QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Шаһкәрім поэзиясындағы ұлттық код

Автор:QAA.kz

Мар 14, 2021

Елбасы Н.Ә.Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз, танымымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген болатын [1].

Ең алдымен, ұлттық код деген не? Ол – ұлттық таным. Ұлттық таным – әр халықтың  тарих сахнасында қаншама уақыт бойы қалыптасып, дамыған ұлттық құндылықтары, ұлттық мәдениеті, сонымен қатар сол халықты діні мен ділі, тілі, өздеріне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері. Ұлттық кодты әр халықтың болмысының барлық саласымен біте қайнасып,  астасып жатқан қастерлі ұғым деп қарағанымыз жөн.

         Ал Шаһкәрім шығармашылығында осы ұлттық код қалай көрініс табады?

Ойшыл мұрасының құндылығы — оның рухани бастау көздерінің күрделілігінде. Шаһкәрім  қазақ халқының танымы мен оның сан ғасырлық дәстүрлі мұраларын меңгеріп, бойына сіңірген. Ол әр пенденің бойындағы жақсы қасиетті дамыту жолдарын көрсетіп, осы салада адамзаттық ізгі дәстүрлерді үлгі қылады. Мысалы, өзге діндердің мәнін дұрыс бағалай отырып, өз халқы үшін мұсылмандық жол — Құран ілімі деген тұжырымды ұстанған. Осылайша «Жар», «Жаратушы» ұғымдарын жаңғыртып, өз шығармаларына арқау еткен.

Көп үшін тілек тілеу Алладан ізгілік пен махаббат аңсап, ел санасын жақсартатын рухани нұрды, сәулені сұрау Шаһкәрім өлеңдерінің мағыналы да, мазмұнды бөлек бітімін құрайды. Халқының құрсаулы камыттан көтеріле алмай жатқан езілген еңсесіне демеу боларлық күшті Жаратушыдан тілеу оның толысқан, рухани кемелденген шағындағы тұжырымдарын танытады. Бұл кезеңдегі Шаһкәрімнің өлең өрнегінің бөлектігі мен ой сұлулығы философиялық ұғымдарды суретті де, бейнелі іші мен сырты жымдасқан туындыларға айналдыра білгендігімен құнды.

Шаһкәрімнің өзіне дейінгі бүкіл рухани дәстүрді сіңіре отырып, өзінше бөлек көркемдік әлем жасағандығының куәсі — Жаратушы, Жар ұғымдарын көркем бейнелеу.

Ақынның «Жарға жетсем болғаны» дейтін ой түйініне үңілсек, Жаратушы образын бейнелеудегі асқақ та, биік те ізігілікті зор махаббатты сезінесіз. Жаратушыны өз танымы арқылы оқырман жүрегіне жеткізу — Шаһкәрім поэзиясының мотиві. Сонымен қоса, адамның жаратушысына деген ғашықтығы арқылы ізгілікке құштарлық сезімі мен дүние тазалығының шыңы махаббат екеніне көз жеткізіледі.

Шаһкәрім танымындағы «жаратушы», «жар», «хақиқат», «шын» деген сөздер — «Құдай» ұғымын береді. Оның шығармашылығында осы сөздер жиі қоданылады.

Жарға ғашық болғаныма

Таңданатын түкте жоқ,

Жер жаралмай тұрғанында

Менде асықтың нұры бар.

Өзінің ерекше жаратылысымен, ішкі көңіл көздерімен ақын — Құдайды танып білуге ұмтылған «шын асық», жоғары сезім иесі. Оның танымындағы «нұр» сөзінің мәнісі тереңде. Өлең сөздеріне әдемілік пен ізгіліктің, Жаратушы мен адам арасындағы нәзік байланысты сездіретін «нұр» сөзінің қолданысы ақын шығармашылығының рухани көркем деңгейін ашуда ерекше өң береді. «Нұр» — сөзі Алладан келер мейірімділік, шындық, сұлулық, ізгілік ұғымдарының мәнін жинақтап, көркемдік жүк көтеріп
тұр [2].

Мұндай өлендерде қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлері, шығыс әдебиетінің желісі. Құран Кәрімдегі адам сүю, Алла сүю сарындары қатарласа үйлесімділік тауып жатыр.

Барлық діндердегі адамгершілік, мораль тақырыбына терең мән бере отырып, барлық діндердің ортақ құдіреті — «Жаратушы – Құдай» мәселесін биік қояды. Бұл тұрғыда ақын дүниежүзілік жалпы адамзаттың даму тарихын білгенін көруге болады. Адамның жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсаты жаратушыны сүюге бағытталса, сонда ғана адам шын ләззаттың, шын махаббаттың шуағына шомылады.

Шаһкәрім шығармашылығындағы адам болмысының Жаратушымен жарасымдылық табуын уағыздаудың мәні — адам Аллаға, ынсап пен еңбекке ұмтылса ғана жөнделмек. Жаратушыны, Алланы сүю арқылы рухани тазаруға жетуді уағыздау — Шаһкәрім поэзиясының негізгі өзегі.

Ойшылдың шығармаларында «шын»  деген сөз жиі кездеседі. Адамға тән қасиеттерді «шын таза жан», «шын сүю» сөздері арқылы өрнектеп, оны қоғамның жылдамдығымен астастырып, «шын дін», «шын асық», «шын нұр», «шын хақиқат» деген ұғымдарға ұластырады [3]. Қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы адам мен табиғат тұтастығын, жаңаша сипатта тереңдете отырып небір бейнелі сөздер мен метафораларды түрлендіріп қолданады.

Ұлттық танымды бейнелеуде Шаһкәрім ұсынған жаңалықтың бірі —  «Ар білімі».

… Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл,- дейді ойшыл.

Шаһкәрім туындыларында «Ар білімі» деген термин қолданылған. Ойшыл «ар» дегенді «совесть» деп аударған. Сонда ар дегеніміз не?  Ол  — адами категория. Басқаша айтқанда, тек адамға ғана тән қасиет. Адамның бойындағы ары мен ұяты жоғалса, ол —  надан адам болып танылады.

Ардың оянуы үшін білімді, сауатты болу аз, адам алдымен тәрбие көрген болуы керек. Айналасын түсінетін адам арсыздыққа жоламайды.  Арының болуыоған зиян келтіретін  істерді болдырмайды. Ол үшін білім, ғылым аз, көргенділік, көрегендік керек.

Сондай-ақ «жан» ұғымына тереңінен қарап, Абай кара сөздеріндегі үлгіні парасаттылықпен, байыппен зерделеуі «Жан мен Һәм көңіл»,
«Тәңір мен жан», «Тіршілік, жан туралы», «Мен адамның таппадым
ақылдысын» т.б. өлеңдерінде ой айқын байқалса, Шаһкәрімнің «Тіршілік жан туралы», «Дін», «Мақтаумен сөгіс», «Талап пен ақыл», «Өмір», т.б. өлеңдерінде Абай зерделеген шындықтарды жаңаша пайымдай білді. Халыққа ғибрат ұсынған данышпандардың екеуі де түзу тіршілік жасаудың жолы білім, біліктілік пен адалдық, тазалық екендігін алға тартып, адам баласының бір-біріне мейірімді, қайырымды болуын Алла алдындағы парызы деп есептейді.                                 

Әдебиеттер:

  1. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы, 12 сәуір 2017 жыл
  2. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С. Дәуітов, [А.Құдайбердиев]. – Алматы: Жазушы, 1988 жыл
  3. Ізтілеуова Салтанат Далбайқызы. «Шәкәрім поэтикасы» автореферат. Алматы, 2007 жыл

Жанатаев Д.Ж., ф.ғ.к., доцент

Садуова Г.Б. ,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

 1-курс магистранты

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *