І-бөлім

Маусымның сегізі. Таңғы сағат 8-ге таяу жаңалық жазғанды жаны сүйетін бір топ тілшілер және шыжыған күнде де шөткесімен жер сыпырып, құнды жәдігерді тапқанды жаны сүйетін зерттеушілермен аймақтың оңтүстігіндегі ежелгі Сығанақ қаласына аттандық.

Еліміздің оңтүстік өңірлері көне мәдени мұраларға толы. Бұрынғылар қоныс тепкен жайлы аймақтың бірі. Кей зерттеулер бойынша Қызылорда өңірінің өзінде оғыздардың 50-ден астам, 60-қа тарта көне қалашықтары орналасқан деген дерек бар. Сығанақтың өзі Жаңақорған жақта орна­ласқан. Арғы беті қарт Қаратаудың сілемдерінен тұрса бертінде шалғындыққа, күріштікке ыңғайлы, әрі сарқырап аққан Сырдарияның өзі жатыр.

Әу баста үйінді болып жатқан Сығанақ қалашығы 2003 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенттері және профессор Сейден Жолдасбаевтың бастамасымен зерттеле бастады. Әйткенмен Сығанақты студенттер ғана зерттемеген. Олар тек тәжірибеден өтуге ғана келген еді. Университеттің археологтары сол уақыттан бері үйіндінің орнын ашып Сығанақтың қазіргі әлпетін қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірді. Қазірдің өзінде өзіміздің бауырлас түрік мемлекетінің ғалымдарымен пікір алмасу, Сығанақ қалашығын бірлесе зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Яссауидің археологтары ҚР БҒМ-нен 3 жыл уақытқа Сығанақ қалашығын зерттеуге 145 миллион теңге грант ұтып алған. Келесі жылы өз жұмыстарын аяқтап нәтижесін көрсетпек.

Аумағы шамамен 300 гектардан асатын Сығанақтың 22 гектары зерттеліп, көне жәдігерлерді іздестіру, тың ақпараттарды табу жұмыстары жалғасуда. Негізінен қалаға кіретін бірнеше қақпа болған. Соның ең басты қақпасы – Сығанақтың Шығыс қақпасы деп аталатын кіреберіс тұсы ашылып, жаңғыртудан өткен. Қаз қалпында сақталған жерлері де жоқ емес. Әсіресе сырттан келген жауға садақ ататын саңлаулары бұрынғы қалпында сақталған. Қазір Сығанақтың басты көшелері ашылып, өзге де ғимарат орындарына зерттеу жалғасуда. Соның бірі – көне мешіт. Төбесі бұзылса да мұнарасы мен жамағаттың намаз оқитын құбыла жағының іргетасы сақталған. Бірнеше жылдар бұрын бұл мешіт те жаңғыртудан өтіпті. Дұрыс жаңғыртылмады ма, жаңғыртқандар жарытып жұмыс жасамады ма, әйтеуір бұрыштары құлап, кесектерінің соры шығып жатыр. Қаланың қақпасынан өте бере батырлардың қорымы жатыр. Бергі уақытта жерленді ме, сол уақытта ма онысын білмедік. Бірақ сол жерленген батырлардың ұрпақтары бабаларының басын жаңартып қойыпты. Бұған дейін археологтардың өтінішімен батырлардың мүрделерін ұрпақтары басқа жаққа алып кетіп жерлегендері де, алып кетпегендері де бар. Бұл археология жұмыстарына кедергі болуда.

Қалашықтың ішіндегі көне үйлердің сызбасы бір-біріне ұқсас. Білгірлер бекерден-бекер Сығанақты Отырар қалашығына теңемеген. Әр үйдің кіре берісінде тамақ істейтін, жылытатын пештері және жер астынан қазылған ұрасы бар. Бұл ұрада ежелгі тұрғындар қарынның ішіне май салып, еттін салқында ұстайтын болған.

Ұраға көз тастай отыра көненің көзін көргендермен әңгімелесу барысында қазақтың «құлағымның құрышын қандырдың ғой» деген сөзі еске түсті. Жоғарыда айтқандай қарынның ішіне салынған май оның түбіне сіңіп, қарынды асып жегенде өте керемет, тәтті дәм беретін болған. Бұл қарынның май сіңірген түбін құрыш деп атайды. Содан болса керек әуезді ән тыңдап, оның үні құлақтың түбіне жеткенде «құлағымның құрышын қандырдың ғой» деп айтады.

ІІ-бөлім

Негізі Сығанақ қалашығы жайлы алғашқы деректер сонау Х ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшылары Мұхаммед Джувейни, Қашқари, Фазлаллах ибн Рузбихан секілді білгірлердің жазбаларында кездеседі. Орта ғасырлық деректерге сүйенсек ХІ-ХІІІ ғасырларда Сығанақ қаласы Дешті -Қыпшақ елінің, ХІІІХІV ғасырларда Ақ Орданың, ХV-XVII ғасырда Қазақ хандығының астанасы болған деген тұжырымдамалар бар. Алтын Орда дәуіріндегі ең атақты шығарма Хұсрау мен Шырын поэмасы осы Сығанақта жазылған десе-ді. Сығанақты XIX-XX ғасырларда алғаш зерттеуге Лерх, Смирнов, Каллаур секілді орыстың ғалымдары келген. Өткен ғасырдың 70-жылдары өзіміздің Ақышов, Байпақов келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сығанақты Отырардан кейінгі екінші астана деп тұжырымдама жасады.

Қазіргі таңда Сығанақты зерттеуге көңіл де, қаржы да бөлінуде. 2014 жылдан бастап Қызылорда облыстық бүйжетінен ұдайы аз-маз қаржы беріліп отырады. Оған қоса тиісті министрліктің де ірі қаржысы бар. Қазіргі мақсат табылған жәдігерлердің үстін қаңылтырмен қаптап, жел мен жаңбыр құртпайтын етіп бітеп қою. Бәлкім алдағы 2-3 жылдықта туристерді тартуға қолайлы аймақ болып та қалар. Оның үстіне қалашықтың орны Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа күре жолының бойында орналасқан. Бұл да бір артықшылық. Сондай-ақ дәл қасында Сунақ атаның кешені де тұр. Әрі қарай сәл жүрсең Оқшы атамыз да сонда жатыр.

ІІІ-бөлім

Сығанақтан оңтүстікке қарай 8 шақырым жерде орналасқан Көккесене кесенесін талай ғалымдар зерттеген көрінеді. Олардың ішінде Якубовский, Каллаур, Костанье секілді ғалымдар зерттеу жұмысын жүргізгеннен кейін түрлі пікірлер пайда болды. Басығарин, Қасымов, Костанье, Бартольдтың еңбектерінде Көккесенеде Өзбек хандығы тұсындағы Әбілхайырдың сүйегі жатыр деген тұжырымдама бар. Жалпы тұжырымдамада Қобыланды батырдың әйелі Гүлбаршын анамыз жерленген десе-ді. Бірақ ол жақта нақты кімнің жатқаны жайлы дәйек жоқ. Кім білсін, бәлкім Көккесенеде жатқан мүрде қарапайым адамдікі болуы да мүмкін. Әйткенмен бұндай алып кесене жәй адамға қойылмайтыны бізге белгілі.

Биылғы жылы бас-аяғы ашылған Көккесененің күмбезінде көк түстің көп қолданылуынан кесенеге көк деп баға берілсе керек. Археологтардың болжамынша бұл кесене әлде бір әулеттікі де болуы мүмкін. Өйткені кесене ішінде бір емес бірнеше мүрде жерленген. Ұзындығы 2,5 метрге жуық мүрдені көзбен көргенімізбен суретке түсірмедік. Археологтар да маңына жолата қоймады. Бәлкім аруақ тыныштығын бұзғысы келмеген болар. Өзіміздің де бұзғымыз жоқ.

Көккесененің топырақ астынан ашылғанына, оның зерттеле бастағанына жергілікті ақсақалдар ризашылығын білдіріп, үлкен ас берді. Сонау 60-ыншы жылдары Жетісайдан көшіп келген бозбала бүгінде ақсақал. Оның айтуынша сол уақыттың өзінде жасы 90-ға келген Арыстанбек шал Гүлбаршын анамыздың жатқан жерін көрсетіп кеткен көрінеді. Көккесенеден бірнеше ондаған метр алыс жатқан бейіттің маңы кезінде қайта тұрғызылған. Ауыздан-ауызға жеткен әңгіме бойынша Гүлбаршын анамыз осында жатқан көрінеді. Әйткенмен бұған да нақты дәлел табылмай отыр. Ал ниет етушілер, тілек тілеушілер бейіт маңына келіп ақ шүберек байлап кетуде.

Анығы сол жергілікті ақсақалдар Көккесененің толық зерттелегенін қалайды. Бізге дейін де Түркістаннан республикалық БАҚ өкілдері келіп бірнеше хабар жасап, жұртпен тілдесіп кеткен көрінеді. 15 сәуірде басталған археологтардың жұмысы осы айдың 15-інде аяқталды. Сығанақ маңындағы ауылдан көне үй жалдап Көккесене мен Сығанақтан табылған жәдігерлерді сонда жинап, барлығын нөмірлеп, ерекшеліктеріне баға беріп құжаттамаға енгізуде. Онымен қоса зерттеуден табылған жәдігерлерді қай өлкенің мұражайына табыстайтынын да ақылдасады екен.

Дамир АМАНГЕЛДІ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here