QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕРІНІҢ ЖОЛЫ НЕГЕ АУЫР?

Автор:QAA.kz

Авг 11, 2020

Әу баста балалық шақтың ең жарқын кезеңі мульт топтамалар жинағы болатын. Ел тәуелсіздігін алғанымен балалардың назары шетелдік мультсериалдарға тәуелді еді. Шетелдік туындылардың тұрақты көрермендерінің саны бүгінгі күннің өзінде сейілер емес. Оған қоса үлкендердің назарын аударатын бұл туындылардың сыры неде? Оның үстіне пандемия кезінде үйінде отырған миллиондаған бала аталған шетелдік туындылардың тұрақты көрермендеріне айнала түсті.

Айталық қазақ анимациясының ең жарқын туындысы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі еді. 1975 жылы АҚШ-та өткен мультипликациялық топтамалар жарысынан жүлделі орын иеленген  туындының авторы Әмен Қайдаров. Көпшілікке оның аталған туындысынан бөлек «Құйыршық», «Ақсақ Құлан», «Қожанасыр» сынды мультсериалдары таныс. Зер салып қарағанда қазақ анимациясының қоры қатты жұпыны емес. Десе де, мамандар тапшылғының лебі әлі күнге дейін сезіледі.

Ендеше қолда бар туындылар қалайша жұрт жүрегінен орын ала алмады?

Шетелдік блокбастерлермен қатар  отандық кинотеатр нарығында өзге елдің мультфильмдері қарқынды көш бастауда.  Әр көрсетілімнен түскен қаражат саны кейде миллиардтан асып жығылады.

Біріншіден: шетел өнімінде аса қатты тәрбиелік мән жатқан жоқ. Соған қарамастан  түрлі персонаждардың киімі сауда орындарында толып тұр. Оны көрген баланың ойы автоматты түрде сол туындыға тартып тұрады.

Екіншіден: Қазақ баласы көп нәрсені орыс тілінде көруді құптайды. Үйдегі тәрбинің жетегіне еріп орыс тіліне бейімделеді. «Өз тілін біле тұра өзге тілде сөйлесе қуаныш, өз тілін ұқпай өзге тілде сөйлесе қайғы» демекші тілдің рөлі басымдылық атқарады.

Маша мен аю саяси құрал ма?

Бастапқыда жағымды болып көрінгенімен ақыр соңы бұл мультсериал идеалогиялық мәнге ие бола бастады. Сонымен қатар, үлкендердің де санасын жаулады. Соңғы топтамаларында олар орыс елінің дәстүрін, ой сананы өзгертетін қылықтарды қосып көрермен санасын улапты. Әйтсе де, қазақ арналарының біразында дөңгеленетін бұл туынды көптің ықыласына бөленген. Бәлкім телеарналардағы рейтинг жинаудың әдісі болар немесе көрермендер санын осылайша арттырудың әккі жолдарының бірі шығар. Қай баланың ойын қоржынында болмасын осы екі персонаждың ойыншықтары бары хақ. Тұрақты кішкентай көрермендері Маша мен аю шырқайтын әнді әнұранға қарағанда жатқа айта алады. Бұл ойландыратын жағдай.

Ағайынды Краустар Алдар Көсені жандандырды

Бірнеше жыл бұрын жарық көрген отандық Алдар Көсе мультсериалы көптің ойында қалды. Тіпті базар сөрелерін іздеп жүре сатып алатындар саны көбейді. Ой шіркін, қазақең жарады деп қуанып жүргенде Артур мен Игорь Краустардың туындыға қосқан үлестерінің едәуір екені байқалды. Бұл мультфильмде барлық нәрсе  назардан тыс қалмаған. Дубляждау, саундтрек, образды ашу, сценарий сынды дүниелер тіпті анимациялық әсерлеу де зор рөл атқарды. Шетелдің туындысына жетпесе де отандық өнім қашанда ыстық. Бірақ, зерттеймін, үйренемін дейтін жас буын өкілдеріне қолдау білдіріп, шетелдік мамандар көмегінсіз өздігімізден жасауға болатын дүниелер жоқ емес.

Бір анығы қазақ анимациясына жауапты адам әдет-ғұрыпты бойына сіңірген болуы шарт. Ондаған жылдан бері ақсап тұрған бұл саланы жандандыру оңай емес. Десе де, баланы қызықтыра отырып оған тәрбиелік мән құюдың бір міндеті осы аниматорларда. Қашанғы шетелдік аниматорларды байыта бермекпіз?

Аниматорлар қашанғы соғыса бермек?

Басты мәселе шайқас жайлы мультфильмдердің көптігінде. Біз жоңғар мен қалмақ соғысын доғарғалы қай заман! Алайда, заманауи мультфильмдерде қанпезер персонаждар қаптап жүр. Заманға сай, қазақи батыр персонаж құрастыратын кез жетті. Шындыққа ғана негіздеп емес, фантастикалық әсерлеуді қосса тіптен жақсы. Ойлары тың идеяға толы жастардың басын біріктіріп, конкурс жариялаған абзал. Бізге мәлім «DISNEY» компаниясының өзі бүгінгі кезеңде көрермен бүлдіршіндерді алақанында қысып ұстап отырғанын ұмытпаңыз.

P.S: Балаңызға ойыншық таңдаңыз. Бірі Маша мен Аю болса екіншісі Қазақ батыры. Оның қай ойыншыққа ынтасы көп ауады екен?

Осы сәт – өзгерістер  уақыты.

Д. АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *