Технологияның қарқынды дамуы біздің сөздік қорымызға жаңа ұғымдарды енгізді. Бүгінгі таңда «ақылды технологиялар» адамзат өмірінің барлық саласына қарқындап еніп, оның ажырамас бөлігіне айналуда. Сауда желілерінде «ақылды сағаттар», «ақылды велосипедтер», «ақылды самакаттар» пайда болды.Олардың көпшілігі қажетті қызметті тез арада жүзеге асырады. «Ақылды технологиялар» Қызылорда қаласына да келгелі біраз уақыт болып қалды. Бір қызығы бағасы аспанға шарықтап тұрса да халық сатып алып жатыр.
Таяуда қаламызда «Технодом» сауда дүкеніне барғанымызда алыстан «менмұндалап» велосипедтер бірден көзге ілікті. Тақап жанына барсақ бағасы да жаман емес. Іштей осыншама қаржыға кім велосипед алады деген ой келді. Бірақ сатушылардың айтуынша, түрғындар бағасына қарамай бұл велосипедтерді алуда. Сонымен бұл электровелосипедтің басқа велосипедтен айырмашылығы қандай? Аталмыш велосипед атауы TAІLG, 350 W, 36V/11.6 AH деп аталады. Бағасы 350 мың теңге. Сағатына 30 км жылдамдықпен жүреді. Қуаттылығы 36 Вт, аккумуляторы 36 V, 11,6 AH. Аталмыш велосипедтің батарейкасын алып, 5-6 сағатта қуаттап алуға болады. Велосипедке қарапайым компьютер орнатылған. Сатушылардың айтуынша, аталмыш велосипед жеңіл, ыңғайлы, әрі пайдалы болып келеді. Қолма қол ақшасы болмағандар, банк арқылы несиеге алып жатыр дейді.
Еуропа елдері, Қытай мен Жапонияда велосипед басты көлік құралдарының біріне айналған. Ал біздің елде қандай? Велосипедпен жүру денсаулыққа да пайдалы, экологияға еш зияны жоқ, кептеліс туғызбайтын және адамның жүйке-жүйесін шаршатпайтын спорт түрі дейміз. Сенбі-жексенбіде спорт түрімен айналысқаннан гөрі, жатып алып, теледидардан тамашалағанды дұрыс деп санаймыз. Көлікпен салыстырғанда велосипедке артық шығынның қажеті жоқ. Велосипедті өзіңіздің басты көлігіңіз ретінде таңдауыңыз экологияның жақсаруына қосқан үлесіңіз болып саналады.
Сондай-ақ, «ақылды» технологияның қатарына «ақылды сағаттарды» жатқызуға болады. Сағат дегенде бәріміздің ойымызға уақыт пен күнді көрсететін зат елестейді. Сағатты тек сән үшін тағатын дәуір өтіп бара жатыр. Бүгінде «Ақылды сағат» арқылы қоңырауларға жауап беру, хабарламаны оқу, электронды поштаны ашу, әлеуметтік желілерге келген хабарламаларды оқу, жаңалықтардан хабардар болу, мекенжай кітапшасын қолдану, музыка тыңдау, ауа-райын біліп отыру, ғаламторға қосылу мүмкіндіктері ұсынылуды. Сондай-ақ, жүрек қағысының жиілігін өлшейтін қондырғы және фитнеске арналған функциялар жұмыс істейді. Қазіргі таңдағы сапалы ақылды сағаттарға Garmіn Smart Watch , Часы Suunto Spartan Sport Wnr Baro Stealtn+Belt айта аламыз. Бүгінде қаламыздағы сауда дүкендерінде «ақылды сағаттар», бағасы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін барады.
Осылайша, ақылды технологиялар қызылордалықтар өмірін жеңілдетіп отыр.
А. ОМАШ