QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

МЕН ОНЫМЕН МАҚТАНАМЫН

Автор:QAA.kz

Сен 10, 2020

Сыр елін басқарған бірінші басшылар өздерінің қарым-қабілетіне сәйкес аймақтың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосты. Соның ішінде С.Шаухамановтың орны бөлек. Себебі өтпелі кезеңде, яғни, кеңес дәуірінен бұрын болмаған, бәрімізге түсініксіз нарықтық экономикаға өту кезеңінде ел басқару жүгі мойнына жүктелді. С.Шаухаманов және оның командасы осы сындарлы сәтте басқа өңірлермен салыстырғанда елді аса күйзелтпей, халықтың бірлігін, кадрлардың тұрақтылығын, азаматтардың амандығын, жұрттың салт- дәстүрін сақтай отырып елді тығырықтан алып шықты деп толық айта аламыз. Себебі осы өңірдің тумасы, халықтың ортасынан шыққан, облыстың жағдайымен етене таныс, ел басқарудың барлық сатысынан өткен, ұлтжанды азамат кадр таңдауда өңірдің тепе-теңдігін сақтай отырып, көп қателік жіберген жоқ. Соның арқасында еліне сыйлы, халқына қадірлі болды. Кезкелген ортада, елді мекендерде, аудандарда, ұжымдарда халықпен етене араласып, туындаған мәселелерді жеріне жеткізе түсіндіре білді. Елді сөзіне сендіре алды, ізіне ерте алды. Соның айғағындай зейнетке шыққаннан кейін де елінің бетіне тура қарап, облыстық ардагерлер кеңесін сексеннің сеңгіріне шыққанша басқарды. Оның беделінің арқасында ардагерлер ұйымының мертебесі өсіп, абыройы асып, республика ардагерлер ұйымы үлгі тұтатын дәрежеге жетті. Сондықтан облыстың бірінші әкімінің алғашқы бірінші орынбасары есебінде онымен бес жыл бірге түсінісіп, сыйласып, бірлесіп жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын. Шаухамановтың шекпенінен шыққан кадрлардың барлығы дерлік оның, елдің сенімін ақтады деп айта аламын. С.Шаухамановтың облыс орталығында ашылған тұғыртасы құтты болсын. Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның ісі. Ендеше Сыр елінің дарабоз, абыз ақсақалының мәңгілік ғұмыры Өзі өлгенше сүйіп өткен халқына құтты болсын.

Құрметпен Н.МҰСАБАЕВ

Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткері, Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері. Республикалық Жалаңтөс Баһадүр қорының президенті.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *