QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Ақжармада қай мәселе сынға ілікті?

ByQAA.kz

Шіл 17, 2020

Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтердің бірі Ақжарманың да даму қарқыны жыл санап артып келеді. Заман талабына сай жаңарып, жаңадан бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандар көз қуантады. Мәселен, өткен жылы ауыл орталығынан мәдениет үйі салынып, халықтың шын қуанышқа кенелгені бар. Өзге салалар да ақсап тұрған жоқ. Айталық, округте жергілікті бюджеттен спорттық көше құрылғылары, жарық бағаналары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылды. Нәтижесінде, халық та, оларға қуаныш сыйлай білген билік те риза.

   Демек, ауылдың тынысы мен ондағылардың тіршілігі қала әкімінің әркез назарында деген сөз. Себебі, ауылдық округтер мен кенттердің күйін жиі бақылап, сонда табан тіреу – Машбекұлының міндеті. Қызметтік міндетіне сәйкес, қала басшысы Баймұрат батыр атындағы ауылға кезекті рет қадам басты. Мұндағы мақсат – берекелі ауылда атқарылып жатқан бүгінгі жұмыстардың жай-күйін білу, олқылық болса ортаға салу, кемшін тұсты назарға алу.

  Сонымен, Нұрлыбек Нәлібаев ауылға кіре берісте орналасқан «Облыстық наркология орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты, медициналық-әлеуметтік оңалту құрылымдық бөлімшесінің ғимаратының қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысуға арнады. Айта кетейік, орталықтың негізі 1983 жылы қаланған болатын. 100 орындыққа бөлімше ғимаратын жаңарту жұмыстары «Болашақ Интернэйшн Девелопмент» ЖШС –не міндеттелген.

  Жұмыс қарқынының баяулығын байқаған қала басшысы жауаптылардың қадамын сынға алды.

– Келісім шарт бойынша жыл соңына дейін дегенмен, салқын күні жасалған жұмыстың сапасы сын көтермеуі мүмкін. Тез арада адам санын көбейтіп, күндіз-түні жұмыс істеңдер. Бөлінген қаржыны тиімді пайдаланған жөн. Сіздердің жұмыстарыңыз менің және арнайы құрылған комиссия мүшелерінің қадағалауында болады. Жыл соңында емес, мына жұмысты қазан айының 1-не дейін толық бітіруді тапсырамын, – деп мекеме мамандарына қатаң түрде тапсырмаларды жүктеген қала әкімі ауылдағы жол жөндеу жұмыстарын да назардан шығармады.

         Ақжарма ауылдық округіндегі  6 көше жаңа күйге енбек.  Нақтырағы, жергілікті бюджет есебінен 1, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына сай 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – бүгінге дейін асфальт төселмеген Тоғай көшесі. Мұндағы жұмыс сапасын көрген қала әкімі жолға қатысты өзге өзекті мәселелерге тоқталды. Ауыл әкімінің сөзінше, тұрғын үйлері аз болғанымен, жөндеу жұмыстарынан өтуі тиіс 3 көше бар. Нәлібаев қала көркіне үлес қосуға ниетті мекемелермен келісу негізінде, ауылдағы жол мәселесінің толық шешім табуына үлес қосуды тапсырды.

«Қызылорда жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Талдыарал және Баймұрат елді мекендеріндегі 3 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған болатын. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстарының басым көпшілігі реттелді. Енді әрлеу, жол белгілерін орнатуды тиянақтаймыз. Құралдар жеткілікті, – деп «Қызылорда жолдары» ЖШС директорының орынбасары Сахит Абдуллаев жұмыс барысын тілге тиек етсе,  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында өзіме жұмыс таптым. Осы жұмыстың арқасында ата-анам мен бала-шағамды асырап отырмын. Айлығым тұрақты, – деп жоба аясында нәпақасын тауып жүрген Нұрболат Абуталипов есімді маман жұмыссыз тұрғындарды қатарға қосылуға шақырды. 

P.S.  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша барлығы 1850 адам жұмыспен қамтылған. Оның 1271 «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы қабылданған.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған