? Және жалақы деңгейі көңіл көншітерлік пе?


– Жоғарыда атап өткендей учаскелік полицияға бағытталған әртүрлі
пікірлер қалыптасқан. Бірі әртүрлі себептермен алғысын жаудырып жатса, енді басқалары өзге пікірлерін жеткізуі мүмкін. Қоғам болған соң түрлі ойдың айтылуы да қалыпты. Ал, жалақы мәселесіне келетін болсақ, өз отбасымды асырауға жеткілікті деңгейде.


– Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған