QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АДАМ мен ВИРУСТЫҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ

ByQAA.kz

Қаз 1, 2020

Бұған дейінгі қиындықтан кейін елдің ойы екінші толқында болып тұр. Жүздескенде мал-жанның амандығын сұрасатын жұрт қазір екінші толқынның келеркелмесін сөз етуде. Вирустың бірінші толқынында құрбан болғандар аз болмады. Қазақстанға төтеден төрлете келген «Ковид-19» қай жылға дейін әлемді шарламақ? Бұл сұрақ әр адамның көкейінде.

COVID-19 ҚҰРБАНДАРЫ

Дүниежүзі бойынша қыркүйектің 28-іне дейін коронавирус науқасынан қайтыс болғандардың саны 1 млн 002 мың 383 адам болған. Worldometer порталының мәліметінше әлемде 33 млн 303 мың 209 адам ауру жұқтырып, оның 24,6 млн-ы тәуір болған. 4 млн-нан астам сырқат тіркелген елдер қатарында АҚШ, Үнді елі, Бразилия бар. Мәселен, АҚШ-та 7 млн 321 мың 343 адам ауру жұқтырса, оның 209 мың 453-і қаза болып, 4,56 млн адам тәуір болған. Екінші орында Үнді елі. Мұнда 6 млн 73 мың 348 адам ауырып, оның 95 мың 547- сі қаза болып, 5 млн-ы айыққан. Бразилияда 4 млн 732 мың 309 адам ауырып, 141 мың 766 адам қаза болып, 4 млн-нан астамы тәуір болған. Жалпы есеп бойынша жер бетінің 1 млн тұрғынының 128,6 адамы қаза болған. АҚШ-та 1 млн тұрғынның 632-сы, Үнді елінде 69-ы, Бразилияда 666-сы COVID құрбандары. Ал бұрынғы кеңестік елдер қатарында Армения, Молдова, Қырғызстан елдері көш басында.

Жақын арада Украина президенті Зеленский бар шындығын жұртқа айтып, аурудың екінші толқынын ресми қарсы алды. Қазақстандағы вирустың ықпалы ақыр соңы дәріханалардың саңырауқұлақтай қаптауына және бетперде тігетін кәсіптің дамуына ықпал етті. Енді бір реттік бетперде тігетін орындар бізде де болмақ. Қандай жағдай болмасын біздің дайындық осал емес.

Жыл соңына дейін елдегі аймақтарда 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынбақ. Тура бес жылдан кейін 20 көпсалалы денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілмек. Президент тапсырмасына сәйкес барлық олқылықтар түзелуде. Ауруханаларға жетілдірілген медицина көліктері берілді. Оның ішінде біздің аймаққа бес көлік бұйырыпты. Медицинадағы қолайсыздықтардың молдығы вирустың тайраңдауына жол ашқаны рас. Бұл ретте халық та абыр-дабыр болып, сенер-сенбесін білмеді. Көз алдындағы жақыны вирустың құрсауында қалғанда ғана бетперде таға бастады. Оның өзінде бір реттік деп аталатын бетпердені әркім әрқалай пайдаланды. Біреуі жыртылғанша, басқасы жоғалтқанша тақты. Бір реттікті мың реттік қылуды да үйрендік. Ендігі масканың бағасы тұрақталып, жалпыға ортақ баға қалыптасты.

Медицинадағы жүйенің реттеліп, шыңдалған кезі. Арқасын қағып вирусты шығарып салдық деп жүргенде оның бірталай мекенде өршіп тұрғанын байқадық. Аса қауіптің иісі сезілмесе де вирустың айналып қайта соғатыны шындыққа келіңкірейді. Біздегі дәрігерлерге отандық, қолайлы арнайы киімдер тігілмек. Онымен қоса, Қызылордадағы «Dalatex» ЖШС бір реттік бетперде өндірісіне лицензия алды. Қыркүйек айларында ендігі 17 дәріхана іске қосылды. Кезекті азайтып, мейлінше адам арасындағы қашықтықты сақтап, дәрілер тапшылығын азайту үшін жасалуда. Адам мен вирустың қақтығысы қашанғы жалғасатыны белгісіз. Бастысы, алып-қашпа әңгімеге сенбей, денсаулық әл-ауқатына жіті көңіл бөлу қажет.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған