Күн жылыса күллі жұрт шаруаларын реттеп, бау-бақшасының қамымен жыңғыл, шөптерді шауып жүреді. Күннің жылынғаны барлық құрт-құмырсқа мен жәндіктердің оянғаны деген сөз. Соның ішінде кене деген бәленің де адамға да, төрт-түлікке де тигізер залалы көп.

Қалалық СЭБ-тің мәліметінше биылғы жылы кенеден зардап шегіп, медициналық орындарға қаралғандар саны 14-ке жетіп отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Былтырғы жылы кене шағып, оның арты конго қырым қызбасына ұласқан 6 жағдайдың 4-і клиникалық зерттеулер барысында расталды.

Жалпы қазіргі таңда қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округ аймақтары қауіпті ошақтардың қатарында. Соңғы екі жылда 11 ошақ есепке алынып, оның үстіне биылғы жылы қаладағы КБИ мөлтек ауданы да қауіпті ошақтар қатарына жатқызылып  аталған аумақта улау, дезинсекция жұмыстары басталып кетті.

Он төртінші сәуірде КБИ-ден басталған залалсыздандыру жұмыстары барлық ошақтарға жасалған соң бірінші мамыр күні аяқталмақ. Күннің ерте жылынғаны, қауіпті жәндіктердің ерте шығуы салдарынан конго қырым қызбасының да сарт етіп дерт бола қалу қауіпі жоғары.

Көзге көрінбейтін кене мал денесінің бір қуысына жайғасып, баяулатып қанын сора береді. Шөппен қатар малдан қалған қидың ішінде де бұл көзге көріне бермейтін, өлтірсең өлмейтін жәндік жиі кездеседі. Бұл тұста қорасында төрт-түлігі бар жұрт лас шөптер мен мал қиларын уақытылы тазартып отырса жақсы болар еді.

Айтпақшы, төрт-түліктің жәйін жақсартпақ ниетте мал тоғыту ванналары да жұмыс жасауда. Бірақ, механикалық дезинсекция ұғымы пайда болғанын да ұмытпау керек. Әйтсе де, әлгі ванналардың да жәйі мәз емес екенін өзіміз де біліп отырмыз.

Ал механикалық дезинсекцияға келер болсақ, бұл мал иелерінің төрт-түлікке салғызатын екпесі. Бір екпенің әсері бір маусымға жетеді. Сәйкесінше жылына екі рет салдырып тұрса төрт-түлікке анау-мынау ауру қауіп емес көрінеді.  Бір қызығы, шаруаларға екпе салуға міндеттеме жоқ. Салғызса да, салғызбаса да өз еріктері. Білгірлердің айтуынша екпеден кейін малдың ет пен сүт өнімдерін бір ай көлемінде қолданбаған абзал.

Осы ретте былтыр жүргізілген дезинсекцияның нәтижесінің қалай болғаны қызықтырды. Әлеуметтік желілерден улау жұмыстарының суреттерін көргенімізбен көңілде бір күдік болды. Жауаптылардың у сепкенін немесе су сепкенін қайдан білеміз?

Қалалық СЭБ-тің басшысы Ерлан Ұзақбаев былтырғы дезинсекция жұмыстарының тиімділігі 97 пайызды құрады деді. Осыдан кейін көңіліміз орнына түсті. Жалпы, дезинсекция жұмыстарының да өзіндік нормасы болады. Тиімділік үлесі 95 пайыздан кем боламауы керек.

Облысқа келер болсақ «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы         № 7-1/559 бұйрығымен және облыс әкімдігінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы №787 қаулысымен жануарлардың аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларының тізбесі бекітілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен  ауыл шаруашылығы жануарлары ауырмайтындықтан бұл тізбеге енгізілмеген. Мал иелері өз төрт-түлігіне керекті екпені өз қаржысы есебінен жүргізеді. Малға конго қызбасының әсері жоқ болса да оны бағатын адамға өте қауіпті.

2022 жылдың эпидемиологиялық маусымдарына қолайсыз болып анықталған 116 елді мекенде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарлары және қора, суат пен шаңлақтарды залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттың («Креолин Х») жобалық есебі нақтыланып, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынылды. Бұл ошақтарда бар мал басының саны 600 мыңнан асып жығылады.

Мал тоғыту ванналары әкімдік балансында болғандықтан, ауыл әкімдерімен жиындар өткізіліп тұрдады. Сөздің шыны керек, көп ауылдың әкімі бұған бей-жай қарайтын көрінеді. Әйтпесе өз ауылындағы шаруалардың малдарына екпе салғызып, ваннаға тоғытып, бір ауыздан көндіретін реті еді.

2021 жылдың көктемгі-күзгі эпидмаусымдарында мал иелерінің өз қаржысы есебінен 128,2 мың бас төрт түлік  кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен алдын ала егілді. 2022 жылы бүгінгі күнге 39,8 мың бас төрт түлік мал кенеге қарсы алдын ала егілді. Кенеге қарсы ветпрепараттармен егу экто паразиттермен қоса эндо паразиттерді де жойып, әр түрлі паразитарлы аурулардың cоның ішінде, энзоотиялық аурулардың да алдын алады.

Сонымен қатар, 2021 жылдың көктемгі-күзгі эпидмаусымдарында 31,7 мың бас уақ мал кенеге қарсы мал тоғыту ванналарында тоғытылды. Жыл сайын мал тоғыту жұмыстары мамыр айының ішінде жүргізіледі. Малды тоғытқанға қарағанда, ветпрепараттармен егу әлдеқайда тиімді екенін айта кету қажет. Өйткені ваннадағы суды жиі ауыстыру, оған әртүрлі төрт-түлікті шомылдырып отырудың өзі үлкен уақыт әрі қауіпсіздікке толық кепілдік бере алмайды.

Дамир АМАНГЕЛДІ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here