QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ақылы көпті дау алмайды

Автор:QAA.kz

Июл 29, 2020

Осыдан бірнеше жыл бұрын сотта қаралмайтын іс жоқтың қасы еді. Бір туған бауырлардың арасындағы кішігірім даудың өзі сотта қаралатын. Шынтуайтына келсек, жаһанданудың жалына жармасып, ұлттық болмысымыздан ажырап бара жаттық. Бұл ретте халықтың басындағы осы мәселені шешуді бірінші кезекке қойып, алдымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев бастап, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қай салада болмасын сапа басым бағытқа ие болу керегін қадап айтты. Ағайынның арасындағы дау-дамай, азаматтық істер тәрізді мәселелерді медиаторлардың көмегімен шешу керегін алға қойды.

«Бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» болғанның айыбы жоқ. Ел ішінде бір тентек болуы міндетті. Оны тәртіпке сала алмасақ, кім болғанымыз?! Медиаторлар баяғы би-шешендердің орнын басты. Яғни, заманауи бидің рөлінде. Заңдық тұрғыда айтсақ, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV Заңының 1-тарауындағы Жалпы ережелерде медиацияның қолданылу саласын айқындап берген. Онда «Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады» делінген. Сонымен қатар, осы баптың 1-тармағында көрсетілген қатынастардан туындайтын дауларға (жанжалдарға), егер мұндай даулар (жанжалдар) медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, медиация рәсімі қолданылмайтынын да ескере кеткен жөн.

Сот саласының дамуы қарқын алды. Қазір цифрландыру алдыңғы орынға қойылған. Медиация да қазақы қалыппен жаңа заманғы үдерістерді ұштастыра отырып, сот жұмысын жеңілдету, сапаны жақсарту мәселесіне келіп тіреледі.

Заңда көрсетілгендей дауды реттеу туралы келісім әуелі тараптардың медиация нәтижесінде қол жеткізген жазбаша келісіміне жүгінеді. Бүгінде республика аумағында медиаторлар жұмыс істесе, оларды топтастырған медиаторлар қауымдастығы да бүгіннің қажетті нысанына айналған.

Қос тарапты бітістіруші медиаторлардың мойнындағы жүк ауыр. Олар соны сезіне білу керек. Біз айтып отырған заңның 4-бабында бұған ерекше мән бере айтылады. Мәселен, міндетті қағидаттардың ішінде еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық тәрізді нәрселерге жіті мән берілген.

Сыр елі – қаймағы бұзылмаған қазақы өңір. Сол себепті қит етсе, соттың есігін қағып, арызын арқалап жүретіндер көп емес. Қажетінше, медиатордың көмегіне жүгініп, бітім мәселесін алға қояды. Ұлттың ұлы ұстанымын бойына сіңірген дарияның жағасындағы жайбарақат елдің медиация тұрғысындағы түсінігі де мол. Демек, Заңда көрсетілген бұл міндет үдесінен қызылордалықтар шығып келеді.

Бұдан түйетініміз не? Медиацияның негізгі мақсаты – бітім. Қазір расымен талап үдесінен шығып келе ме? «Жаңа ұғымды халық санасына сіңіру үшін бірнеше толқын өту керек» деген екен. Бұл үдерістің ел арасында кеңінен тарағаны соншалық, қазір медиаторлардың атын алдымен ауызға алатын да қарапайым халық. Ендеше, бұл – өз өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеді деп ойлаймын.

«Медиация» сөзі латын тілінен алынған. Делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші тұлға мағынасында қолданылады. Әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі жолы деп те айтуға болады.

Ұлы дала баласының дархан даланың қожайыны ретінде дала заңын қалыптастырғаны тарихтан аян. Көсегесі көгеріп, әлем картасында өз орнын айшықтаған қазақ елі бүгінде осындай жаңашыл бастамаларды ұлттық болмысымызбен бірге үндестіріп отыр. Демек, болашаққа бағдар алып, рухани жаңғырған байтақ елдің қайта келген ұлы бастамасы елді сара жолға бастайтынына сенемін.

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Жұлдыз Жакеева

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *