2021 ж. Сәуір 14

АБАТТАНДЫРУ ДЕҢГЕЙІ ҚУАНТАРЛЫҚ ПА?

Көпшілік алдымен өздеріндегі әлеуеттің артқанынан тыс, тұрғылықты мекеннің көрікті болуын қалайтыны жасырын емес. Ол жекелей емес, ортақ абырой екенін білсе, мұндағы жұртшылыққа жүктелер жауапкершілік те аз емес. Дәлірегі, күн санап көркейген қала келбетінің қаз қалпында сақталуы тұрғындарға да міндет. Бұл қашаннан қалыптасқан қағида. Алайда, мұражайдағы құндылықтай сақталуы тиіс қаланың бүгінгі болмысы мен келісті келбеті қай деңгейде? Бұл тұрғыдан абаттандырылуының өзі бөлек тақырып… Жалпы, соңғы кездері Қызылорда қаласында жасалған, жүзеге асқан және алдағы айқын жобалар турасында ауыз толтырып айтуға болады. Тізіп жазар тізімге жүгінсек, өткен жылдың өзінде біршама бастамалар мен жарқын бағыттар облыс орталығының оң бағытта дамуына септігін тигізгені тағы бар. Жөнделген көшелер, жаяу жүргіншіге салынған арнайы жолдар, төселген брусчаткалар, шуағын шашқан жарық шамдары қаланың абаттанғанын айғақтаған болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, сәйкесінше қазірден жүзеге асуда. Демек, Қызылорда қаласы бүгінгіден де айшықтала түспек. Мәселен, жан-жақты өзгеріске тап болатын «Арбатты» алайық. Күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың есімі берілген көше толығымен жаңармақ. Жаяу жүргінші үшін қолайлы брусчаткелер төселіп, қадам сайын орындықтар қойылып, қоқыс жәшіктеріне дейін қамтамасыз етіледі. Аталған жұмыстар уақыт күттірмей бүгінде жүзеге асуда. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының нәтижесімен «Еңбек» шаруашылық жүргізуі құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына сенім тапсырылған. Мұнда 249 түнгі жарық шамдары орнатылса, орындықтар мен қоқыс жәшіктерінің 44-і қамтылады. Жауаптылардың сөзінше, сапасы сын көтеретін брусчаткалар 16 230 м2 көлемінде төселуде. Белгі үшін емес сапа үшін атқарған жұмыс осы жылы толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек. Арбаттың бойын мұнан өзге субұрқақтар да толықтырмақ. Бір емес үш субұрқақ орналастырылады. «Еңбек» шаруашылық жүргізуі құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі келесі жұмыс Әйтеке би көшесіне де бағытталады. Қала орталығына тиесілі бұл көшеге абаттандырылу жұмыстары жүргізілуде. Жаяу жүргіншілерге салынған жолдың 4989,74м2 көлеміне брусчатка төселіп, 97 түнгі жарық шамдары орнатылады. Сондай-ақ, демалушыларға арналған 69 орындық пен қоқыс жәшіктері де қамтамасыз етіледі.
Осындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу барысында қалалық Ахаж бөлімінен некелерін қиып, қуанышты жүзбен шыққан жас жұбайларды кезіктірдік. Маңайда жасалып жатқан жұмыстарды көріп, олар жүрекке ғана емес көзге де қуаныш сыйлайтынын атап өтті.

  • Біз қазіргі эпидемиялық ахуалға сәйкес, сақтық шараларды сақтау арқылы тек осы бөлімге келіп неке қиып, шаңырақ көтердік. Бастысы, бізге тиесілі бұл қуанышымызды туған қаламызда, ең
    жақындарымыздың жанында атап өтсек болғаны. Қаламыз расында көркейіп, көшелері жөнделіп келеді. Жылдан жылға оң өзгерістерге куә болудамыз. Әсіресе, мына бүгін біз аяқ басқан Әйтеке би көшесінде жүргізіліп жатқан жұмыстар да қуантарлық. Жаңа өмірге қадам басқалы тұрған жұптардың өмір жолы түзу
    болсын деген ниетпен де жасалып жатқан болуы керек (күліп). Жауаптыларға алғыс білдіреміз!, – деген жас жұбайлар қуанышты сезіммен қаланың мұнан әрі көркеюіне тілектестіктерін білдірді. Абаттандыру жұмыстарына стадион маңайында жасалып жатқан жұмыстарды да жатқызуға болады. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат игеріліп, аталған аумақта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмысқа жауапты «Энергомонтажналадка» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 17 000 м2 көлемге брусчатка төсеуде. Енді 75 түнгі жарық шамдары орнатылады. Тіпті, стадион алдында субұрқақ бой көтеріп, орындықтармен және қоқыс жәшіктерімен де қамтылады. Күн жылынса көпшіліктің серуендейтін әрі спортпен шұғылданатын мекені биылғы жылы осылай жаңарады. Мұны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев атап өтті.
  • Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгінде абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы осы бағытта біршама жұмыстар атқарылған болатын. Жыл соңына Ы.Жақаев, Әйтеке би көшелеріндегі және стадион маңайында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары аяқталып, одан өзге де жұмыстармен жалғасын табады деп күтілуде. Тұрғындардың қандай да бір талап-тілектері Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан әркез назарға алынып келеді, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев. Айта кетерлігі, абаттандыру бағытындағы жұмыстар ойын алаңдары мен жаттығу құрылғыларының салынуымен де жоспарланған болатын. Әзірге сол жағалау мен СПМК 70 мекен жайына барлығы 15 алаң бой көтермек. Бұл – балалардың үй ауласында спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған әдіс. Яғни, Далабаев атап өткендей сондағы тұрғындардың кезекті өтініштерінің орындалғаны.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған