QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Райымбек, Райымбек

Автор:QAA.kz

Фев 9, 2021

Бүгін қазақтың маңдайына біткен алып тұлға, ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жасқа толған күні

Ақтабан шұбырынды.
Ақтабан шұбырынды…
Қадарсың қайда барып тұғырыңды?!
Қазақ жері- алып бір қара қазан,
Қазанда қайран жұртым қуырылды.


Ақтабан шұбырынды.
Қарғаған кім болды екен ғұмырынды?
Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды,
Шаппай тұрып, үйрендің тығылуды.


Ақтабан шұбырынды,
Ақ туың жығылулы.
Олақ қатын тоқыған алашадай,
Өрмегіңнің арқауы суырылды.
Жәннатыңды жамсатып жау орнады,
Жатқаны анау өртеніп қара орманың.
Туырлығы туралып, тоқым болып,
Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың.


Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,
Өтті күнің, cop қатып маңдайыңда.
Кетті қымыз жауыңның тандайында,
Кетті қызың жауыңның борбайында.


Ақыныңа, серіңе, батырыңа,
Туысыңа қимаған, жақыныңа,
Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,
Тулап кетті жауыңның тақымында.
Нәлет айтып, кеш кірген ақылыңа,
Ана сүтің аузыңа татыды ма?!


Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар,
Бәрібір, пана болмас ауызға алар.
Бәрібір, моңғол шапсын, жоңғар шапсын,
Әйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар.


Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар,
Арнасында наласы жылап ағар.
Қандай жаудың болса да қарауылы —
Қазақ байғұс.
Қалқайып тұра қалар.


Өзіңнің тұрмағасын уысыңда,
Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!..
Жер шегімен шекараң шектелсе ғой.
Жатса ғой алып мұхит шығысыңда.
…Жалғанның жартысындай мынау өлкең
Кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба?!


Пайдаланып былығың-шылығыңды,
Жауың кен, шырылдатты шыбыныңды.
Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,
Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды,
Қайда босып барасың, қайда, қайда?
Ақтабан шұбырынды!
Ақтабан шұбырынды!!!
Ақтабан шұбырынды!!!


…Боса берген.
Артына қарамаған.
Өзіне жат өз жерін аралаған,
Тау қуысы, өзенді сағалаған.
Бірі барып құл болып Хиуаға,
Екіншісі орысты паналаған.

Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасынан үзінді

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *