2021 ж. Сәуір 14

«Жоралғыңды» білесің бе?

 Ұлттық құндылығымыз дәріптеліп, титімдейімізден санамызға сіңген салтымыздың сұрыпталатын сәті – жыл басы. Жүректен шыққан ізгілікке толы лебіздер жолданып, бір-бірімізге жақсылыққа куәгер болуымызға, жылдан түгел шығуға тілеулес екендігіміз осы кезеңде ерекше көрініс табады. Оюмен көмкерілген ұлттық нақыштағы киім үлгілерімізді дәріптеп, ошағымызда көжемізді әзірлеп, қонағымызға төрден орын ұсыну да – біздің ұлтымызға тән асыл қасиет. Тіпті, салт-дәстүрлеріміз мен жөн-жоралғыларымыз да ұлтымыз үшін құнды мерекеде насихатталады.

  Ұлыстың ұлы күнімен қатар тойланатын «Жоралғы» күнінің де мәні мен мазмұны басым. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары кей дәстүрлеріміз өз деңгейінде дәріптелмей келеді. Алайда, аталған ұлттық құндылықтарды бүгіннен бағалап, кейінгі ұрпаққа боямасыз жеткізу мақсатында  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – ең қымбат нәрсе» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлаудың жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Артынша Премьер-министр Асқар Мамин Ұлыстың ұлы мерекесін тойлауға қатысты тұжырымдаманы бекіту туралы қаулыға қол қойғаны да белгілі.

–        Наурыз мейрамы іс – шараларында ұлттық құндылықтарды дамытып, ұлттық киімдерді кию, халық ойындарын ұйымдастыру, қоғамдық орындарда (сауда орталықтары, вокзалдар, әуежайлар, қонақ үйлер және т.б.) ұлттық музыканы ойнатуды қамтамасыз ету, салт-дәстүрді жаңғырту, оның өскелең ұрпақ арасында маңыздылығын ілгерілету арқылы дәріптеуге баса назар аудару қажет», – делінген қаулыда.

 Сонымен, «Жоралғы» күнінің маңызы неде деген сауал туындауы мүмкін. Атамыш мереке қарсаңында адам бойында болуы тиіс ізгі қасиеттердің, мейірімділік пен қамқорлықтың, сыйластық пен кішіпейілділіктің белең алатын кезеңі. Жоралғыға сәйкес, сый-сияпаттарын ұсынып, кіші үлкенге, ер адамдар нәзік жандыларға және тума-туыс, құда-жекжаттар тарапына да құрмет көрсетіледі.   

Президент тапсырмасына сәйкес қабылданған қаулы негізінде «Жоралғы» мерекесі еліміз бойынша өз деңгейінде атап өтілмек. Көктем мезгілінің шуақты мейрамында әрбір жан жолынан таймай, жоралғысын жасай білсе ұлттық құндылығымыздың артқаны болса керек. 

Қызылорда қаласының №2 сотының бас маман-сот отырысының хатшысы А.Абызова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған