QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ағылшынша сабаққа дайындық аз

Автор:QAA.kz

Апр 15, 2019

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрі Күләш Шәмшидинова

— Білім саласының бірқатар қызметкер­лерінің жалақысы дифференциалды түрде 30 пайызға дейін көбейтілді. Бұл ретте ең алдымен техникалық қызметкерлердің жалақылары қарастырылады. Ұстаздардың жалақылары 2008 жылдан бері бірнеше рет көтерілді. 2009 жылы 25 пайыз, 2010 жылы 25 пайыз, 2011 жылы 30 пайыз, 2014 жылы 10 пайыз, 2016 жылы 19 пайыз көбейді. Ал 2018 жылы ұстаз­дардың жалақысы кәсіптік шеберлік деңгейіне байланысты қарастырылды. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша сабақ беретін ұстаздардың 70 пайыздан астамы бүгінде 30 пайыз үстемақы алады. Квалификациялық тестіден өткен 60 мыңдай мұғалімнің 30 пайыздан 50 пайызға дейін жалақылары көбейтілді. Қазіргі таңда мұғалімдер квалифи­кациялық тестіден өтіп жалақыларын көтеру жөнінде өтініштерін беріп жатыр, бұл жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады.

Біздің мемлекетіміз балаларға зор қолдау жасап келеді. Мен тек 2 цифрды ғана келтірейін. Аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсету бағдарламасы. Осы бағдарламаға 2016 жылы 10 млрд. теңге бөлінсе, 3 жылдың ішінде бұл қаражат 16 млрд. 579 млн. теңгеге жетті. Қызылорда облысы бойынша 1 млрд. 373 млн. теңге. Сондай-ақ «Мектепке жол» бағдарла­масымен республика бойынша 817 млн. теңгеге, Қызылорда облысы бойынша 150,9 млн. теңгеге көмек көрсетілген. Осы тұста тағы бір атап өтерлігі, бизнестің есебінен 2 млрд. теңгеден астам қаражатқа балаларға көмек көрсетілді. Мектептердің инфрақұрылымын дамыту бойынша алда тұрған 3 міндет бар. Біріншіден, апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін шешу, екіншіден, үш аусымдық мектептердің жағдайын жеңілдету. Үшіншіден, орын жетіспеушілігіне байланысты жаңа мектептер салу. Осыған байланысты 2019-2021 жылдар аралығында елімізде 190 мектеп салынады. Оның екеуі Қызылорда облысында салынып жатыр, биылғы жылы іске қосылуы керек. Тағы бір мәселе, «Мектептегі тұлға — ұстаз» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мектептегі білімнің сапасы ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Алдағы 3 жылда 144 мыңнан аса ұстаздар қайта даярлау курстарынан өтетін болады. Қазіргі таңда ата-анаға да, ұстазға да, оқушыға да ең қажетті психологиялық көмек. Осыған байланысты мектеп пен ата-ананы байланыстыратын 82 мың класс жетекшілері мен мектеп психологтары алдағы үш жылда (биылдан бастап) қайта даярлау курстарынан өтеді. Сондай-ақ, педагогикалық университет­тердегі мұғалімдерді дайындайтын мамандар­дың біліктілігін көтеруге байланысты 2400 жоғарғы оқу орындарының ұстаздары қайта даярлау курстарынан өтеді. 15 мыңнан астам колледж ұстаздары да қайта даярлау курста­рынан өтеді. Себебі, қандай маман да оқуды бітіргеннен кейін өмірден өз орнын табу керек. Яғни, мұғалімнің де біліктілік сапасы жоғары болуы керек.

Осы уақытқа дейін елдің бәрін көп ойлан­дырып, көп әңгіме болып жүрген мәселенің бірі үш тілді дамыту мәселесі. Тілді меңгеру бұл әрине, бүгінгі заман талабы. Қазақстанда ең бірінші қазақ тілін дамытуға байланысты қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің дайындық курстары латын әліпбиіне көшуге байланысты қайта жаңғыртылатын болды. Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға асықпай біртіндеп көшеміз. Қазір 153 мектепте химия, физика, биология, информатика пәндері жоғары 10-11 кластарда ағылшын тілінде өткізіле бастады. Осыған байланысты біз алдымен екі мәселені шешуіміз керек. Біріншіден балалардың тілдік деңгейі сол пәндерді ағылшын тілінде меңгеруге жеткілікті болуы керек. Екіншіден мұғалімнің тілді меңгеру мен пәнді меңгеруі жақсы болуы керек. Біз ағылшын тілін дамы­тамыз деп балалардың химиядан, физикадан, биологиядан білім сапасын төмендете алмаймыз. Сондықтан да ағылшын тіліне көшу мәселесі біртіндеп жүйелі түрде мектептің, мұғалімнің дайын болуына байланысты ата-аналар мен мектептің қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, біртіндеп іске асырылатын болады.

Тағы бір айта кететін дүние, оқу бағдар­ламаларына қатысты. Оқу бағдарламалары заман талабына сай әр уақытта өзектендіріліп отырады. Бүгінгі таңдағы ең үлкен мәселе, балаға білім ғана беріп қоймай, өмірге дайын­дауымыз керек. Психологтардың айтуынша қазір «баланың моделі» өзгерді. Яғни, біз бұрын мектепте бала өседі дейтінбіз, қазір мектепте бала болашақ үлкен өмірге, еңбек нарығына дайындалады деп есептейміз. Осыған байла­ныс­ты жалпы білімнің мазмұны өзектендіріліп отырады. Ньютон заңы да, көбейту таблицасы да ешқайда кеткен жоқ, бірақ күтілетін нәтиже өзгерді. Енді біз балалардан «Не білесің!» деп сұрамаймыз, «Білгеніңді пайдалана аласың ба?» деп сұраймыз. Яғни, айналадағы дүниені түсіне ме, болашақта өз өмірін ұйымдастыра алады ма, өз өміріне өзі жауап бере алады ма? Яғни, бүгінгі күні класқа келіп білген материалды түсіндіріп беру аздық етеді, бүгін мұғалім баланы білім алуға жетелеуі керек. Есеп шығартып, сұрақтарға жауап бергізіп, белгілі бір тапсырмаларды орындата отырып, жаңа материалды түсінуге алып келуі керек. Жаңар­тылған білім мазмұнының негізгі ерекшелігі де, қажет мазмұны да осыған байланысты. Осыған байланысты бағалау жүйесі де өзгереді. Бұрынғыдай «5», «4», «3» деп айтылмайды. Енді баламен «нені түсіндің, нені түсінбедің?» деген сипаттағы кері байланыс болуы керек. Бағаның атқаратын ролі мұғалім балаға қандай көмек көрсету керек екенін түсіну керек. ЖОО-ға, колледждерге байланысты тағы бір айта кетерлігі, Елбасы тапсырмасы бойынша 20 жоға­ры деңгейдегі ЖОО-лар мен 180 кол­ледждерге биылғы жылдың өзінде 8 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 180 кол­ледждердің материалдық базасын жақсартып, оқу бағдарламасын жөндеуге, мұғалімдердің біліктілік сапасын көтеруге жұмсалатын болады. Алда бізді осындай жұмыстар күтіп тұр. Мектеп өз алдына, ата-ана өз алдына бөлек тұрған жоқ. Екеуінің мүддесі оқушының жақсы болғаны. Жұмысты бірлесе атқарсақ көтермейтін жүк болмайды, шешілмейтін сұрақ болмайды, — деп білім беру саласының алдында тұрған алдыңғы кезектегі міндеттерді нақтылап атап өтті министр.

Қызылорда облысына іс-сапарынан

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *