QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

АБАТТАНҒАН ҚАЙ ҚАЛА?

ByQAA.kz

Қыр 3, 2020

Облыс орталығы ғимараттардағы жөндеу жұмыстарымен ғана емес, абаттандыруымен де көз қуантуда. Жаңа үлгідегі субұрқақтар, сапалы спорт кешендері, жаңартылған жарық бағаналары, жөнделген жолдар және көгалданған жасыл алаңымен қала еңсесі тіктеп келеді. Бұл жұмыстар биыл «Жұмыспен қамту 2020- 2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы төңірегінде жүзеге асуда. «Тағзым алаңы», «Сыр Ана» монументі, «Темір жол паркі», Назарбаев даңғылы да осы жоба аясында жаңа кейіпке енбек.

«Теміржол» вокзалының маңындағы демалыс орны енді «ретро» саябаққа айналмақ. Саябаққа тек абаттандыру жұмыстары жүргізіліп ғана қоймайды. Мұнда көркейту-көгалдындару да тыс қалмақ емес. Ретро саябақта түрлі мерекелік шаралардың өткізілуі үшін сахна және сән беретін субұрқақтар да салынады. Мәдениет қамтылған саябақта спорт та ұмыт қалмады. Жастардың спортпен шұғылдануы үшін волейбол және баскетбол алаңдары да жобада қарастырылған. Сондай-ақ, саябақтың жолы жөнделіп, брусчатка төселеді. Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Енді егде жастағылар жастық шаққа оралу үшін, осы ретро саябаққа жиі аялдауға болатын сыңайлы.

«Тағзым» алаңына да осы мақсаттағы жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы жұмыстарды «Қызылорда Нұр Строй Инжиниринг» ЖШС-і зер салып, сапасына жіті назар аударуға міндетті. Алаң 300 метр темір қоршаумен қоршалады. Қазіргі таңда жарық бағаналары мен орындықтар орнатылып, қоқыс жәшіктерінің саны артты. 5 мың 780 шаршы метр аумағына түрлі-түсті, 530 шаршы метр жеріне сұр брусчаткалар төселіп, бордюрлар қойылды. Жарық бағаналарын орнату жобада көрсетілмесе де, мердігер «Асанас-Дар» ЖШС-і жомарттық танытып, демеушілік көрсеткен. Одан өзге осы бағытта 10 мың 450 шаршы метр алаңға көгалдандыру жұмыстарына да қолғабыс еткен. Айта кету керек, бұл алаңдағы ағаштар бүгінге дейін жайқалмаған етін. Енді су мәселесі де шешім тапты. Жұмыстардың дені күздің алғашқы айында толығымен аяқталып, абаттанған алаңға айналмақ.

Сол межелі уақытта қосалқы жұмыстары бітуі тиіс келесі алаң – «Сыр ана» монументінің маңына бағытталады. Бұрын бос кеңістік болса, бүгінде бұл алаң қала тұрғындарының серуендеулері үшін қолайлы мекен болады деп күтілуде. Неге десеңіз, мұнда жаңа үлгідегі орындықтар орнатылып, жаяу жүргінші жолдары салынды. Одан қалды соңғы үлгідегі 2 спорттық ойын алаңдары да бой көтерді. Жарық бағаналары тұрғызылып, біршама биіктікке атқылайтын субұрқақтар салынды. 3 мың 150 шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді. «ТехноснасткаРемсервис» ЖШС мердігер мекемесі атқарған жобаны «Қызылорда Нұр строй Инженеринг» ЖШС-і назарға алып, сапасына мән беруде.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбектің таныстыруымен бағдарлама шеңберінде жаңарып жатқан келесі мекен-жай – «Н.Назарбаев» даңғылы болды. Жоспар бойынша мұндағы абаттандыру жұмыстары мен жаяу жүргінші жолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Жарық бағаналары да орнатылған. Сондай-ақ, соңғы үлгіге сай субұрқақтар да салынып, бүгінде үлкендікішілі тұрғындардың назарына ілікті. Бұл даңғылдың бойынан екі субұрқаққа қосымша тағы жаңа үлгісі салынады деп жоспарлануда.

-«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аталған нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық мердігер мекемеге қойылар талап бір. Жұмыстың сапалы болуы. Бұл қала әкімінің де бақылауында. Сондай-ақ, әлеуметтік желі қолданушылары арасында көптеген сұрақтар туындаған болатын. Ол сауалдар мен ұсыныстарды да басшылыққа ала отырып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан сәтте мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүргізілуіне тиісті арнайы жолдарды да қарастыра өттік, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбек.

P/S: Қала көлемінде көрсе көз қуанатын, саябақтарында серуендесе жан дүниесі тынығатын демалыс орындарының артуы көңілге қуаныш, көкейге мақтаныш сыйлайды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған