QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ақын, жырау Замаддин Ибадуллаев өмірден өтті

Автор:QAA.kz

Июн 11, 2020

Сырдың руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақын, жырау Замаддин Ибадуллаев көкеміз өтті өмірден. Зәкең әкеміздей ақыл айтып, досымыздай сырласып, құрдасымыздай қалжыңдаса беретін кең жүрек адам еді. Кез-келген орта Зәкеңнің кіруімен гүлденіп, түрленіп сала беретін. Біз тарихтан оқып бас шайқап жүрген біраз оқиғалардың бел ортасында жүрген, көзімен көрген адам. Атадан жалғыз болса да айналасымен түгенделіп, қаншама ұл-қыз, немере-шөбере өсіріп, Бибіхан апамызбен бақытты ғұмыр кешті. Кемпірі кеткен соң көп үлкен кісілер да ұзамай қисайып қалушы еді ғой, бұл кісінің сүйегі мықты ғой ауру дендеп, жаны алқымға келгенше тік жүріп, тік кетті. Бейнеттен қол үзген жоқ. Айтыскерлік қыры қырықтан кейін ашылса да Алашқа танымал ақын болды. Айтыстың жанрларының ішіндегі ең қиыны өтірік айтыстың хас шебері болды. Қиыннан қиыстырғанда өтірік өлеңнің өңі кіріп, өзгеше құлпыратын. Көптеген толғаулар мен дастандар жазды. Жыраулығы өз алдына бір төбе, қолына домбырасын алып жыр-термелерді орындағанда үні үңгірден шыққандай еді. Алпыстан асқан соң «өтірікті» қойып молдалыққа көшті. Сүйегі Қожа болған соң бұл шаруа да ол кісіге қиындыққа түскен жоқ. Қартайдым демей қаншама аят, хадисті жаттап алды. Үлкен ұлы Сәбит Ибадуллаев Египетте он екі жыл білім алған еліміздегі үлкен ұстаздардың бірі. Зәкең денсаулығына қарамай қажылыққа да барып үлгерді . Мына фотоны Мәдина қаласында түсіппіз. Махамбетқали Тұрсанов екеуін айтыстырып, мәз-мәйрам боп отырушы едік. Махаң да кетті, бүгін бұл кісі аттанды. Дәуірлер көшіп кеткендей құлазыңқырап отырмыз. Тағдыр барда өлім бар, Алла панасына алсын. «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды, былтыр ғана Руслан Рүстемұлы дер шағында қимылдап, сексен жылдық тойын өткізіп, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» азаматы атағын ресми түрде бекітіп берді. Ол үшін Рүстемұлына бүкір руханият өкілдері атынан алғыс айтамыз. Зәкеңнің көп әңгімелері бізге өзінің төл шәкірті Мамыр Байдаулет ағамыздан жеткен, ол кісінің жақын жездесі әрі ұстазы еді. Мәкеңе де қайғыра көңіл айтамыз. Ертең енді Зәкеңнің жаназасы. Карантин кезінде көп адам жиналу жағы қиындау болса да облыстың бас идологы Serik Abzhaliuly Akhmet мырзадан бастап, Қызылорда Облысы Мәдениет Басқармасы басшысы Мира Рахымжанқызы, Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемұлы барлығы ақылдасып, ұйымдастырып, бей-жай қарамай ақсақалды ақырғы сапарына ел болып шығарып салады деп үміттенеміз. Үлкендеріміздің қатары күннен-күнге сиреп, онсыз да селдіреп бара жатыр. Сол соңғы асылдарымыздың бірі ғой, Алла бақидағы жайын жұмақ қылып, жақсы амалдарын жанына серік қылғай!

Мұхтар Ниязов

«Facebook» парақшасынан

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *