QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ақсақ қой болмайды…

Автор:QAA.kz

Июл 27, 2020

ҚМДБ өкілі, Қызылорда облысының бас имамы Болатбек АБУОВ облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «Діни рәсімдер өткізудегі карантиндік ережелерді сақтау тәртібі» туралы кеңірек айтты.

Елімізде карантин режимі енгізілгендіктен мешіттер уақытша жабық, яғни аурудың таралуының алдын алу мақсатында жамағат намазы оқылмайды, оның ішін де Айт намазы да бар. Сонымен қатар, құрбан шалу рәсімі мешіттерде жүзеге асырылмайды. Жергілікті әкімшілік пен бас санитардың келісімімен арнайы орындарда жүргізілетін болады. Сәйкесінше, рәсімге құрбан шалушы да, ет алушы мұқтаж жандар да қатыстырылмайды. Аталмыш жұмыстарды жүргізу үшін ҚМДБ  WWW.QURBAN2020.MUFTYAT.KZ сайтын іске қосып, құрбан шалушы да, ет алушы да онлайн тапсырыс бере алады. Тапсырыстарды әр өкілдік жанынан құрылған штаб жүзеге асырады. Құрбан шалушыға қажет болса, рәсім барысында түсірілген фото-видео есеп телефон нөміріне жолданатын болады. Ал етке мұқтаж жандарға сайтта көрсеткен мекен-жайы бойынша тегін жеткізіліп береді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында құрбан шалудың шариғаттағы шарттары мен үкімдері туралы толық ақпарат беріледі.

Атап айтқанда төмендегідей мәселелер қозғалады: 

  1. Құрбан шалудың үкімі.

Ханафи мәзхабына сәйкес, құрбандық шалу уәжіп (міндет) болып табылады. Оған Алла Тағаланың мына сөздері дәлел:

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2 аят)

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың «оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі бар: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын». Ибн Аббас мұны: «Ол – Құрбан айтта мал шалу» — деп түсіндірген.

  • Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Құрбан шалушы уәжіп болуы үшін ол адам:

-мұсылман болуы керек;

-жұмысқа қабілетті болуы қажет;

-кәмелеттік жасқа толған болуы тиіс;

-еркін (бас бостандығы) болуы керек;

-тұрғылықты кісі болуы керек, яғни сапарда болмауы керек;

-зекет төлейтіндей (негізгі қажеттерден тыс) дүние-мүлікке ие болуы қажет (нисап, ол 85 г. алтын құнына тең)

  • Құрбандыққа шалуға болатын малдар

Құрбандыққа шалынатын малдардың қатарына жататындар:

  1. Қой мен ешкі (бір жасқа толған болуы керек);
  2. Сиыр, бұқа және енеке (ірі қара мал екі жасқа толған болуы керек);
  3. Түйе (бес жасқа толған болуы керек).
  • Құрбандыққа жарамайтын малдар.

Бұл малдардың толықтай дені сау болуы қажет, мынадай кемшіліктері болмауы тиіс:

1.бір немесе екі көзінің соқыр болуы;

2.әлсіздік, арықтық;

3.құлағы немесе құйрығының (үштен бірінен астам бөлігі), тісінің (жартысы немесе одан астам) жоқтығы;

4.бір не екі мүйізі түбінен сынған болса, егер мүйізсіз мал болса, құрбанға жарайды;

5.аяғы ақсақ;

6.айқын сырқат;

7.тісінің көбі түсіп қалған болса;

8.мұрны пұшық болса.

Ені бар малды құрбан шалу мәкруһ саналады.

Малдың құлақтарының ұшы кесік, тісі аз түскен, піштірілген малдар құрбандыққа жарамды.

  • Бірігіп құрбан шалу

Әрбір адам бір қой немесе ешкіні құрбандыққа шала алады. Бір ірі қара малды немесе түйені бір ғана адам да, сонымен қатар жеті адамнан тұратын бір топ адам да құрбандыққа шала алады. Оған қоса, олардың жетеуі де құрбан шалуға ниеті етуі қажет.

  • Құрбан шалуда өкілдік

Құрбандықты әр адам өзі шалған абзал (сүннет). Бірақ, егер сіз өзіңіз малды соя алмайтын халде болсаңыз, оны сіздің атыңыздан союға біреуге өкілдік беруіңізге болады. Дегенмен, ондай жағдайда да рәсімнің басы-қасында өзіңіздің тұрғаныңыз абзал. Бірақ, құрбан шалу рәсіміне қатысуға мүмкіндігі жоқ адам болса немесе қазіргідей пандемия жағдайында, ниет етіп, құрбандыққа шалынатын малдың ақшасын біреуге беріп, өзінің атынан құрбан шалғызуына болады.

  • Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі.

  • Құрбандық қалай шалынады?

Құрбан шалмас бұрын ниет етіп, бір орын дайындап, пышақты қайрап қою керек. Пышақты малдың көз алдында қайрауға болмайды, бұл – мәкрух. Құрбандыққа шалынатын малды қырынан жатқызып, басын құбылаға қаратады.

Содан соң дұға ретінде мына аятты оқыған абзал (міндетті емес): «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрикә ләһ» («Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ» де).

Содан соң тәкбір айтқан абзал: «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, лә иләха илләаллаху, Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, уа лилләхил-хамд».

Содан соң «Бисмилляхи, Аллаһу Акбар» деп, мал бауыздалады. Малдың жаны шыққаннан кейін ғана оның терісін алып, етін бөлшектеуге болады.

Қызылорда қаласында құрбан шалу рәсімі жүзеге асырылатын мал сою орны: Қызылорда қаласы, Белкөл кенті, Майбұлақ көшесі, 3, «Кзо Ет» мал сою алаңы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *