2021 ж. Сәуір 14

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ҮЛКЕН САХНА

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары А.ЕСЖАНОВ:

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ҮЛКЕН САХНА

Халықаралық театр мерекесі Қызылорданың төрінде тым бөлек атап өтілді. 27-ші наурыздың көркін келтірген мерекеде қалалық «Жастар театры» бар өнерін салып, көрерменді таңқалдырды деп айтсақ артық болмас. Кештің қонақтары елге мәлім ӘмірТемір ағамыз бен жас өнер майталмандары болды. Салтанатты шара екі бөліммен жалғасты. Біріншіден жастарға бағыт алған «Жастар театры» өздерінің көрермендері үшін елге жақын образдар, әр адамның басынан өткен қуанышты да, қиындықты да суреттеп, қонақтардың жүрегінен жылы орын ала білді.

Оңталап Нұрмаханов бастаған театр ұжымы заманауи әуендерді қоса
отырып би де биледі, ән де салды. Әдетте театрдан тек қазақы қойылым көріп үйреніп қалған бізді жаңа бағытымен таңқалдырды. Жастың аты жас. Орысша әндер де орындалып, кезіндегі ел тыңдаған атақты әуендерге шолу жасап қайтқандай болдық. Сонымен қатар «Жастар театрының» жанынан ашылған жасөспірімдер театры да «Қыз қасқыр» қойылымын сомдап, жаңаша серпін берді. Бұл дегенің жақсы жаңалық. Театр жұмысы тоқтап қалмай, өнерге қызығушы шәкірттердің әлі де жетерлік екенін байқадық.

Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов: Халықаралық театрлар күнімен құттықтаймын. Өмірдің шынайы бейнеленетін киелі орнының бірі сахна. Сахнаның қаһармандары актерлар. Оларға бағыт-бағдар беруші рессижер. Осы одақ біріккен кезде тамаша дүние шығатыны анық. Алдыңғы аға буынның өнегесімен біздің жастарымыз сүрінбей келе жатыр. Бір пайыз талант болса, тоқсан тоғыз пайыз еңбек деп бекер айтпаған. Өмірдің өзі – үлкен сахна,- деді.

Сонымен қатар, қойылымдардан бөлек, театр ұжымына, актерларға түрлі номинациялар мен Алғыс хаттар табысталды. Оның ішінде жарық беруші секілді көзге елене бермейтін мамандықтарға басшылық тарапынан мадақтамалар берілді. Ал театр әртістері қала әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.
Өзге де марапаттар қатарында Бақтияр Есенов атындағы «Үздік эпизодтық роль», Үмігүлсім Бегімова атындағы «Үздік әйел адам бейнесі» және Якуда Халықұлы атындағы «Үздік ер адам бейнесі», Болат Қаржаубаев атындағы «Үздік би қоюшы», Серік Пірмаханов атындағы «Үздік суретші» номинациялары табысталды. Кештің басты қонақтарының бірі Хұсейн Әмір-Темір театр ұжымының еңбегін бағалап, «Жастар театры» тарапынан мол еңбек пен табандылық байқалатынын алға тартты. Тіпті Бекежанов атындағы театрдың тұрақты көрермендері «Жастар театры» тарапына ауысып жатқандығын да тілге тиек етті. Алайда, бұл жағдайға мен қуанамын деп, өз ұжымы атынан сыйсияпаттарын табыстады.
Өзге де басшылық пен әкімдік тарапынан екі 50 000 теңгелік және бір 100 000 теңгелік сертификат «Жастар театрының» қоржынына түсті. Кеш соңында елге мәлім суретші Серік Пірмаханов жайлы естеліктер айтылып, театр әртістері ел жүрегін елжіреткен, суретшінің рухына арналған көрініс қойды. Жақсы таңдалған дыбыс пен актерлік шеберліктің арқасында Серік Пірмахановтай дарынды суретшіні өмірде кезіктірмеген жұрт та туғанындай көріп, қойылымның әсерлілігінен көзіне жас та алды.

Иә, театр жұмысы осындай. Бірде күлдіреді, жылатады, қуантады, жұбатады. Тек бір уақытта ғана осылай жасау нағыз әртістердің ғана қолынан келеді епес пе?

Д.АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған